үй Әлем жаңалықтары Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі

Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі

0

275 Awrora

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Екіжақты кездесуде өнеркәсіптік кооперация жобаларын іске асыру, жеңіл өнеркәсіп пен қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Марат Қарабаев айтқандай, бауырлас мемлекеттер өнеркәсіптік кооперация саласында 2,2 млрд доллар сомасына 10,5 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 42 бірлескен жобаны іске асырып жатыр. Оның 29 елімізде болса, 13 жоба көршілес елде жүзеге асырылып келеді.

Сондай-ақ кездесу барысында көлік саласындағы жобалар, атап айтқанда «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» жаңа теміржол желілерінің құрылысы жан-жақты қаралды. Мәселен, Дарбаза стансасынан Мақтаарал стансасына дейінгі ұзындығы 106 шақырымдай желіні салуды көздейтін жобасын іске асыру «Сарыағаш» өткізу пунктіндегі жүктемені азайтып, жылына 10 млн тоннаға дейін қосымша жүк ағынын тартуға, сондай-ақ Түркістан облысының Мақтарал ауданын негізгі теміржол тармағымен байланыстыруға жол ашады.

Сонымен қатар келіссөздер қорытындысына сәйкес Марат Кәрімжанұлы мен Саидикрам Ниязходжаев екі ел арасындағы әуе рейстерін ұлғайту жолдарын қарастыруға келісті.

Қазір көршілес мемлекеттер арасында аптасына 20 рейс орындалып келе жатқанын айта кеткен орынды. Айталық, 5 рейс Астана – Ташкент, 14 рейс Алматы – Ташкент және 1 рейс Ақтау – Нукус бағытында жүзеге асырылуда.

Источник: dknews.kz

Exit mobile version