үй Астанада Елордада қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті (ФОТО)

Елордада қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті (ФОТО)

16
0

Оған 300-ге жуық бала қатысты


                        Елордада қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті (ФОТО)

Фото: Сұлтан Сейітов

Астанадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында қала әкімі атынан жаңа жылдық шырша өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл жыл сайын өтетін қаладағы басты жаңа жылдық көңілді шаралардың бірі. «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман» атты жаңа жылдық шыршаға барлығы 300-ге жуық бала қатысты.

Әр баланың асыға күтетін ерекше мерекесі – Жаңа жыл. Биылғы жыл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Балалар жылы ретінде аталып өтті. Бүгінгі мерекеде барша бүлдіршіндерді әп-әдемі кейіпте, көтеріңкі көңіл-күйде көргенімізге аса қуаныштымыз. Қымбатты балалар, сіздердің армандарыңыз асқақ, қиялдарыңыз ұшқыр. Сондықтан сіздерге тек жақсылыққа ұмтылуды, ақылды әрі білімді болуды тілеймін. Өздеріңіз сүйіп оқитын ертегідегі кейіпкер — ер Төстіктің батырлығын, тапқырлығын, білімділігін, бауырмалдығын бойларыңыңыздан көретін болсақ, еліміздің болашағы жарқын болатынына сенемін, — деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қала әкімінің құттықтауын жеткізіп.

Шырша тойына елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев те қатысып, балақайларға игі тілегін жеткізді.

Жаңа жыл — бұл әр баланың тағатсыздана күтетін мерекесі. Әсіресе, осы күні барлық бала тосынсыйдың көп болғанын қалайды. Жалпы, бұл жолғы жаңа жылдық шыршаға 9 жастан 13 жасқа дейінгі 300-ден астам ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан, ерекше білім беру қажеттілігі бар, мүмкіндігі шектеулі және білім, спорт, шығармашылық бойынша немесе қоғамдық өмірде жетістікке жеткен балалар қатысты. Мерекеге орай іс-шараға қатысушы бүлдіршіндерге қала әкімінің атынан сыйлықтар табысталды, -деді Басқарма басшысы.

Бір ерекше атап өтерлігі, осы жылғы шырша заманауи технологияларды қолдана отырып,  музыкалық-интерактивті шоу-спектакль форматында өткізілді. Декорация, сахнаның безендірілуі және ойын-сауық бағдарламасы кәсіби шоу-жарық, арнайы эффектілер және лазерлік шоумен сүйемелденді. Сондай-ақ, балалар Аяз ата мен Ақшақармен суретке түсетін  арнайы фото орын жасақталды.

Менің балам бұл шыршаны асыға күтті. Ол тіпті костюмін ауыстыру кезінде сыйлық жөнінде бірнеше рет сұрады. Бүгін керемет шоу болды. Бізге барлығы ұнады. Мен әуел баста тек аниматорлармен ойындар болады деп ойладым. Ал мұнда өздеріңіз көріп тұрғандай, кәсіби бишілер мен опера әншілері де өнер көрсетті. Баламның осы мерекеге қатысқанына қуаныштымын, — деді елордалық тұрғын Тоғжан Сыздықова.

Ал жаңа жылдық шырша соңында балалар сыйлық ретінде киім алуға арналған сертификат, тәттілер, жұмсақ ойыншықтар және спорттық рюкзактар алды.

 

 

 

Источник: kaz.elorda.info