үй Қазақстан жаңалықтары Құрметтеу кеші өтті

Құрметтеу кеші өтті

14
0

194 rob

Құрметтеу кеші өтті

Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Кеңес Одағының батыры гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде ардагерлердің қатысуымен Отан алдында бір жыл бойы азаматтық борышын орындап, туған жерге оралғалы отырған сарбаздарды құрметтеу шарасы өткізілді.

«Ел қорғау – ердің міндеті» демекші, сарбаздар әскери борыштарын өтей отырып, өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды.  

– Құрметті сарбаздар, бүгін сіздермен қоштаса отырып, алдағы өмір жолына сәттілік тілейміз! Әрқашан Отан қорғаушы атын биік ұстап, әскери өмірден алған тәжірибелеріңді болашақта ұтымды да, лайықты пайдаланатындарыңа 5571 әскери бөлімінің қолбасшылығы және жеке құрамы атынан сенім білдіреміз! – деп полковник Бақдаулет Оспанбеков өз тілегін білдірді.

Өздерін бір жыл бойы жақсы жағынан көрсеткен ұландықтарға мадақтамалар, алғыс хаттар және 5571 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің ұйымы атынан сарбаздардың аналарына «Отан қорғаушының анасы» төсбелгісі табысталды. Жауынгерлік оқу кезеңінің сарбаздарына 2 жыл мерзімі бар жоғарғы оқу орнына тегін түсу үшін сертификат табыс етілді.

– 5571 әскери бөлім басшылығы мен өз командирлеріме үлкен алғыс білдіремін. Осында жүріп қаншама өмірге керекті тәжірибе алдым. Ең алдымен, өз Отанымның алдында борышымды өтеп шықтым. Жас шақырылымға сәттілік тілеймін, еңбек етіп, тер төгіп осындай құрметке ие болыңдар. Тағы да айтып өтерім, осы сертификат пен кез келген оқу орнына түсе аламыз, жас буынға бұл керемет мотивация деп ойлаймын, — деді қатардағы Аман Есмахан. Іс-шара барысында әскери бөлімнің ардагерлері де сөз сөйледі.

– Өсіп, ер жетіп келе жатқан ұрпақ сіздерсіздер. 5571 әскери бөлімін ұмытпай, алға қойған мақсаттарыңа жетіп, қазақтың туын асқақтатып жүріңдер, – деді 5571 әскери бөлімінің ардагері запастағы полковник Александр Зелинский.

Аға лейтенант Іңкәр Алтай

Источник: dknews.kz