
Биылғы жылдың алғашқы алты айында Қазақстан мен Румыния арасындағы тауар айналымы $821,6 млн-ды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,6%-ға төмендеді, деп хабарлайды LS.
Бұл ең алдымен Қазақстаннан Румынияға экспорттың 1,5 есеге азаюымен байланысты. Қаңтар-маусым аралығында Румынияға $734,4 млн-дың 1,4 млн тонна тауары экспортталды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2,2 млн тонна болған.
Экспорттың негізгі бөлігін құрайтын мұнай жеткізілімі де 1,5 есеге қысқарды. Бұған биыл наурыз айында Румыниядағы Petromidia мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеуге жабылуы әсер еткен болуы мүмкін. KMG International құрамына кіретін бұл кәсіпорын – елдегі қазақстандық мұнайды өңдейтін ең ірі зауыт.
Сондай-ақ, жүк көтергіш шығырлар (лебедка) экспорты 1,7 есеге азайып, 4 данаға дейін төмендеді. Маникюрге арналған жиынтықтар жеткізілімі де 2,4 есеге қысқарып, 2 келіні құрады. Дегенмен бұл тауарлардың экспорттағы үлесі айтарлықтай емес.
Сонымен қатар биыл Румынияға алғаш рет қысым датчиктері (3 дана), жалпақ прокат (20 тонна), сым (8 тонна), тыңайтқыштар (8,6 мың тонна), сондай-ақ, қыша мен мақсары тұқымы (122,9 тонна) экспортталды.
Кейбір тауарлар бойынша оң өсім тіркелді. Сұйытылған пропан мен бутан экспорты екі есеге көбейіп, 23,3 мың тоннаға жетсе, камералар, оның ішінде автокөлік камераларының жеткізілімі 10,7%-ға өсіп, 310 дана болды.
Сонымен қатар Румыниядан Қазақстанға импорт көлемі де азайды. Алты айда импорттың физикалық көлемі 9,4%-ға төмендеп, 7,6 мың тоннаны құрады. Ал ақшалай көлемі 2,2%-ға қысқарып, $87,2 млн-ға жетті.
Қазақстанға өнеркәсіпте қолданылатын арнайы бензин 1,2 мың тонна (-2,2 есе), киім-кешек 5,6 тонна (-20%), дәрі-дәрмек 128,3 тонна (-0,1%) жеткізілді.
Ал жүгері импорты 4,5 есеге өсіп, 195,3 тоннаға, күнбағыс тұқымы 1,8 есеге артып, 284,4 тоннаға жетті.
Сондай-ақ, Румыниядан әкелінетін сусабын көлемі 6%-ға (2,9 мың тоннаға), мақта 17,7 есеге (534,4 тоннаға), шаңсорғыштар 12,6%-ға (22,3 мың данаға) көбейді.
Бұдан бөлек, Қазақстанға Румыниядан өнеркәсіптік жабдықтармен қатар асүйге арналған электр плиталары, электр шәйнектері, кофеқайнатқыштар және микротолқынды пештер импортталды.
Источник: lsm.kz






