
«ҚазМұнайГаз» Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларды атады, деп хабарлайды LS.
Ұлттық компанияның хабарлауынша, шілде айында KMG Kashagan тиесілі Nissos IOS танкеріне шабуыл жасалған. Оқиға салдарынан мұнай төгілген жоқ.
Ықтимал шығын көлемі барлық мән-жай ескеріле отырып, кейінірек қосымша бағаланады.
«ҚазМұнайГаз» мүдделі мемлекеттік органдармен және халықаралық серіктестермен бірлесіп, КҚК аймағындағы жағдайды тұрақты түрде бақылап отыр.
«Дипломатиялық арналар арқылы КҚК-ның қауіпсіз жұмысын және теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тиісті тараптармен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен бірге танкер тасымалдарын жоспарлау және жүзеге асыру кезінде тәуекелдерді басқару жөнінде қосымша шаралар қабылданып жатыр»,- деп хабарлады ұлттық компанияда.
Еске салайық, 30 шілдеде LS редакциясы Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында танкерлерге кезекті шабуыл жасалғанын жазған болатын. Сол кезде Маршалл аралдарының туы астында жүзетін, жүк жөнелтушісі «Теңізшевройл» (Chevron компаниясы) болып табылатын Nissos Sifnos танкеріне дрондар шабуыл жасаған.
Бұған дейін, танкерлерге бірнеше рет жасалған шабуыл салдарынан КҚК арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау уақытша тоқтатылған еді. Мұнай қабылдау 27 шілдеде қайта басталды.
Ал энергетика министрлігінің мәліметінше, шілде айында КҚК жұмысы үзілген кезеңде Қазақстан мұнай экспортын қамтамасыз ету үшін баламалы бағыттарды пайдаланды.
Источник: lsm.kz






