үй Әлем жаңалықтары ГИРКИН: Ресей АПАТ алдында тұр…

ГИРКИН: Ресей АПАТ алдында тұр…

13
0


                ГИРКИН: Ресей АПАТ алдында тұр…

Фото: Коллаж NEGE

Украина қарулы күштері тамыз айының аяғына қарай Ресей әскерін тас-талқан етіп жеңуі мүмкін. Мұның арты Ресей федерациясын алапат апатқа ұрындыруы ғажап емес.

Ресейдің әскери, мемлекеттік және саяси қайраткері Игорь ГИРКИН (Стрелков) осындай болжам жасап отыр. Оның пайымдауынша, майдандағы жағдай бір қалыпты көрінгенмен, ахуал өте күрделі.

«Мен не болып жатқанын түсіндіріп өтейін. Жазғы шайқас жүріп жатыр. Енді қарсылас майдан шебін талқандап, бұзып-жарып өтуді көздеп отыр. Запорожье майданына ерекше күш салып жатыр. Бахмутқа бұрын ұрысқа түспеген тың резервтерін төкті. Бір сөзбен айтқанда, дұшпан қай жерде болса да нәтижеге қол жеткізуге ұмтылады», – дейді Гиркин.

И.Гиркин. Фото: ғаламтордан

Оның айтуынша, украиналықтар толықтай «жермен жылжу» тактикасына көшкен. Оған снарядтарының өте көптігі мүмкіндік береді. Киев дәлдігі жоғары зымырандарын үнемдеп, санап жатқан да жоқ. Қарсылық көрсетіп жатқан ұрыс аймақтарындағы ресейлік бөлімшелердің соңғы адамына, соңғы техникасына дейін күл-талқан етпек. Бірақ жаппай шабуылға шығудан тартынып отыр. Өйткені, майдан шебін бұзу техника санына тікелей тәуелді емес екеніне көз жеткізген.

Қазір Украина әскері бірнеше бронды техникасы бар шағын шабуылдаушы топпен әрекет етіп жатыр. Қарсылық көрсеткен нүктелерді барлаушылары анықтайды. Сосын артиллерия дәлдігі жоғары зымырандармен соққы жасайды. 

«Әрине, бұл жаңа тактика емес. Бұл соғыс тәсілі Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері қолданылып келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кеңінен тарады. Бұл әдіс жылдам жеңіске әкелмейді. Әскерді титықтатады, біздің штабтарға, резервтерге, артиллерия орналасқан жерлерге соққы жасалады. Дұшпан өзінің ресурстарының көп екеніне арқа сүйеп отыр», – деп бағалайды Гиркин.

Оның пікірінше, соғыстың басталғанына 1,5 жыл болды, енді Ресей Украинаға қарағанда майдан алаңына аз солдат, аз техника шығарған. Қарсылас мобилизацияны бірінен кейін бірін жүргізді. Қазір Украинаның Одесса қаласында жаппай мобилизация жүріп жатқан көрінеді. Күзге дейін бір ғана осы шаһардан 100 мыңға дейін резервист жиналмақ.

«Одесса облысы жалғыз емес. Қажет болса, олар барлық жерде осындай шара жасай алады. Сондықтан 2 миллион адамның қолына қару беріп, сапқа тұрғызу – шекті нәрсе емес. Ал бізде бәрі тыныштық. Мобилизация жөнінде ешкім тіс жарып жатқан жоқ. Бізде бәрі кеш болғанда іске кіріседі. Дұрыс дайындықтан өте алмайсың. Майдан үшін мұның әсері мынадай: Дұшпан қатары сиреген бөлімшелерін әкетіп, демалдырып, сарбаз санын толықтыра алады. Ұрысқа тың жауынгерлерді жібере алады. Ал бізде майданда сол баяғы бөлімшелер соғысып жатыр. Рас, қазір қорғаныста. Бірақ бұдан командирлер мен жауынгерлерге ешқандай жеңілдік жоқ», – дейді ол.

Коллаж: ғаламтордан

Гиркин осындай ахуалдың 58-арманияның қолбасшысы, генерал Поповты қызметінен кетіріп отырғанын алға тартты. Ол қоластындағы адам және техника ресурсы жетіспейтінін мәселе етіп көтерген еді. Аз кем демалдыруға, соғысқа қабілеттілігін сақтау үшін оларды алмастыруға мүмкіндігі жоқ екенін айтты.

«Мен ешқандай әскери құпияны жариялап жатқаным жоқ. Дұшпан әскеріміздегі ахуалды бес саусағындай біліп отыр. Тіпті, қосалқы бағыттардың өзінде жасақтау 70 пайыздан аспайды. Ал қызу ұрыс жүріп жатқан аймақтарда әлдеқайда аз. Былтыр жаздың аяғы мен күздің басында бұл көрсеткіш 20 пайыз болса, қалыпты жағдай болып есептелінетін. Бірақ біздің армия ұдайы шығынға ұшырап жатыр.  Ал қосымша көмек, тылдан келіп жатқан резервистер бітті», – деп алаңдайды Гиркин .

Оның сөзіне сенсек, бұл – дереу шара қолданылмаса, украиналықтардың Запорожьедегі ресейлік әскердің қорғанысын бұзып өтуге мүмкіндігі бар деген сөз. Ондай жағдайда, оларды ештеңе тоқтата алмайды. Машықтанған, жақсы қаруланған тәжірибелі әскерсіз қазір терең тылда орналасқан Суровикин линиясы да түкке тұрмай қалады. Бұл әскер талқандалса, украина қарулы күштерін тоқтататын Ресейде күш қалмайды.

«Мен біздің Бас штабтың бастығы, операция қолбасшысы  генерал Мумудың эмоциясын жақсы түсінемін. Одан бөлімшелер мен құрылымдарды ротациялауды талап етіп отыр. Герасимовтың соғысқа қабілетті бөлімдері атымен жоқ. Бары – майданда. Жоқ дегенде тактикалық резервте. Оларды алса, өзге аймақтарды әлсіретіп алады. Ал мобилизацияланған сарбаздардың машығы, тәжірибесі, қаруы жоқ. Оларды ұрысқа салу ештеңені шешпейді.  Техникасыз, тәжірибесіз, жібі түзу командирсіз, бұл бөлімшелерді қарсылас тас-талқан етеді. Ешқандай пайда бермейді», – деп түйіндейді Гиркин.

Ол Ресейдің әскери басшылығын ақтап алғысы келмейтінін айтты. Пікірінше, оларды әскери сот күтіп тұр. Саяси биліксіз қорғаныс министрлігі мобилизация жүргізе алмайтынын тілге тиек ете келе, майдандағы ахуалға Қорғаныс министрлігі ғана емес, Президент те жауапты екенін алға тартты.

Герасимов пен Шойгу. Фото: ғаламтордан  

«Дұшпан күшін сарқымай-ақ тамыз айының аяғына дейін майдан шебін бұзып-жарып өтеді деген қорқынышым бар. Президенттің орнында кім отырғаны белгісіз немесе президент шешім қабылдауға мүлде қабілетсіз. Біз жалпы мемлекеттік көлемде апатқа ұшырауымыз мүмкін».

Айта кету керек, Гиркин соңғы кезде Кремльді жиі сынға алып жүр. Гаага соты оны малазиялық «Боинг» ұшағын атып құлатты деп айыптап, сырттай өмірлік жаза кескен. Украина тарабы Гиркинді «террорист» деп таниды.  

Гиркиннің сөзі Қытай жазушысы әрі әскери сарапшы Хао ПЫҢФЕЙМЕН үндес шығып отыр. Қытайлық Ресейдің Украинадағы «әскери операциясының» құрдымға кетуін былай түсіндіреді:

«Ресей армиясы 200 мыңға жуық адам шығынына ұшырады. Қадыров Шойгуды ашық сынады, Пригожиннің бас көтеруі де Шойгумен есеп айырысу еді. Ресейдің 58-армиясының қолбасшысы Генерал-майор Попов та жоғары басшылықтың армия мен майдан шебін білмейтінін айтып, Қорғаныс министрлігін ашық сынға алды. Бұл адамзат тарихында қоластындағылардың басшылықты дәл осылай сынауы сирек кездесетін жағдай. Сол-ақ екен, Попов бірден қызметінен айырылды.

Си Цзиньпин. Фото: ЕРА

Суровикинмен басқа да генералдармен болған жағдайларға көз жүгіртсек, Ресейдің алдыңғы қатардағы әскер бөлімдерін басқаруы мен оларды тыл жағынан қамтамасыз ету жағдайы адам төзгісіз деңгейге құлдырағанын көреміз».

Сарапшының түюінше, соғыста тарихтағы ең нашар әрі күлкіге қалған бірінші әскери адам – Шойгу. Десе де, ол өзінің орынтағында нық отыр.

«Неге дер кезінде ауыспайды, ауыстырмайды? Жауабы өте қарапайым. Өйткені, оны президент жақсы көреді. Оны неге жақсы көреді? Орта деңгейлі қарапайым болғанымен, мойынсұнғыш, шын берілген. Әрі президенттің бұйрығын орындауға қабілетті, қолайлы адам. Өйткені, ол берген бұйрықтардың көбі шын мәнінде Президенттің өзінің айтқандары еді. Президент неге мұндай арамтамақтарды жақсы көреді? Өйткені, автократ басшылардың бәрі дарынсыз адамдарды жақсы көреді.

Екіншіден, мұндай көшбасшыларға өздерінің дарындылығын көрсетіп қалуы үшін осындай адамдар керек.

Үшіншіден, қабілетсіз басшыларға кез келген кінәні мойнына аса салатын біреу қажет», – дейді Хао Пыңфей.

#соғыс #гиркин #путин #шойгу #пригожин

Источник: nege.kz