үй Әлем жаңалықтары ОРТАЛЫҚ Азиядағы жанжал ОШАҒЫ: Қырғызстан бізге қалай қысым жасай бастады?

ОРТАЛЫҚ Азиядағы жанжал ОШАҒЫ: Қырғызстан бізге қалай қысым жасай бастады?

10
0


                ОРТАЛЫҚ Азиядағы жанжал ОШАҒЫ: Қырғызстан бізге қалай қысым жасай бастады?

Фото: Коллаж NEGE

Орталық Азияда жанжалдың жаңа ошағы пайда болуы мүмкін. Ресеймен 1991 жылдан бері стратегиялық әріптестіктіктегі Қырғызстан Қазақстанға қысым жасай бастады. Канада институтының халықаралық қатынастар институтының ғылыми қызметкері Роберт М.КАТЛЕР осындай тұжырым жасапты.

Ол Аsiatimes.com сайтына «Қазақстан Ресейге салынған санкцияларды бұзуды көздейтін Қырғызстаның қысымына қарсылық көрсетіп жатыр» деген тақырыппен екі ел арасындағы дүрдараздық туралы мақала жариялаған.

  • ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: Су СОҒЫСҚА себеп болуы мүмкін бе?

Канадалық сарапшының сөзіне сенсек, 2022 жылы ақпан айында Украинаға соғыс ашқалы бері Ресей мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық бір бағытта тереңдей түскен. Мәскеуге салынған санкцияларды айналып өту әрекеттерін қоса алғанда.

Жақында АҚШ Ресейге екі мақсатта қолданылатын технологияларды сатуды тоқтату үшін Қырғызстанға және Қазақстанға да қарсы жаңа санкция жария етеді деген ақпар бар екен. 

«Бішкек Қазақстанды осы схемаға қатысуға мәжбүр ету үшін  су ресурстарына деген Қырғызстанға тәуелділігін пайдаланбақ секілді», – деп түйіндейді сарапшы. 

Роберт М.Катлердің дерегінше, Қырғызстандағы қаскүнемдер Қытайдан, Еуропадан және басқа да елдерден екі мақсатта қолданылатын тауарларды сатып алып, контрабанда арқылы Ресейге өткізіп, ақша тауып жүр. Қырғызстан және Өзбекстан арқылы, Түркіменстан арқылы, сосын Каспий теңізі арқылы Ресейге дейін жеткізетін құпия дәліз жасалды.

Коллаж: NEGE

«Мұндай заңсыз сауда желісінің болуы Ресейдің санкцияны айналып өту әрекеттерін қолдау үшін халықаралық ойыншылардың неге әзір екенін айқын көрсетеді. Қазақстан арқылы төте жол бар. Алайда осы уақытқа дейін қазақ билігі мұндай жолдың құрылуына қарсылық көрсетіп келеді», – дейді саясаттанушы.

Сарапшының сөзіне қарағанда, ресми Астана екінші деңгейлі санкциядан ел экономикасының зардап шеккенін қаламайды. Әсіресе, елде кең ауқымды реформа жоспарын іске асырып жатқан кезеңде. Алайда ресми Астана контрабандистердің жолын ұдайы кескен емес. Қырғызстан сонда да Қазақстанға қысымды күшейткен.

«Кішкентай Қырғызстанның үлкен Қазақстанға ықпал ететін тетіктері жоқ секілді көрінеді. Десе де, Қазақстан Шу және Талас өзендерінің суына мұқтаж. Екі өзенде қырғыз жерінде бастау алады. Осы өзендердің ағысын реттейтін су қоймалары мен плотиналардың техникалық қызметі Қырғызстанның қолында. Бұл Қырғызстан үшін Қазақстанға ықпал ету тетіктерін береді», – дейді  Роберт М.Катлер екі ел арасындағы 2005 жылы, 2018 жылы, 2021 жылға суға қатысты дауларды тізбелей отырып.

Канадалық маманның пікірімен келісетін де, келіспейтін жағдайлар да бар. Қырғызстанның «өкпелеп», Қазақстанды айналып өтіп, Ресейге шығатын жолды іздей бастағаны құпия емес. Десе де, кейбір деректер саясаттанушының пікірлерін тым үстірт екені байқалады. Мәселе, бұдан да тереңде. Ахуал аса күрделі.

Шын мәнінде, Қазақстанға ғана емес, судың басында отырған Қырғызстанның өзі де биыл су тапшылығына тап келіп отыр. Кейбір су қоймалары құрғап қалған. Қырғыздар «судың бәрін Қазақстанға жіберіп, өзімізге ештеңе қалдырмады» деп өз билігін айыптап жатыр.

Мәселен, таяуда бұған байланысты Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Су ресурстары қызметінің директоры Алмазбек СОКЕЕВ: «Судың бәрін Қазақстанға ағызып жатқанымыз жоқ. Екі тарап та ортақ келісімдерді орындап жатырмыз. Суару кезеңінде Шу өзенінің 20 пайызын Қазақстанға беріп, 80 пайызын өзімізде қалдырамыз. 20 пайыздан артық ешкім де алмайды», – деп мәлімдеме жасап, ақталғандай болды.

Коллаж: ғаламтордан

«Орталық Азия елдерінің арасында су үшін жанжал болады» деген болжам ертеден айтылып жүр. Соңғыларының бірі – Blue Peace Central Asia ақпарат көзі. «Орталық Азия елдері су тапшылығының кесірінен қолға қару алуы мүмкін» деген нұсқаны ұсынған. Оларға сенсек, алдағы уақытта Қазақстан Қырғызстан мен Өзбекстанға кінәрат-талап қоя бастауы ықтимал. Өйткені, 2028 жылдан бастап Қазақстанда су тапшылығы 50 пайызға дейін өсетін көрінеді. Мұның ішінде ауыз су да бар.

«2030 жылға қарай Қазақстанның су үшін қолға қару алу ықтималдылығы өте жоғары. Жұрт «бұл – Орталық барлау басқармасының есебі» дейді. Есеп кімдікі болса да, ескеретін нәрсе бар. Швейцария қазірдің өзінде: «Жігіттер, қаруға жармаспай, үстелдің басына жиналып талқылаңдаршы», – деп келіссөз жүргізуге шақырып, жалынып отыр. Бұған қаржы да бөлді», – деп дабыл қақты ауылшаруашылығы сарапшысы Кирилл ПАВЛОВ.

Оның пікірінше, бұл – тек қана Орталық Азияның ғана емес, әлемдік мәселе. Түркістан, Жамбыл аймағындағы мұздықтар еріп, таусылуға шақ тұр. Алматы облысындағы мұздықтар да ери бастады. Аймақтағы елдер болса, проблеманы мойындамай, әрқайсысы көрпені өзіне тартып жатыр.

Десе де, ресми биліктің су тапшылығы мәселесі жөніндегі ұстанымы байсалды. Мәселен, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидулла АЗИДУЛЛИН ақпан айында көршілес елдер арасындағы жанжалды жоққа шығарып: «Қазақстанның саясаты – көршілес елдермен достық қарым-қатынас орнату», – деп мәлімдеген еді.

Фото: ғаламтордан

«Барлық трансшекаралық су объектілері бойынша келіссөздер жүргіліп жатыр. Бұрыннан жүргізіліп те келеді. Нақты айтатын болсақ, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан бірлесе отырып, 1992 жылы Сырдария өзені бойынша келісімге қол қойылған болатын. Сол келісім сақталуда. Жыл сайын келетін су көлемі, болжамды су көлемі жөнінде нақты мәліметтер алынып, бірге жұмыс істеп жатырмыз», – деп есеп берген-ді.

#қазақстан #қырғызстан #су #тапшылық #құрғақшылық #соғыс #қақтығыс

Источник: nege.kz