үй Әлем жаңалықтары ЖЖМ нарығы туралы: Біз Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмасын төмендетуге...

ЖЖМ нарығы туралы: Біз Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмасын төмендетуге мәжбүрміз

14
0

1089 Арман

ЖЖМ нарығы туралы: Біз Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмасын төмендетуге мәжбүрміз

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы барысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ұлттық экономика министрінің м.а. Әлібек Қуантыров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. Марат Қарабаев, энергетика министрінің м.а. Болат Ақшолақов, ауыл шаруашылығы министрінің м.а. Ербол Қарашөкеев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау министрінің м.а. Ажар Ғиният, оқу-ағарту министірінің м.а. Ғани Бейсембаев, мәдениет және спорт министрінің м.а. Асхат Оралов өз бағыттары бойынша жұмыс жоспарлары туралы баяндады.

Премьер-Министр Үкімет жұмысының негізгі басымдықтары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және халықтың өмір сүру сапасын арттыру екендігін атап өтті. Мемлекеттік органдар Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруда және Парламенттегі басым көпшілік «Аманат» партиясының бағдарламасын орындауға кірісті. Бұл ретте Мәжіліске өткен барлық партиялармен бірге белсенді жұмыс жүргізілетін болады. 

«Біздің алдымызда биыл экономикалық өсімді 4%-ға, ал орта мерзімді перспективада 5%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Экономикалық саясат бірінші кезекте, бизнесті қолдауға бағытталуы тиіс. Бұл орайда, негізгі салаларға тартылатын отандық және шетелдік инвестициялардың көлемін ұлғайтуымыз керек» Әлихан Смайылов

Оның айтуынша, жыл соңына қарай инфляцияны 2 есе төмендетуге, экспорттық әлеуетті, жаңа технологияларды дамытуға, заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты шараларды іске асыруға ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда, Үкімет алдында инфляцияны ескере отырып, халықтың жалақысының 4,6% деңгейінде нақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл ретте жұмыссыздық 4,8%-ға дейін төмендеуі тиіс. 

«Барлығымыз осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет» Әлихан Смайылов

Премьер-Министр сонымен қатар азаматтардың талап-тілектері мен өтініштеріне дер кезінде жауап беру бойынша жүйелі әрі нәтижелі жұмысты талап етті, олардың дені негізінен жұмыспен қамту, табысты арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және тіршілікке қажетті инфрақұрылым нысандарына қатысты.

Сонымен қатар, ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуін тежеуге жаңа тәсілдерді қолдану қажеттігін атап өтті. Оның ішінде өнімсіз делдалдарды жою, форвардтық сатып алуды белсенді қолдану және кәсіпорындардың кредиттік қаражатқа қолжетімділігін кеңейту қажет.

«Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру бойынша қосымша ұсыныстар беруі тиіс» Әлихан Смайылов

Үкімет басшысы тұрғындардың тарапынан айтылған арыз-шағымдардың көп бөлігі энергия объектілері мен жылу желілерінің жағдайына қатысты болғанын еске салды. Осыған байланысты биылдан бастап оларды жөндеу және реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыс басталады.

Премьер-Министр ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету және олардың бағасы туралы мәселелеріне жеке тоқталды. 

«Елімізде жанар-жағармай өндіру жыл сайын өсіп келеді. Сонымен қатар оны тұтыну көлемі де арта түсуде. Бірақ, ол ішкі тұтыну көлемінің өсуімен байланысты болып отырған жоқ. Бағасы айтарлықтай арзан болғандықтан, біздің отынды көрші елдерге тасып әкету үрдісі белең алды» Әлихан Смайылов

Мәселен, бензин құны Ресейде 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда 100%-дан жоғары. Нәтижесінде біз жанармай тапшылығына, әсіресе егін жұмыстарын дизель отынымен қамтамасыз етуде елеулі қиындықтарға кезігіп отырмыз. Бүгінде отандық мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеуде.

«Бензин мен дизель отынының бағасын одан әрі ұстап тұру елдің энергетикалық қауіпсіздігіне теріс әсер етуі мүмкін. Біз Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмасын төмендетуге мәжбүрміз. Бізде бұдан басқа жол жоқ. Әйтпесе, бір айдан кейін жанармай тапшылығына тап боламыз» Әлихан Смайылов

Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде: Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктері қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шараларды іске асырудың тиімділігін арттыруы, Сыртқы істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестиция тарту рәсімдеріндегі қордаланып қалған жүйелік проблемаларға жан-жақты талдау жүргізу және 1 ай мерзімде оларды жою жөнінде нақты ұсыныстар енгізу керек екенін атап өтті. «Атамекен» ҰКП-мен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, шағын және орта кәсіпкерлікті экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналдыру үшін оны қолдау бойынша кешенді жоспар әзірлеу керек. 

Әлихан Смайылов қазіргі уақытта бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп мемлекеттің түсінікті және болжамды фискалдық саясатын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу жүргізіліп жатқанын еске салды. 

«Салықтық әкімшілендіру толығымен тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделуі керек және бақылауды барынша цифрландыру қажет. Бюджет кодексінің жобасында мемлекеттік борыштың өсу проблемаларын шешуге, Ұлттық қордан берілетін трансферттерді төмендетуге, сондай-ақ барлық деңгейдегі бюджеттерді игерудің тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер көзделуі тиіс» Әлихан Смайылов

Үкімет басшысы елден Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі заң жобасын Парламентке уақтылы енгізілуінің, сондай-ақ стратегиялық жоспарлау сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, сарапшылар мен бизнес өкілдерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізуі тиіс. 

Экономиканың нақты секторындағы міндеттерге көше отырып, Премьер-Министр Тауар газын тиімді және ұтымды тұтыну жоспарын әзірлеу, депутаттық корпуспен жылу және электр энергетикасын реттеуге бағытталған заң жобаларын сапалы пысықталуын қамтамасыз ету және барлық коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін олардың алдын-алатын шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. 

«Біз қазірдің өзінде энергия қадағалау қызметін күшейтіп жатырмыз, сондай-ақ энергия кәсіпорындарының бірінші басшыларының жауапкершілігін арттырамыз. Тұтастай алғанда, елдің орнықты инфрақұрылымдық каркасының ұлттық жоспарын әзірлеуі тиіс. Онда инфрақұрылымдық дамудың барлық негізгі мәселелерін ашып көрсетіп, 2029 жылға дейінгі негізгі жобаларды белгілеу қажет» Әлихан Смайылов

Сонымен қатар, оның айтуынша, Су кодексінің әзірленіп жатқан редакциясында, әсіресе ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді басқару және су қорын үнемдеу бойынша түбегейлі жаңаша көзқарас қажет. Сонымен қатар Құрылыс кодексі арқылы құрылыс саласындағы барлық құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жоюы қажет. Премьер-Министр азаматтардың тарапынан қажеттіліктің өсуін ескере отырып, тұрғын үй саясатын қайта қарау қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, шекара маңындағы аудандарға қоныс аударғысы келетін азаматтар үшін тұрғын үй бағасын арзандатуға көңіл бөлу керек.

Үкімет басшысы атап өткендей, шекара маңындағы аудандарды дамытуда тиісті инфрақұрылымды басым қаржыландыруды қамтамасыз ету және жергілікті тұрғындарды қолдаудың жаңа шараларын көздеу, оның ішінде жалақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге үстемеақылар мүмкіндігін қарастыру маңызды. 

Әлихан Смайылов сонымен қатар заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агробизнес субъектілерін қолдау құралдарын жылдам жетілдіру есебінен геологиялық саладағы рәсімдерді жақсарту және оңайлату қажеттігін атап өтті. Мысалы, «Ауыл аманаты» жаңа бағдарламасы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға жеңілдікпен кредит беруді көздейді, бұл да ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. 

Мәселелердің әлеуметтік блогына көше отырып, Премьер-Министр мүгедектігі бар және оларға күтім жасайтын, сондай-ақ асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақылардың мөлшерін арттыруды және төлеуді қамтамасыз етуді және зиянды еңбек жағдайындағы жұмысшылар үшін арнайы төлемдер енгізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. 

Оның айтуынша, мұғалімдерді «қағазбастылықтан» арылтып, есеп беру жүктемесін азайту, экономиканың түрлі секторларынан бизнес өкілдерін тарта отырып, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету және медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды пысықтау қажет. 

ҚР МСМ желісі бойынша Үкімет басшысы бұқаралық спортты дамытудың, саламатты өмір салтын насихаттаудың, отандық фильмдердің үлесін арттырудың, сондай-ақ әдебиетті басып шығару мен таратуды ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті. 

Туристік саланың әлеуетін арттыру үшін Мәдениет министрлігіне инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сервисін жақсарту және осы салада бизнес жүргізу үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау мәселелерін пысықтау тапсырылды. 

«Біз Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған барлық міндеттерін шешуге тиіспіз. Шынайы бәсекеге негізделген нарықтық шарттарды және экономиканы демонополизациялауды қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды жаңғыртуымыз қажет. Әділетті әрі ашық салық жүйесін қалыптастырып, бюджет саясатын жетілдіруіміз керек. Еліміздің бүкіл өндірістік әлеуетін пайдаланудың, адам капиталының сапасын арттырудың маңызы ерекше. Ұзақ мерзімді перспективаға арналған барлық стратегиялық міндеттерді жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерді ескере отырып жүргізу қажет» Әлихан Смайылов

Источник: dknews.kz