үй Қазақстан жаңалықтары Әлеуметтік қолдау: қазақстандықтарға Мүгедектігі бойынша жәрдемақы түрінде 484,3 млрд теңге төленді

Әлеуметтік қолдау: қазақстандықтарға Мүгедектігі бойынша жәрдемақы түрінде 484,3 млрд теңге төленді

38
0

208 rob

Әлеуметтік қолдау: қазақстандықтарға Мүгедектігі бойынша жәрдемақы түрінде 484,3 млрд теңге төленді

Фотосурет: ҚР ЕХӘҚМ

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 431 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 53,3 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер төленді, деп хабарлайды DKNews.kz.

2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 537 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 176,1 мың адамды құрады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5% — ға өсті, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап орташа есеппен 14,5% — ға қосымша арттырылды.

Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурулардан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін – 89 248 теңгені, 2-топ үшін – 71 398 теңгені, 3-топ үшін – 48 681 теңгені құрайды.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер төленеді. Мәселен, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 97,5 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 62,4 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады, сондай-ақ 2023 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР Үкіметінің шешімімен олардың мөлшері 14,5% — ға ұлғайтылды.

1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 35 671 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша 36 800 теңгені құрады.

Источник: dknews.kz