238 Awrora

Талдықорғандағы «Айналайын» балалар үйінің жазғы демалыс-сауықтыру лагері келесі жылы қайта жаңғыртылады. Сол сияқты жаңа автобус балалар игілігіне берілмек. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа жыл қарсаңында «Айналайынға» арнайы барған облыс әкімі алдымен балалар үйіндегі мұражай бөлмесімен танысты. Мұнда балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, суреттер және басқа да шығармашылық туындылар қойылған. Сол сияқты балалар үйінің тарихынан ақпар беретін мәліметтер мен фотосуреттерді де көруге болады.

Балаларды мерекемен құттықтаған облыс әкімі:
«Өздерің білесіңдер, 2022 жыл Балалар жылы болды. Осыған орай елімізде, соның ішінде біздің облысымызда да түрлі іс-шаралар көптеп өткізілді. Сол байқаулар мен фестивальдарға, спорт пен өнер жарыстарына өздерің белсене қатыстыңдар, араларыңда жеңімпаз болған балалар да аз емес. Жаңа ғана мен осындағы мұражай бөлмесінен барлық марапаттарыңды, медальдарың мен кубоктарыңды көрдім. Біз сендердің жетістіктеріңе әрдайым қуанамыз, әрбір қадамдарыңа тілекшіміз. Қашанда осындай үздік, талапты, белсенді болыңдар. Сендердің жақсы білім алып, ақылды, тәрбиелі, өнерлі, еркін ойлы болып өсулерің үшін біз әрдайым қолдау көрсетеміз. Қазір осы жерден түлеп ұшқан жастар түрлі салада еңбек етіп жүр. Екі түлек осында тәрбиеші болып оралыпты. Біз әрдайым сендерді мақтан етеміз. Жаңа жылда барлық асқақ армандарың орындалсын. Жаңа жыл көңілдеріңе шуақ, өмірлеріңе көп жақсылық әкелсін! Сендерге жарқын болашақ тілеймін!» Бейбіт Исабаев

Сол сияқты келесі жылы Ескелді ауданы Көкжазық ауылындағы 100 орынды жазғы демалыс және сауықтыру лагеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін айтты.

«Жөндеу жұмыстарын ертерек бастаймыз, жазда балалар таза ауада демалып, ойнап, күш-қуат жинап алуы керек. Мұндағы қолданыстағы шағын автобустың тозып кеткен екен, сондықтан енді 44 орынды жаңа автобус сатып әпереміз» Бейбіт Исабаев

Ал балалар өз кезегінде тәрбиешілерімен бірге дайындаған шағын тетарландырылған көрінісі мен концерттік бағдарламасын ұсынды. Ән салып, би биледі, жаңа жылдық тақпақтар айтты.

Облыс әкімі балаларға ортақ сый ретінде телевизор тарту етті. Сол сияқты кішкентай бүлдіршіндерге тәттілер мен ойыншықтар берілді.

Атап өтсек, қазір «Айналайын» балалар үйінде 75 бала тәрбиеленуде. Балалардың жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, биылдың өзінде ұлдар мен қыздар арасында ауыр атлетикадан өткен Жетісу облысының жеке чемпионатында Қалибеков Рүстем ІІІ орын иеленсе, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің шағын футбол турнирінде «Айналайын» футбол командасы жүлделі І орыннан көрінді. Сол сияқты сурет байқауы, эко-блогерлер конкурсы, эссе жарысы сияқты көптеген білім және өнер жарыстарынан да топ жарып шыққан оқушылар бұл мекемеде жетерлік.

Источник: dknews.kz






