
Түркістан облысында жаңа туристік нысандарды, оның ішінде шыны көпір мен зиплайнды салуға инвесторлар тартылмақ. Бұл туралы облыс әкімдігі LS-ке мәлім етті.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, Ақсу шатқалында экологиялық туризмді дамыту жоспарланған. Осы аясында ұзындығы 3,6 шақырым болатын электр желілері тартылады.
Сонымен қатар туристік нысанға баратын жолдар жөнделмек. Атап айтқанда, Ханарық – Ақсу шатқалы (9,96 шақырым), Қостөбе – шатқал (1,3 шақырым) және Мәдени – шатқал (1,3 шақырым) бағыттарындағы автожолдар жаңғыртылады.
Бұдан бөлек, туристік маршруттар абаттандырылып, үш тілдегі ақпараттық стендтер мен бағыттаушы белгілер қойылады. Санитарлық инфрақұрылым да салынады.
Сондай-ақ, инвесторларға ұсынылатын жер телімдері анықталып, олардың қатысуымен зиплайн, шыны көпір, шолу алаңдары, альпин-коастер және басқа да туристік нысандар бой көтермек.
Бұған дейін, LS редакциясы Алматы облысында туризм саласын дамытуға шамамен 93 млрд теңге бағытталатынын жазған болатын. Сондай-ақ, Алматы тау кластерін дамытудың 2025- 2029 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, бұл бағытқа 526 млрд теңге бөлініп, жоспарланған 73 жобаның 15-і Алматы облысында жүзеге асырылады.
Источник: lsm.kz






