үй Қазақстан жаңалықтары Дала атмосферасы және жеңіс үшін күрес: Астанада 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер...

Дала атмосферасы және жеңіс үшін күрес: Астанада 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді

69
0

131 rob

Дала атмосферасы және жеңіс үшін күрес: Астанада 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді

Фотосурет: primeminister.kz

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде 2024 жылы Астанада өтетін спорттық іс-шаралар туралы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Қондыбаев Абылай Қанатұлы, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Корбозов Еркеғали Давлетханұлы мен “Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы” КММ басшысының орынбасары Сакипов Рауан Мәдениетұлының қатысуымен  брифинг өтті, деп хабарлайды DKNews.kz. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында биыл елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жайында айтқан болатын. Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.

Астанада 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 8-15 қыркүйек аралығында өтеді. 100-ден астам мемлекеттен 4 000-ға жуық спортшы қатысады. Аталмыш ойын бұған дейін 3 рет Қырғыз Республикасында 1 рет Түркияда өткізілген. 

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Қондыбаев Абылай Қанатұлының айтуынша, бүгінгі таңда Дирекция тарапынан барлық регламенттік құжаттар дайындалып, бекітілген. Қазіргі таңда қатысушы елдермен жұмыс жүргізіліп, 107 мемлекет өз қызығушылығын білдірген.    Көшпенділер ойындары негізгі 3 бағыттан тұрады: спорт, мәдениет және ғылым. Жарыс бағдарламасында спорттың 20 түрі бойынша 110 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Спорттық бағдарламада ұлттық ат спорт түрлері, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік және интеллектуалды спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіледі.

Сонымен бірге, әр түрлі этникалық 10 спорт түрі көрсетілім бағдарламасына енеді. Дирекцияның мәліметінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жаңадан спорттық нысан салынбайды. Ойындарды өткізуге негізгі 6 спорттық инфрақұрылым бекітілген. Олар: Астана-Арена стадионы, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны сарайында, «Қазақстан» жеңіл атлетика спорт кешені, Думан қонақүй кешені, Қазанат ипподромы. Отандастарымызды көшпенділер ойындары идеясы төңірегінде топтастыру, аудиторияның ауқымын Астана қаласының ауқымынан бүкіл елге  кеңейту мақсатында «Бірлік керуені» жобасы жүзеге асырылады. Қазір өңірлік әкімшіліктермен тығыз байланыс орнатылған. Мәдени бағдарламаның негізгі алаңы «Қазанат» ипподромына іргелес 10 гектар аумақта орналасатын «Көшпенділер ғаламы» Этноауылы болмақ. Ал Ұлттық мұражайда этноспортты дамытудың түрлі аспектілері зерттелетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланған. 

Сонымен қатар, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Корбозов Еркеғали Давлетханұлы Астанада жоспарланған ауқымды жарыстар мен саладағы жаңалықтар туралы тұрғындарға ақпарат берді. 

Елордада халықтың денсаулығын нығайту мақсатында 4 ауданда дене шынықтыру – сауықтыру комплексінің құрылысы жоспарланған. «Көктал-2», «Өндіріс» и «Үркер» ықшам аудандарындағы комплексте 10 спорт түрі бойынша 1000-ға жуық бала қатысады. Жыл соңына дейін «Теміржол» массивінде комплекс іске қосылу жоспарланған. Астана қаласында 1000 адамға шаққанда халықтың спорттық инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз етілуі 34,25%-құрайды. Көшпенділер ойынынан басқа, 27 қаңтар күні Қазақстан астанасы өз тарихында алғаш рет World Indoor Tour Gold – Astana Amoor meet for Amin Tuyakov Prizes сериясында жеңіл атлетикадан беделді жарыстарды өткізеді. World Indoor Tour Gold әйгілі «Гауһар лига» сериясының аналогы болып саналады және жыл сайын әлемдегі ең мықты спортшылардың басын қосады. Турнирге елордаға 45 елден 136 спортшы жиналады. Айта кетсек, World Athletics талаптарына сәйкес, жүлде қоры әр жарыс бойынша кемінде 7 мың АҚШ долларын құрайды. World Athletics Indoor Tour – бұл 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жабық жеңіл атлетикадан жыл сайынғы жарыстар сериясы.

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) 2024 жылғы спорт кестесіне сәйкес, Qazaqstan Barysy Grand Slam 2024 жарысы Алматы қаласынан Астана қаласына ауыстрылды. Турнир 10-12 мамыр күндеріне жоспарланып отыр. Бұл жарыс 2024 жылғы Париж Олимпиадасына рейтингтік ұпай беретін соңғы Grand Slam жарысы болады. Grand Slam жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бірінші орын -үшін 1000 ұпай, екінші орынға 700 ұпай, үшінші орын үшін 500 ұпай беріледі. Ересектер арасындағы грек-рим, әйелдер және еркін күрестен 1-5 ақпан күндері аралығында Астана қаласында ел біріншілігі ұйымдастырылады. Ұлттық біріншілікке еліміздің 17 облысы мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан келген спортшылар қатысады. Алдағы уақытта Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне орай арнайы концерттік бағдарламалармен қатар, қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұымдастырылып, құнды сыйлықтар беріледі. 

Сондай-ақ, наурыз айында көркем гимнастикадан халықаралық турнир өткізу жоспарда бар. 2024 жылдың қарашасына Астана қаласында самбодан әлем чемпионаты жоспарланған. Биыл Астанада әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Ташкентте (Өзбекстан) өткен Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми отырысында хабарланды. Спикерлер спорт саласындағы жыл жаңалықтарымен бөлісіп, ұлттық спорт түрлеріне қызығушылықты оятуға, бұқара халықты денешынықтырумен айналысуға шақырды.

Источник: dknews.kz