2310 Awrora
Фотосурет: Gov
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері ірі фин компанияларына ұсынылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Елшісі Азамат Әбдіраимов фин бизнесімен кездесу барысында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
Іс-шараға құрылыс, тау-кен, химия, ағаш өңдеу, азық-түлік және ауыл шаруашылығы салаларын ұсынатын ірі финдік компаниялар мен іскер топтардың өкілдері қатысты.
Қазақ дипломаты өз сөзінде ҚР-дың табысты әлеуметтік-экономикалық дамуы, Үкіметтің тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі белсенді күш-жігері және олардың көлемі, осы процесті заңнамалық қамтамасыз ету, «Kazakh Invest» АҚ, АХҚО және ҚР-дағы ірі халықаралық корпорациялардың қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып берді, сондай-ақ Қазақстанда өңірлік деңгейде ең жақсы инвестициялық ахуалдың бар екендігін және оның тиімділігін атап өтті.
Орталық Азия өңірінің көліктік-логистикалық әлеуетін кеңейтуге ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік маршрутының сауда қатынастарын арттырудағы және ҚР мен ФР арасындағы іскерлік байланыстарды орнатудағы өсіп келе жатқан рөлі аталып өтті.
Іс-шара барысында Елші Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Балтық жағалауындағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Бұдан әрі екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың перспективалық бағыттары ретінде инфрақұрылым, цифрландыру, энергетика, орман шаруашылығы, су ресурстарын басқару, тау-кен өнеркәсібі, білім беру және туризм белгіленді.
Өз кезегінде «EastCham Finland» бас директоры Яана Реколайнен мұндай іс-шараларды өткізу одан әрі жемісті ынтымақтастыққа серпін беретінін, Қазақстан мен Финляндияның іскер топтары арасында байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Финляндияның бизнес-қоғамдастығының өкілдері Қазақстанда инвестициялар тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, қазақстандық серіктестермен байланыстарды нығайтуға дайын екендігін білдірді.
Источник: dknews.kz