2673
Фотосурет: Akorda
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан-Ресей ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин бейнебайланыс арқылы Қазақстан-Ресей ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйледі.
Қазақстан Президенті жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, 20 жыл ішінде аталған форумның екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтатын тиімді алаңға айналғанын атап өтті.
«Сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастық тұрақты өсіп келе жатыр. Шын мәнінде, тауар айналымы арта түсті. Былтыр оның көлемі 27 миллиард долларға жетті. Бұл ретте сыртқы саудамыздың 20 пайызға жуығы Ресейдің үлесіне тиесілі. Ресейден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 25 миллиард долларға жуықтады. Жыл сайынғы инвестиция мөлшері де айтарлықтай артты: былтырғы қорытынды бойынша екі есе, яғни 3 миллиард долларға дейін ұлғайды. Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл еліміздегі шетелдіктердің қатысы бар кәсіпорындардың жартысына жуығын құрайды» Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы екі елдің түрлі саладағы ықпалдастығының негізгі бағыттарына тоқталды. Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Ресейдің отын-энергетика саласындағы ынтымақтастығы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді.
««Лукойл» компаниясымен бірге «Қаламқас теңіз», «Хазар» ірі кен орындарын игеруге кірістік. Бұл жобаға құйылатын инвестиция көлемі 6 миллиард доллардан асады. Бұдан бөлек, ресейлік әріптестер мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. 2022 жылы «Сибур» компаниясымен бірге Орталық Азиядағы ең ірі полипропилен өндірісін іске қостық. Зауыт жылына 500 мың тонна өнім өндіреді. Бүгінде бұл кәсіпорын қазақстандық өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өз өнімдерін Ресей, Қытай, Түркия және басқа да елдерге экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. «Татнефть» компаниясымен бірлесіп, қуаты жылына 340 мың тонна бутадиен шығаруға жететін жоба іске асырылып жатыр. Газ саласында да айтарлықтай табысқа қол жеткізілді. Ресей газы Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға алғаш рет тасымалдана бастады. «Газпром» компаниясымен Қырғызстанға көгілдір отын тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Ресейден Қазақстанға газ жеткізу мәселесі пысықталып жатыр» Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы бір жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанын еске салды. Президенттің пікірінше, оны іске асыру тараптардың энергетика секторындағы серіктестігін нығайтуға мүмкіндік береді.
«Көкшетау, Семей мен Өскемен қалаларындағы жылу электр станцияларының құрылысы бойынша нақты келісім жасалды. Серіктестігіміз жаңартылатын қуат көздері саласында да белсенді дамып келеді. Ресей тарапының қатысуымен елімізде жалпы қуаты 370 МВт болатын жобалар пайдалануға берілді. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында жақын арада 1 ГВт экологиялық таза қуат көзін іске қосу жоспарланған» Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент биыл Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасының қабылданғанына бес жыл толғанын айтты. Аталған бағдарлама аясында жалпы инвестиция көлемі 18,5 миллиард долларға жуықтайтын 93 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды.
«Биыл «Татнефть» компаниясының қатысуымен Саран қаласында жылына 3,5 миллион шина шығаратын зауыт ашылды. «КамАЗ» компаниясымен серіктестік негізінде машина жасауға арналған құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісі қолға алынды. Қазан айында Қостанайда жылына 40 мың тоннаға дейін шойын құймасын шығаратын ауқымды жоба іске қосылды. Келесі жылы көліктің қозғалтқыш белтемірінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауытты ашу жоспарланған. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі 29,5 миллиард доллардан астам 49 жоба іске асырылып жатыр. Бұл 20 мың адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар Жамбыл облысында «ЕвроХим» және «Уралхим» компаниялары минералды тыңайтқыштар өндіретін ауқымды жобаларға кірісті» Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге әлеуетті екенін айтты.
«Осы жылы диқандарымыз қамбаны астыққа толтырып, 27 миллион тоннаға жуық өнім жинады. Бұл рекордтық көрсеткіш еліміздегі тың жерлерді игерудің басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Бұдан бөлек, біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін бірқатар ірі жобаны бастадық. Таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізетін 116 тауарлы сүт фермасы салынады. Сондай-ақ жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, 850 миллион дана жұмыртқа шығаратын 11 құс фабрикасын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Елдеріміздің агроөнеркәсіп саласындағы экспорттық әлеуеті орасан зор. Бізге ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелес болмаған жөн. Бұл интеграцияға кері әсерін тигізеді. Керісінше, ауылшаруашылық өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына экспорттайтын негізгі хабқа айналуымыз қажет» Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистика құрылымын нығайтуды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Мұның Қазақстан мен Ресей үшін стратегиялық мәні зор. Еліміз 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жөндеп, 5 мың шақырымнан асатын жаңа темір жол салуды жоспарлап отыр.
«Елден тысқары жерлерде заманауи мультимодальді орталықтар мен «құрғақ порттар» желісін құруға басымдық береміз. Мұндай сәтті серіктестіктің бір мысалы – Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Селятино станциясындағы жаңа көлік-логистика орталығының құрылысы. Қытайдың Сиань қаласында жуырда ғана салынған қазақстандық терминал транзит дәлізінің екінші қиырынан жүк жөнелтеді. Осылайша, Қытай – Қазақстан – Ресей бағытындағы жүк тасымалы жүйесінің негізгі тірек бекеттері пайда болады» Қасым-Жомарт Тоқаев
Сонымен қатар Президент туризм секторын дамыту мәселесін қозғады. Қазіргі уақытта Қазақстан 86 мемлекеттің азаматына визасыз режим ұсынады және әлемнің 31 елімен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Бұдан бөлек, басты демалыс аймақтарына көлік қатынасын жақсартуға арналған дәйекті шаралар қабылданып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірлескен күш-жігер тараптардың қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, екі ел экономикаларының орнықты өсіміне берік негіз қалайтынын жеткізді.
«Көпқырлы ықпалдастығымыздың жоғары деңгейін сақтау қажет. Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасау үшін шекаралық рәсімдерді жеңілдету және сауда-логистикалық кедергілерді жою жұмыстарын жалғастырған жөн. Форум аясында қол қойылған келісімдер, сонымен қатар айтылған нақты бастамалар өңіраралық кооперацияның әлеуетін ашып қана қоймай, екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін» Қасым-Жомарт Тоқаев
ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Патрушев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының жетекшісі Ғалымжан Қойшыбаев сөз сөйледі.
Источник: dknews.kz