үй Қазақстан жаңалықтары Жетісуда жүйелі проблемалық мәселелердің Картасы әзірленеді

Жетісуда жүйелі проблемалық мәселелердің Картасы әзірленеді

22
0

313 Awrora

Жетісуда жүйелі проблемалық мәселелердің Картасы әзірленеді

Кеше Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Онда өңірдің 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2023 жылдың міндеттері туралы мәселелер қаралды. Жиында Бейбіт Исабаев бір ай ішінде облыстағы жүйелі проблемалық мәселелердің Картасын әзірлеуді тапсырды. Картадағы ақпарат тұрақты өзектендіріліп отыруы тиіс.

Жиында облыс әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша баяндамалар жасады. Мәселен, Жеңіс Тұяқов өз сөзінде өңір экономикасын дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып өнеркәсіпті өркендету, жаңа өндірістер ашуға инвесторлар тарту, тауарлы сүт фермаларын, жылыжайлар ашу, балық шаруашылығын ұйымдастыру, жасыл энергетиканы дамыту жұмыстарын қолға алу керектігіне тоқталды. Бұл ретте еліміздегі су ресурстары қорының 65% біздің облыста, сол сияқты жел энергиясының әлеуеті әсіресе Жоңғар қақпасында жоғары, өңірдегі күн энергиясының да қуаты елеулі.  Бұл өз кезегінде Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал Көксу, Панфилов аудандары мен Текелі қаласында жаңартылған энергия көздерін дамытуға мүмкіндік береді.

Жетісуда жүйелі проблемалық мәселелердің Картасы әзірленеді

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, жалпы 2023 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 1% өсіріп, 322,7 млрд. теңгеге жеткізу көзделген. Оған жүйеқұраушы кәсіпорындардың өнім шығару көлемін арттырудың, оларды жаңғыртудың және тоқтап қалған Ақсу қант зауыты мен Текелі тау-кен өңдеу комбинатын қайта іске қосу есебінен қол жеткізілмек.

Жалпы өткен жылы облыста өндіріс көлемі 1,9%-ға ұлғайып, 226,8 млрд. теңге болса, аймаққа тартылған инвестиция көлемі 16,3% артып, 269,7 млрд. теңгені құрады. 2023 жылы 8,3% өсіммен 328,0 млрд. теңге инвестиция тарту, сондай-ақ 918 жұмыс орнын құру арқылы 45,3 млрд. теңгеге 52 жобаны іске асыру жоспарланған.

Бұл ретте инвестициялық портфельге жобаларды енгізу кезінде аудан, қала әкімдері жобалардың мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырмай, соның салдарынан жоспарланған бірнеше инвестициялық жобалар қысқарған. Осындай жағдай Ақсу, Сарқан, Ескелді аудандарында орын алған. Ж.Тұяқовтың айтуынша, оған аудан әкімдерінің жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізудегі сылбырлығы, жоба бастамашыларымен кері байланыс орнатпауы себеп болып отыр. Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы жылы мұндай кемшіліктерге жол бермеу үшін аудан, қала әкімдері іске асырылатын, жоспарланған, әлеуетті жобаларды міндетті түрде пысықтап отыруы керектігін қатаң ескертті.

Жетісуда жүйелі проблемалық мәселелердің Картасы әзірленеді

Өңірдегі жетекші салалардың бірі – шағын, орта бизнесте экономикалық белсенді халықтың үштен бірі еңбек етеді. Сондықтан жергілікті жерлерде кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсету жалғастырылмақ.  

Жеңіс Тұяқов өзекті мәселелердің бірі ретінде ТҮКШ проблемаларына тоқталды. Соның ішінде инженерлік желілердің тозу деңгейін материалдық техникалық базаны жаңарту, желілерді жөндеу арқылы азайту, елді мекендерді газдандыруда құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын бақылау қажеттігін сөз етті. Сол сияқты жолдар сапасына қатысты тұрғындар жиі шағымданады. Жыл сайын жолдарды жөндеуге 25 млрд. теңгедей қаржы бөлінгенімен, жол құрылыстарын жобалаудың сапасыздығы, эксплуатация талаптарының сақталмауы, жергілікті жерлерде техникалық қадағалаудың жоқтығы бірқатар кемшіліктерге жол беріп отыр. Осыған байланысты аудан, қала әкімдері осы мәселелерге баса көңіл бөлуі тиіс.

Сол сияқты облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев та ауыл шаруашылығы, құрылыс салалары бойынша талдау қорытындыларымен таныстырды. Мәселен, өткен жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 510 млрд. теңгені құрады. Бұл өсімнің негізгі үлесі мал шаруашылығына тиесілі, сүт өндірісі 7,8 пайызға, ет өндірісі 2,6 пайызға артып отыр.

Дегенмен бірқатар проблемалар да бар. Өңірдегі 9 сүт зауытының қуаттылығы 80 мың тонна болса, 64,8 тоннасы ғана өңделеді немесе 81 пайызға жүктелген. Облыста бірде бір құс етін өндіретін құс фабрикасы жоқ. Осы мәселені шешу үшін Үлкен жобалар аясында Қаратал ауданында қуаттылығы 13 мың тонналық құс фабрикасын салу жоспарланған. Жалпы Ақсу, ЕскелдіКөксу аудандарында АӨК саласының көрсеткіштері төмен, Ескелді ауданында өткен жылы бірде-бір инвестициялық жоба іске асырылмаған. Осындай кемшіліктерге байланысты аудан басшылары тиісті іс-шаралар қабылдауы керек.

Спикердің айтуынша, өткен жылы пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 128,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, облыстың өңіраралық геоақпараттық жүйесіне енгізілді. Осы ретте Ақсу ауданы әкімдігі атқаруы тиіс мониторингілеу жұмысын облыстық жер қатынастары басқармасы мамандарының аяқтауына тура келген. Жалпы 2023 жылға қайтарылып алынатын жер көлемінің жоспары 220 мың гектар болып отыр.

Жетісуда жүйелі проблемалық мәселелердің Картасы әзірленеді

Жерлерді қайтару мәселесі бойынша облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев та бірқатар мәліметтер берді. Ол бір жарым жыл бұрын заңға енгізілген өзгерістер бойынша жергілікті жердегі әкімдер елді мекендер маңайындағы жайылымдық жерлерді мәжбүрлі түрде ала алатынын айтты. Ол үшін жайылымдарды басқару жоспарын әзірлеу керек. Мұндай жоспар Талдықорған мен Текелі қалаларынан басқа аудандардың ешқайсысында жасалмаған. Бұл өз кезегінде жайылымдық жерлерді қайтару жұмыстарының баяу жүруіне әкеп соқтыруда.

Ә.Жақанбаев өз баяндамасында заңсыз құрылыс және құрылыс жұмыстарының сапасы туралы мәселелерге де тоқталды. Бұл ретте Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс сапасын бақылаушы басты орган ретінде жұмысын жүйелі жүргізуі тиіс. Басқарма өз жұмысын тек тұрғындар шағымы бойынша ғана атқарып қоймай, құрылыс сапасын жақсарту жұмыстарында бастамашы болуы керек. Сонымен қатар жобалау мен құрылыс жұмыстарының сапасына техникалық бақылау жасайтын мекемелерді лицензиялау мен мамандарды аттестациялау ісі де жіті қадағалауды қажет етеді. «Құрылысты сапалы, уақытылы аяқтауға әсерін тигезетін фактордың тағы бірі — мемлекеттік сатып алудағы әлеуеті төмен және жергілікті емес, базасы жоқ мердігерлердің бағаны төмен ұсынып, ұтып алуы.  Бұған жол бермес үшін мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізгенде жергілікті мердігерлерге басымдылық беретін тетіктерді енгізу туралы орталық атқарушы органдарға ұсыныс енгізілуі қажет, сонымен қатар жауапсыз мердігерлерге уақытылы шара қолданып, жосықсыз деп тануға сотқа талап арыз беру керек  деп санаймын», — деді Ә.Жақанбаев.

Осы ретте тұрғын үйдің өзекті мәселелері туралы облыс прокуроры М.Басшыбаевтың айтқан мәліметтерін де келтіре кеткен жөн. Облыс прокурорының айтуынша өңірде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үйлерді бөлу кезінде бірқатар заңсыздықтарға жол берілгені анықталған. Талдықорғандағы коттедж қалашығындағы үйлердің сапасына қатысты да

«Коттедж қалашығында 200-ден астам үй салынып бітпеген, тек қаңқасы ғана тұр. 14 үйді әлі салып бастамаған. Мемлекетке келтірілген шығын жарты миллиард теңге. Тексеру жүріп жатыр. Халықтың әлеуметтік әлжауаз тобына берілген үйлердің құжаттарын заңдастыру жалғасуда. Тұрғын үйлердің бақылаусыз берілуі жекелеген адамдардың пайда көзіне айнала бастаған. Осы ретте бірнеше адам ұсталып, қылмыстық істер қозғалды. Қазір тұрғын үй беру кезегінің сақталуы мен үй берудің заңдылығы мен ашықтығын сақтау бағытында Талдықорған қаласы әкімдігімен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Электронды кезек қалыптастыру жұмыстары аяқталуға жақын», — деді М.Басшыбаев.

Облыс әкімі құрылыс саласындағы кемшіліктер туралы ойды жалғастыра келе, тиісті басқармалар мен жергілікті әкімдердің баса назар аударуға тиіс мәселелерін атап өтті:

— Құрылыс сапасы әрдайым алғашқы орында тұруы керек. Сапасыз салынған жаңа құрылыс аз уақытта апатты құрылысқа айналып, тұрғындардың өміріне қауіп туғызуы мүмкін. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуден бастап құрылыс жұмыстарының барлық кезеңдеріне қатаң бақылау болуы керек. Бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан құрылыс объектілерін сапалы қабылдап алудың бірыңғай тәртібін белгілеу қажет. Жалпы алғанда, аудан әкімдері тапсырыс беруші болмаса да, өз өңірінде жүргізіліп жатқан құрылыс немес жөндеу жұмыстарына тікелей жауапты. Осы ретте Мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау басқармасы 10 күн ішінде осы мәселе бойынша ұсыныс енгізсін, — деді облыс басшысы. Сонымен қатар жобалық сметалық құжаттардың сапасыз дайындалуы да көптеген кемшіліктердің туындауына себеп болатынын айта келе, ЖСҚ-ға техникалық тапсырыс беру барысындағы техникалық кеңестің құрамына жобаға қатысы бар басқармалардың басшыларын міндетті түрде енгізуді және құрылыс басқармасына осыған байланысты ұсыныстарды екі апта ішінде дайындауды міндеттеді. Сол сияқты құрылыс басқармасына үлгілік жобалар жасау, жобаларды қайта пайдалану туралы тапсырмасының орындалу барысы жайлы мардымды жауап ала алмаған Бейбіт Исабаев осы және құрылыс саласындағы басқа да жол берілген кемшіліктер үшін құрылыс басқармасының және сәулет-құрылыс басқарамасының басшыларына және экономиканың негізгі салаларынан төмен деңгей көрсеткен Ескелді ауданының әкіміне тәртіптік шара қолданылатынын айтты. Ал әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған жұмыстарда сылбырлық танытқан Ақсу ауданының әкімі Есім Базархановтың лауазымында қалу-қалмау мәселесіне қатысты жуырда бір шешім қабылданатын болады.

Жетісуда жүйелі проблемалық мәселелердің Картасы әзірленеді

Жиында жас ұрпақтың тәрбиесі жайлы мәселе де кеңінен талқыланды. Осы тақырыпқа байланысты облыс әкімі Бейбіт Исабаев жаңа оқу жылынан бастап  өңірдегі мектептерде әдеп-құқықтық тәрбие мамандары жұмыс істейтінін жеткізді. Соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы қылмыс, моральдық теріс қылықтарға қатысты басқа да резонанстық жағдайлар орын алғанын тілге тиек еткен Б.Исабаев осы ретте қабылданып жатқан іс-шаралардың тиімсіз болып отырғанын ашып айтты. «Сондықтан, әрбір мектепке жасөспірімдерді әдеп пен құқыққа тәрбиелейтін мамандық енгізу қажет. Білім басқармасы қажетті мамандарды конкурстық негізде іріктеп, жаңа оқу жылына, яғни осы жылдың 1 қыркүйегіне осы мамандықты толығымен енгізуге дайын болсын. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы алдағы болатын бюджетті нақтылау кезінде тиісті қаражат көлемін қарастырсын», — деді облыс әкімі.

Жетісуда жүйелі проблемалық мәселелердің Картасы әзірленеді

Жиын соңында өңір басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Аудан, қала әкімдері мен облыстық басқармаларға өзара бірлесіп, облыстың жүйелі проблемаларының Картасын бір ай ішінде дайындауды міндеттеді. Картада мәселелерді шешу механизмдері мен мерзімі көрсетіліп, шешілу барысы жөнінде ақпарат тұрақты өзектендіріліп отырылады. Оған қоса аудан, қала әкімдері халықпен кездесулер барысында көтерілген мәселелер бойынша Іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, оның мерзімінде орындалуын тұрақты бақылап отыруы қажет. Әкімдер қызметінің тиімділігін бағалауда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері ғана емес, олар басқаратын аумақтағы халықтың әлеуметтік көңіл күйі де ескеріледі.

Бейбіт Исабаев халықтың әл ауқатын көтерудегі тұрғын үймен, газбен және сапалы ауыз сумен қамту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен коммуналдық қызметтер тарифтері бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, шағын және орта бизнесті дамыту, медициналық қызмет сапасын арттырудың маңыздылығына ерекше екпін түсірді. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жалғастырылып, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық уақытылы жүруі тиіс.

Жетісуда жүйелі проблемалық мәселелердің Картасы әзірленеді

— Біздің облыс – негізінен аграрлық аймақ. Сондықтан осы салаға жаңа серпін беретін «Ауыл Аманаты» пилоттық бағдарламасына өңіріміздің шаруашылықтары көптеп қатысып, мемлекет тарапынан жасалып отырған мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануы тиіс. Жалпы 2022 жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындыладық. Бұл өздеріңізбен бірлесіп атқарған жұмысымыздың нәтижесі. Біздің әлі де пайдаланылмаған әлеуетіміз бен мүмкіндіктеріміз бар екенін бүгінгі жиында жан-жақты сөз болды. Сондықтан 2023 жылы да Президенттің тапсырмаларын, Үкіметтің алдымызға қойып отырған міндеттерін бірлесіп атқарамыз деп ойлаймын, — деді Бейбіт Исабаев.

Источник: dknews.kz