үй Әлем жаңалықтары Қазақстанның дипломатиялық өміріндегі бір аптадағы маңызды оқиғалар

Қазақстанның дипломатиялық өміріндегі бір аптадағы маңызды оқиғалар

10
0

444 Арман

Қазақстанның дипломатиялық өміріндегі бір аптадағы маңызды оқиғалар

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 17 сәуір.

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуының негізгі қорытындылары туралы

2023 жылғы 14 сәуірде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Самарқанд қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты.

Отырыс барысында ТМД шеңберіндегі өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ Достастық алаңында көпжақты ынтымақтастықты жандандыру бойынша практикалық ұсыныстар қаралды.

Қазақстан СІМ басшысы отырысқа қатысушыларды еліміздің ТМД шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту тәсілдері туралы хабардар етті. Өткен жылдың қазан айында Астанада өткен ТМД саммитінде ұсынылған Қазақстан Республикасының бастамаларын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің «Орталық Азия – Ресей» форматындағы сыртқы істер министрлерінің отырысына қатысуының негізгі қорытындылары туралы

2023 жылғы 14 сәуірде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Орталық Азия – Ресей» форматындағы сыртқы істер министрлерінің алтыншы отырысына қатысты.

Қазақстанның дипломатиялық өміріндегі бір аптадағы маңызды оқиғалар

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары алты жақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.

Отырыс барысында делегация басшылары күш-жігерді көпжақты өзара іс-қимылдың стратегиялық маңызды бағыттарына шоғырландыруға, экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендігін білдірді. Негізгі назар өңірдегі сауданы дамыту, тауар айналымының құрылымын жақсарту және оның номенклатурасын кеңейту, өнеркәсіпте, көлік-логистика саласында, ауыл шаруашылығында бірлескен жобаларды іске қосу қажеттілігіне аударылды.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі Бас директорының Қазақстанға алдағы сапары туралы

2023 жылғы 18 сәуірде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің Бас директоры Рафаэль Мариано Гросси Қазақстан Республикасына сапар шегеді. Сапар барысында оның Мемлекет басшысымен, ҚР сыртқы істер, энергетика және денсаулық сақтау министрлерімен кездесулері, сондай-ақ Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытының аумағында орналасқан Агенттіктің Төмен байытылған уран банкіне баруы жоспарлануда. 

БҰҰ Бас хатшысының Саяси мәселелер жөніндегі көмекшісінің Қазақстанға алдағы сапары туралы

2023 жылғы 17-18 сәуір аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Саяси мәселелер (Еуропа, Орталық Азия және Америка) жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчаның сапары өтуде. Ол ү.ж. 1 наурыздан бастап БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы басшысының міндеттерін қашықтық форматында уақытша орындап келеді.

Сапар аясында еліміздің және Парламент Мәжілісі басшылығымен, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігімен кездесулер жоспарлануда. Сонымен қатар, ү.ж. 18 сәуірде Мирослав Енча Орталық Азия елдеріне арналған су тақырыбы бойынша семинарға қатысады. Аталған іс-шара БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының қамқорлығымен Алматы қаласында өтеді. Іс-шара 2022-2025 жылдарға арналған су-энергетикалық, экологиялық және климаттық салаларда Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты қолдау стратегиясы шеңберінде өтеді.

Қазақстан Сыртқы істер министрі орынбасарының Аустрияға алдағы сапары туралы

2023 жылғы 19-21 сәуірде Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысына қатысу мақсатында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Аустрияға сапары өтеді.

Сапар аясында Аустрия үкіметі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдерімен және халықаралық саясат саласындағы сарапшылармен екіжақты кездесулер көзделуде. 

Қазақстан-Беларусь саяси консультациялары туралы

2023 жылғы 19 сәуірде Астана қаласында сыртқы саяси ведомстволары басшыларының орынбасарлары деңгейінде Қазақстан-Беларусь саяси консультациялары өтеді.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев, Беларусь делегациясын — Сыртқы істер министрінің орынбасары Игорь Назарук басқарады.

Іс-шара барысында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жай-күйі мен перспективаларын талқылайды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібі мәселелері бойынша пікір алмасады.

БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының 70-ші сессиясы туралы

2023 жылғы 18-19 сәуірде Женевада Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының 70-ші сессиясы өтеді. Аталған сессияның тақырыбы – «Еуропалық экономикалық комиссия өңіріндегі орнықты даму мүддесі үшін цифрлық және «жасыл» трансформация».

Қазақстандық делегация бұл іс-шараға қатысуды және оның жоғарғы сегменті шеңберінде сөз сөйлеуді жоспарлауда.

Источник: dknews.kz