2563 Awrora
Фотосурет: Gov
Исламабадта Қазақстан Президенті Жолдауының ережелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Қазақстанның өркендеуі: өңірлік ынтымақтастықты дамытуға арналған күн тәртібі» тақырыбында конференция өтті. Конференция ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын талқылауға арналып, оған саяси, дипломатиялық, іскерлік, сараптамалық және академиялық орта өкілдері, сондай-ақ Пәкістанның жетекші БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияға қонақ ретінде Пәкістанның Жоспарлау, даму және арнайы бастамалар министрі Ахсан Икбал Чаудри Пәкістан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмад Насим Вараич, Пәкістан экономикасын дамыту институтының проректоры Надим уль-Хақ, Аймақтық зерттеулер институтының президенті Джохар Сәлім және Пешавар университетінің профессоры Шабир Ахмад Хан шақырылды.
Қазақстан Елшісі Ержан Қыстафин өзінің алғы сөзінде Президент Жолдауының негізгі аспектілеріне тоқталып, елдің тұрақты дамуына бағытталған саяси жаңғырту және экономикалық трансформация шаралары туралы баяндады. Сондай-ақ Қазақстанның ұлттық күн тәртібінің елдің сыртқы саясатымен, оның ішінде Пәкістанмен екіжақты ынтымақтастық шеңберінде байланысына ерекше назар аударылды.
Өз сөзінде Дж. Сәлім өзара қолдау көрсету маңыздылығын және өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажеттілігіне тоқталды. ШЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық ұйымдар аясында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тиімді ынтымақтастықты атап өтті. Ол сондай-ақ екіжақты сауда, инфрақұрылым, энергетика және білім беру салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін баса айтты.
Өз баяндамасында А. Вараич екі ел арасындағы қатынастарда институционалдық негіздерді дамыту және нығайту маңызды екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Қарачи порты арқылы жүктерді мультимодальды тасымалдау жобаларының табысты жүзеге асырылғанын және Қазақстан мен Пәкістан арасындағы әуе қатынасын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Надим уль-Хақ Қазақстанның экономиканы әртараптандырудағы табысты қадамдарына тоқталып, бұл тәжірибені Пәкістан экономикасын дамыту үшін қолданудың маңыздылығын атады.
Ш. Хан Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші серіктес ретіндегі рөлін меңзеп, Қазақстандағы реформалардың бүкіл өңір үшін стратегиялық маңыздылығын көрсетті.
Қорытындылай келе, құрметті қонақ А. Чаудри өңірлік көлік әлеуетін ерекше атап өтіп, бұл әлеуеттің өңірдегі экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды факторға айналып отырғанын жеткізді.
Жалпы, конференция қатысушылары Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, олардың өңірлік ынтымақтастық әлеуетін ашудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар Пәкістанның саяси және экономикалық трансформациясы үшін Қазақстанның тәжірибесін жан-жақты зерттеудің қажеттілігі де айтылды.
Источник: dknews.kz