үй Әлем жаңалықтары Қазақстан Орталық Азиядағы зияткерлік меншік және контрафактілік өнімдерге қарсы күрес мәселелері жөніндегі...

Қазақстан Орталық Азиядағы зияткерлік меншік және контрафактілік өнімдерге қарсы күрес мәселелері жөніндегі семинарға қатысты

0

284 rob

Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтерінде Коммерциялық құқықты дамыту бағдарламасы (СLDP) мен АҚШ Сауда министрлігі ұйымдастырған Орталық Азияда зияткерлік меншік және контрафактілік өнімдерге қарсы күрес мәселелері жөніндегі семинар өтті, деп хабарлайды DKNews.kz. 

Семинардың мақсаты – Орталық Азия елдерінің мемлекеттік қызметшілерін зияткерлік меншікті (ЗМ) қорғау, атап айтқанда контрафактілік өімдерді әкелуге және әкетуге, оларды заңсыз сатуға қарсы күрес бойынша оқыту. Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) және Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары оқу семинарын өткізді.

Осы семинар аясында ЗМ-ті қорғаумен байланысты мәселелердің кең ауқымы, оның ішінде халықаралық ұйымдардың ЗМ-ті қорғаудағы рөлі, сондай-ақ дамып келе жатқан электрондық сауданы қоса алғанда, заңсыз саудаға қатысты сұрақтар қаралды. Іс-шараға қатысушылар сонымен қатар контрафактілік өнімнің таралуын жаһандық, өңірлік және ұлттық деңгейлерде алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі шаралар туралы хабардар етілді.

ЗМ қорғау мен контрафактілік өнімдерге қарсы күрестің реттеуші тетіктерін жақсарту қажеттілігі, бұған қоса оған барлық мүдделі тараптардың: мемлекеттік органдардың, бизнестің, үкіметтік емес ұйымдардың және сарапшылардың қатысу маңыздылығы талқыланды.

Интерактивті диалог барысында Орталық Азия елдерінің өкілдері, соның ішінде Қазақстан да өз елінің ЗМ қорғау және контрафактілік өнімдерге қарсы күрес саласындағы басымдықтары туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды.

Қазақстан тарапынан семинарға ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Кедендік операциялар бөлімінің, ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары департаментінің және ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің басшылары қатысты.

Қазақстандық делегация ЗМ қорғау және контрафактілік өнімге қарсы күрес саласындағы кооперацияға қызығушылық танытты. Еліміздің өкілдері Қазақстанның ұлттық заңнамасы қабылданған міндеттемелерге сәйкес ДЗМҰ-ның 19 негізгі шартымен және ДСҰ ТРИПС келісімімен үйлестірілгенін атап өтті. Олар сондай-ақ семинарға қатысушыларды «2022-2024 жылдарға арналған зияткерлік меншік саласын одан әрі дамыту жөніндегі жол картасының» Қазақстанда іске асырылу барысымен де таныстырды. Семинарды ұйымдастырушылар осы ЗМ дамыту жол картасына үлкен қызығушылық танытып, оның көшірмесін сұрап алды.

Кездесу соңында CLDP басшылығы ЗМ қорғау және контрафактілік өнімнің таралуына қарсы күрес мәселелері бойынша Орталық Азия елдерінің өкілдерімен жұмысты жалғастыруға ниет білдірді.

Источник: dknews.kz

Exit mobile version