үй Астанада Елордадағы №87 мектеп-гимназиясында ІІ республикалық шешендік өнер байқауы өтті

Елордадағы №87 мектеп-гимназиясында ІІ республикалық шешендік өнер байқауы өтті

11
0

Жарысқа респубикалық Абай желілік мектептерінен 22 оқушы қатысты


                        Елордадағы №87 мектеп-гимназиясында ІІ республикалық шешендік өнер байқауы өтті

Астанадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында Әдістемелік орталық пен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен желілік Абай мектептері арасындағы ІІ Республикалық «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы…» атты  шешендік өнер байқауы өткізілді, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл байқау Абай мектептерінің арасында ең алғаш Абай облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында өтті. Екінші мәрте №87 мектеп-гимназиясында жалғасты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов жас өрендерге ақ тілегін білдіріп, бәйгеге қатысатын жас сөз шеберлеріне ақ батасын берді.

Сонымен қатар, абайтанушы Алмахан Мұхаметқализы Абай мұрасына қатысты тың ақпараттармен бөлісті.

Жарысқа респубикалық Абай желілік мектептерінен 22 оқушы қатысып, төрт кезеңнен тұратын сайыста бақ сынасты. Қатысушылардың дауыс мәнері, киім мәдениеті мен тақырыпқа сай тапқырлық танытып амандасуы жеке бағаланды. Негізгі басымдық қатысушының шешендік өнеріне берілді.  

Ерғазы Манапұлы, Ұларбек Нұрғалым, Ұшқын Сейдірахман сынды сөз қадірін түсінетін тұлғалардан қазылар алқасы құрылып, әділ төрелігін жасады. Әр жұптың сайысынан кейін жеке-жеке пікір айтылып, қатысушыларға баға берілді.

Шешендік өнер байқауының соңы марапаттау рәсімімен аяқталды. Мектеп оқушысы Сейфуллин Насихатұлы байқаудың бас жүлдесіне ие болса, Әлихан Рахимбаев үздік өнер көрсетті.

Шара соңында мектеп-гимназияның директоры Айгүл Оңдағанқызы ауыспалы эстафетаны Мәшһүр-Жүсіп еліндегі Абай мектебіне табыстады.

Источник: kaz.elorda.info