157 Awrora
Фотосурет: С.Майлыбаев
Бүгін Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмилә Нұрманбетованың жетекшілігімен «Қазақстанның еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білімі бар мамандарды даярлау сапасын арттыру» тақырыбында комитеттің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
«Қабылданған шараларға қарамастан, еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білімі бар мамандарды даярлау сапасы бойынша мәселе әлі де өзекті болып отыр. Бүгінгі отырысымыз осы мәселеге және оларды шешу жолдарын әзірлеуге арналған», – деді жиынды ашқан Ж.Нұрманбетова.
Комитет төрайымы Мәжіліс депутаттары білім беру бағдарламаларын қайта қарау, оларды дайындауға жұмыс берушілерді тарту, ел экономикасы үшін талап етілетін кәсіптердің тізбесін әзірлеу мәселесін көтергенін атап өтті. Отырыс барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев және т.б. тақырыпқа қатысты баяндама жасады. Жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2021-2025 жылдарға арналған кадрларға ең көп қажеттілік инженерлік және педагогикалық бағыттар, жаратылыстану ғылымдары, IT-салалар және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда байқалып отыр. Сондықтан министрлік кәсіптер атласы жобасын қолға алған.
«Бүгінгі таңда ҚР Үкіметі айқындаған экономиканың басым 9 саласының атластары құрылды: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс», – деді министр.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі ғылым және жоғарғы білім, оқу-ағарту министрліктерімен, сондай-ақ Ұлттық палатамен бірлесіп Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу жөнінде шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
«Бүгінгі таңда әзірленген 623 кәсіптік стандарт бүкіл ел бойынша 2689 кәсіпті және экономикалық қызмет түрлерінің 27% шағын сыныптарды қамтиды. Бұдан әрі кәсіптік стандарттарда белгіленген талаптарды ескере отырып, білім беру ұйымдары білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Осылайша, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін кадрларды даярлау қамтамасыз етіледі», – деді вице-министр Олжас Ордабаев.
Бұл орайда Денсаулық сақтау министрлігі де заманауи сапалы медициналық қызмет көрсетуге қабілетті медицина қызметкерлерінің жаңа буынын дайындайтындарын айтты.
«Министрлік 2022-2023 жылдары денсаулық сақтау саласындағы 284 кәсіп бойынша 57 кәсіби стандарт әзірлеуді, жаңартуды және бекітуді жоспарлап отыр. Осы қыркүйектен бастап «Ауылға резиденттер!» пилоттық жобасы іске асырылуда. Оның аясында 29 мамандық бойынша 377 дәрігер-резидент еліміздің 156 клиникалық базасында 3 айлық тағылымдамадан өтеді», – деді вице-министрі Жандос Бүркітбаев.
Жиынға Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері, мемлекеттік органдардың, ЖОО, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын соңында айтылған ұсыныстар бойынша жұмысты әрі қарай пысықтау туралы шешім қабылданды.
Источник: dknews.kz