Фото: AFP
Солтүстік Кореяның орталық телеграф агенттігінің хабарлауынша, президент Ким Чен Ын кеше брондалған пойызбен Ресей аумағына келді. Брондалған пойыз Примор өлкесіндегі Хасан станциясына тоқтаған.
Ал бүгін Ресей президенті Владимир Путин әріптесін «Восточный» космодромында қарсы алды. Солтүстік Корея президенті төрт жыл бұрын Ресейге келген еді.
«Сізді көргеніме өте қуаныштымын. Оның үстіне Республиканың құрылғанына 75 жыл толды, бостандық үшін соғыста ұлы жеңіске жеткендеріңізге 70 жыл, дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына да 70 жыл болды», – деді В.Путин.
Ким Чен Ынның да айтары бар екен: «Төрт жылдан кейін қайта келіп тұрмын. Бұл кездесу екі жақты стратегиялық қарым-қатынасты дамытады», – депті.
Фото: ғаламтордан
Космодромнан кейін екі ел басшылары «белгіленген жерге» жол тартты. «Белгіленген жердің» қандай нысан екені нақты айтылмады.
Батыс елдерін Ким Чен Ынның бұл сапары қатты алаңдатып отыр. Мәселен, АҚШ басшылары «Ким мен Путин Солтүстік Кореядан Ресейге қару-жарақ әкелудің жайын талқылауы мүмкін» деп есептейді.
Естеріңізге салайық, Ресей мен Солтүстік Кореяның 40 шақырымға жуық шекарасы бар. Ким Чен Ын брондалған пойызымен осы шекараны қиып келген.
#путин #соғыс #ын
Источник: nege.kz