үй Қазақстан жаңалықтары ЕХӘҚМ-де платформалық жұмыспен қамтуды заңнамалық реттеу мәселелерін талқылады

ЕХӘҚМ-де платформалық жұмыспен қамтуды заңнамалық реттеу мәселелерін талқылады

21
0

183 rob

ЕХӘҚМ-де платформалық жұмыспен қамтуды заңнамалық реттеу мәселелерін талқылады

Фотосурет: Gov

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (ЕХӘҚМ) платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен Glovo компаниясы өкілдерінің жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мемлекеттік органдар тарапынан іс-шараға ЕХӘҚМ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысты.

Кеңесті ашқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов түрлі интернет-алаңдарда жұмыс істейтін қазақстандықтар санының өскенін атап өтті.

«Қазақстанда платформалық жұмыспен қамту салыстырмалы түрде жақында пайда болды, бірақ соған қарамастан ол кең таралып отыр. Сараптамалық деректер бойынша Қазақстанда әртүрлі интернет-платформаларда 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Қазақстанда интернет-платформалар арқылы көрсетілетін ең көп таралған қызметтердің қатарына такси және курьерлік жеткізу қызметтері жатады» Ақмәди Сарбасов

Вице-министр мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамтуды дамыту үшін кедергілер мен шектеулер жасамай, интернет-платформаларда жұмыс істейтін адамдарды қолданыстағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне ресімдеу және тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Ақмәди Сарбасов сонымен қатар платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу бойынша жоспарланған жұмыстың негізгі кезеңдері туралы айтты.

«Біріншіден, салықтық әкімшілендіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруды бастау қажет, оның шеңберінде интернет-платформалар операторының орындаушылар үшін салық міндеттемелерін орындауы сынақтан өткізілетін болады. Екіншіден, жақын арада әлеуметтік кодекс пен бірқатар ілеспе заңнамалық актілерге түзетулер қабылданады деп күтілуде. Бұл интернет-платформаларда жұмысқа орналасу кезінде: жалдамалы қызметкер немесе жеке тұлға/тәуелсіз қызметкер ретінде таңдау құқығын беруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, интернет – платформа операторы, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы өзара қарым-қатынас нақты реттелетін болады» Ақмәди Сарбасов

Ақмәди Сарбасов осы жұмыстың тағы бір негізгі кезеңі ҚР Салық кодексінде жаңа жеңілдетілген салық режимін және платформалық жұмыспен қамтылғандар үшін қарапайым тіркеу рәсімін енгізуді белгіледі.

Вице-министрдің айтуынша, кешенде көрсетілген шаралар дара кәсіпкер ретінде тіркелу қажеттілігінсіз осындай сервистерде орындаушы ретінде тіркелген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыспен қамтылған халықтың едәуір бөлігін «көлеңкеден шығаруға» және олардың табысын заңдастыруға ықпал ететін болады.

Кеңеске қатысушылар интернет-платформаларды пайдалана отырып қызмет көрсететін тұлғаларды салықтық әкімшілендіру бойынша пилоттық жобаны іске асыру үшін одан әрі өзара іс-қимыл, оның ішінде техникалық интеграция бөлігінде өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, кездесу барысында курьерлік қызметті ресімдеу мәселелері және ҚР Салық кодексіне енгізілетін түзетулер қаралды.

Источник: dknews.kz