184 rob
Жалпы әскери қызметте көзге көріне бермейтін, алайда әскер қызметі үшін орасан зор үлес қосатын қызмет түрлерінің бірі – әскери бөлімдердегі қойма бастықтары. Ал әскери бөлімдердегі материалдық құндылықтардың өз дәрежесінде сақталуы, әскери қызметшілер үшін уақытында пайдаға асуы өте маңызды. Өйткені жауынгерлердің моральдық жағынан ғана емес материалдық жағынан да сапалы тылдық тұрғыдан яғни, азық-түлік жағынан болсын, киім-кешек жағынан болсын, техникалық болсын т.б. сапалы қамтамасыз етілуі — ол жауынгерлік қызмет барысындағы сәтті орындалатын тапсырмалардың басты себептерінің бірі. Арнайы маман офицерлердің әртүрлі қызмет бастықтарының қасында олардың әскери қызметтегі елеулі еңбектерінің нәтижелі болуының көрсеткіші — сол қызметтің қойма бастықтары болып табылады.
6506 әскери бөлімінде бірнеше жылдар бойы өзінің лауазымдық міндетін абыроймен атқарып келе жатқан әскери қызметшілердің бірі – киім-кешек қоймасының бастығы аға сержант Төлеген Омарбеков.
Алғашқы қызметін 2008 жылы 6506 әскери бөліміндегі жедел мақсаттағы батальонында взвод сержанты болып бастаған аға сержант Төлеген Омарбеков – әскери ұжымдағы командирлері мен сарбаздарды өзінің сыпайы, ақ көңіл, ақ жарқын, көпшіл, адал мінезімен баурап алды. Қандай жағдайда болсын сабырлық пен салмақтылық танытатын қасиеті оны өзгелерден ерекшелеп тұрды. Ротадағы әскери қызметшілер мен өзінің қарамағындағы взвод сарбаздарын тәрбиелеуде бірлікпен қатар сапалы білімін ұштастырып, офицерлердің нағыз бірінші көмекшісі бола білді.
Атқарған барлық істері мен материалдық құндылықтарға деген тыңғылықты көзқарасын, абыройлы да адал атқарған қызметін байқаған басшылар аға сержант Төлеген Омарбековке әскери бөлімнің барлық жеке құрамына арналған киім-кешек қоймасын сеніп тапсырады. Осылайша 2017 жылдан бастап қойма бастығы қызметін атқарып келеді. Әскери бөлімнің киім-кешек қызметінің бастығы аға лейтенант Дархан Нұрланұлы:
– «Мен бұл әскери бөлімге ауысып келгеніме көп болған жоқ. Осы жердегі қызметіме тез әрі оңай ғана кірісіп кетуіме себеп болған қойма бастығы аға сержант Төлеген Омарбеков болды. Аз күнде мен үшін таптырмас көмекші екенін байқатты. Қоймадағы әрбір заттың орны мен санын, сапалы пайдаланылуын құнттап, қадағалап отыратын нағыз маман. Оның әрбір әскери қызметшімен сыпайы қарым-қатынасы қызмет барысында ешқашан келіспеушілікке әкелмейді және бәрінің көңілін табуға тырысады», – дейді ол.
Ерен еңбек те еленбей қалмады. 15 жылға жуық әскери қызмет барысында бөлім командирінің, өңірлік қолбасшылық қолбасшысының, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының құқығымен бірнеше мәрте мадақтамалар мен әртүрлі дәрежедегі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгілермен марапатталды.
«Тегі жақсының – өзі жақсы» деген даналар сөзі бекер айтылмаса керек. Қазіргі Түркістан облысы киелі Отырар ауданы Ш. Қалдаяқов ауылында дүниеге келген аға сержант Төлегеннің ата-анасы да ауылындағы Абай атындағы жалпы орта мектептің білім саласының майталмандары, өз ауылының ғана емес, ауданның абыройлы азаматтары. Әкесі – Әлімбек Омарбекұлы оқу ісінің меңгерушісі болса, анасы Гүлдана Сабырқызы пән мұғалімі болып 40 жылдан аса қызмет атқарып, қазіргі таңда құрметті еңбек демалысында.
Ауылындағы орта мектепті аяқтаған соң «жігітке жеті өнер де аз» дегендей әртүрлі тұрмысқа қажетті заттарды дайындайтын шеберханада қол өнермен айналысады. Ер-тоқым, сандық, қамшы сияқты нағыз ұлттық дәстүрімізді насихаттайтын құнды заттар жасап, тұтынушылардан алғыс алады.
2000-2002 жылдар Республикалық ұланның 0111 әскери бөлімінде өзінінің әскери мерзімдік қызметін атқарады. Әскери борышын өтеп келген соң бірден қызметке кіріседі.
Шымкент қаласындағы «Зерде» дәріханалар желісінде қойма бастығы болып қызмет атқарады. Қызмет барысында жүріп Шымкент қаласындағы Заң академиясында «Заңгер» мамандығын алып шығады. 2004 жылы отбасын құрып үйленеді. Жары Дүрия Шәкіржанқызы да шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Жарқын болашаққа бастау болатын білім ғана екенін балаларының санасына құйып өсірген ата ана ретінде олардың бағы жанды. Бүгінде отбасынан өрбіген екі қыз, үш ұлдың үлкені —
Ботакөз Алматы қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің студенті – грант иегері. Ал ұлы – Бейбарыс болса физика-математикалық Н. Назарбаев мектебінде 9 сынып оқушысы.
Ұжымда ғана емес отбасында да нағыз әкенің, адал жардың үлгісі бола білген аға сержант Төлеген Омарбековтің шаңырағында ата-анасы да бірге тұрады. Ата мен әженің берекелі батасынан, кең дархан пейілінен, шексіз мейірімінен қуат алған жанұяның бақыты да баянды болғай деп тілейік.
Аға лейтенант Малика Шынжігітова, Шымкент қаласы
Источник: dknews.kz