241 rob
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
2023 жылғы 17 қарашада Ұлттық қорғаныс университетінде «Қазіргі заманғы қауіптер мен сын-қатерлер кезеңінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы үшін әскери кадрлар даярлауды одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары» тақырыбында V-ші Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Конференцияны Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультеті ұйымдастырды.
Жиынға барлық күштік ведомстволардың, оның ішінде әскери жоғары оқу орындары мен ҚР ҰҚК Академиясының, ҚР ТЖМ мен ҚР ІІМ Академиясының өкілдері, сондай-ақ Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары Академиясының және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері жиналды. Сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан елінің өкілдері де болды.
Халықаралық конференцияны Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров ашты.
— Ұлттық ұлан факультеті озық факультеттердің бірі ретінде Қазақстанның құқықтық тәртіп әскерлері үшін әскери кадрларды даярлауды табысты жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, осы факультет офицерлері «Бас штаб академиясы» факультетінде және докторантурада оқиды.
Факультетте әскерлерде үлкен практикалық тәжірибесі бар профессор-оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Оқу үдерісі жоғары әдістемелік деңгейде қойылған. Факультет оқытушылары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы қойған талаптарға сәйкес білікті және бәсекеге қабілетті офицерлерді даярлау сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғастыруда, – деп атап өтті Қаныш Әбубәкіров.
Ғылыми-теориялық конференция барысында ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, философия докторы (PhD), Әскери ғылымдар Академиясының профессоры, генерал-майор Бауыржан Әбжанов, ҚР ҚМ әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, доктор профессор, Әскери ғылымдар академиясының вице-президенті, Ресей және Қазақстан Әскери ғылымдар Академиясының толық мүшесі (академигі) генерал-майор Жұмабек Ахметов және ҚР Әскери ғылымдар Академиясының президенті, ғылым докторы, профессор Мұхтар Серкпаев баяндама жасады. Сондай-ақ 3-курс докторанты полковник Сулаймон Умарзода «Тәжікстан Республикасының Қарулы Күштері үшін әскери кадрлар даярлауды одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары» тақырыбында, ал Қырғыз Республикасының Құрлық әскерлері факультетінің магистранты полковник Ринат Мұхамбетов «Қырғыз Республикасында офицерлік кадрларды даярлау: даму тарихы мен келешегі» тақырыбында баяндамасын көпшілік назарына ұсынды. Жалпы алғанда конференцияда 10-ға жуық баяндамашы болды.
— Бүгінгі конференцияның тақырыбы қазіргі жағдайда өте өзекті. Қазақстан Республикасы Президентінің нұсқауына сәйкес қазіргі уақытта Ұлттық ұланды сандық және сапалық нығайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы нұсқауды іске асырудың маңызды бағыттарының бірі қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін жоғары білікті әскери кадрларды даярлау болып табылады. Ұлттық ұлан факультеті жедел-тактикалық басқару буынының әскери кадрларын даярлау жөніндегі кадрлар ұстаханасы болып табылады. Бүгінде факультет түлектері Ұлттық ұланның тактикалық, жедел және жедел-стратегиялық деңгейлерінде қызмет өткеруде, олардың екеуі мемлекеттік наградалармен – III дәрежелі «Айбын» орденімен және «Жауынгерлік ерігі үшін» медалімен марапатталды, — деп атап өтті Бауыржан Садықұлы.
Айта кету керек, Ұлттық ұлан бүгінде елдің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі болып табылады және қоғам мен мемлекетті қылмыстық және өзге де қол сұғушылықтардан қорғау жөніндегі сенімді қалқан болып отыр. Бұдан басқа, Ұлттық ұлан мемлекеттің әскери ұйымының бірыңғай жүйесіне кіреді. Сонымен қатар бейбіт және соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғауға қатысады.
Осыған байланысты Ұлттық ұланның әскери басқару органдары Қорғаныс министрлігімен және басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен елдің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық деңгейдегі әскери кадрларды даярлау мәселелері бойынша тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
Жалпы алғанда конференция нәтижелі өтті. Тыңдалған баяндамалар, ұсынылған мақалалар мен анықтамалық-талдамалық материалдар қазіргі заманғы талаптар мен уақыт шындығын ескере отырып, әскерлерді басқарудың ғылыми тәсілін, әскерлерді даярлаудың жаңа нысандары мен әдістерін әзірлеуге және енгізуге ықпал ететін болады.
Айта кетейік, конференция қорытындысы бойынша конференция материалдарының жинағы шығарылып, оған ISBN халықаралық кітап нөмірі беріледі.
Источник: dknews.kz