үй Астанада Қорғаныс министрлігі елордалық соғыс ардагерін құттықтады

Қорғаныс министрлігі елордалық соғыс ардагерін құттықтады

13
0

Орталық ансамблінің әртістері ардагердің көңіл-күйін көтерді


                        Қорғаныс министрлігі елордалық соғыс ардагерін құттықтады

Фото: Қорғаныс министрлігінен

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары, генерал-майор Мұқан Дүйсекеев бастаған әскери қызметшілер Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Раиса Сафоничевамен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.

Биылғы шілде айында Раиса Егоровна 98 жасқа толады. 1943 жылы Минскіде қысқа мерзімді байланыс курсын аяқтағаннан кейін ол 2-ші Украина майданына жіберілді. Киевтен басталған жорық жолы Будапештте аяқталып, сол жерде Жеңісті қарсы алды.

Раиса Егоровна Сафоничева II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Украинаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да наградалармен марапатталған.

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагер әйелдері қан майданда ерлермен тең дәрежеде ел қорғап, тылдағы ауыр еңбекке тартылды. Сол арқылы Жеңісті жақындатты. Сондықтан да олар ерекше құрметке лайық, – деп атап өтті генерал-майор Мұқан Дүйсекеев.

Раиса Сафоничева мен Мұқан Дүйсекеевтің екеуі де жауынгерлік тәжірибеге ие. Раиса Егоровна – Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушысы, Мұқан Естайұлы – Ауғанстанда аты аңызға айналған полковник Борис Керімбаевтың жасағында ұрыс қимылдарына қатысқан. Сол себепті де қос ардагердің жастар тәрбиесіне қатысты әңгімелері жарасып кетті.

Кездесу соңында қорғаныс ведомствосының өкілі Мұқан Дүйсекеев Раиса Сафоничеваны көктем мерекесімен құттықтап, оған мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Ардагерге Қорғаныс министрінің атынан «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 30 жыл» медалін табыс етті.

Өз кезегінде Раиса Егоровна қорғаныс ведомствосының басшылығына ризашылығын білдірді.

Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің әртістері сыйлаған гүл мен аккордеонда орындаған музыкалық композициялар ардагердің көңіл-күйін көтерді.

Источник: kaz.elorda.info