260 rob
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы балалар мен жас-өспірімдер спорт мектебінің базасында құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілері арасында волейболдан Ұлттық ұлан чемпионаты өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жарыс Ұлттық ұланның ХХІІ спартакиадасы аясында ұйымдастырылды.
Чемпионаттың мақсаты – әскери қызметшілердің дене шынықтыру дайындығы мен спорттық шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау.
Аталмыш додаға құқықтық тәртіп әскерінің «Оңтүстік» (Алматы қ.), «Орталық» (Қарағанды қ.), «Батыс» (Орал қ.) және «Шығыс» (Өскемен қ.) өңірлік қолбасшылықтары мен Ұлттық ұлан Академиясының (Петропавл қ.), 5573 (Астана қ.) және 6654 (Қаракемер кенті) әскери бөлімдерінен іріктелген командалар қатысты.
Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтті. Әр кездесу екі партиядан тұрды. Тең түскен командалар 15 ұпайға дейін қосымша партия ойнады. Әр партиядағы жеңісі үшін командаға – 1 балл, ұтылғаны үшін – 0 балл берілді. Чемпионат жеңімпазы кездесулердегі жеңіс санының көптігімен анықталды.
Үш күнге созылған волейбол жарысында І орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрама командасы иеленді. Былтырғы чемпионаттың жеңімпаздары — «Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрама командасы биыл ІІ орын алды. Ал ІІІ орын 6654 әскери бөлімінің құрама командасына бұйырды.
Сондай-ақ волейбол ойнауда шеберлік көрсеткен 6654 әскери бөлімінің оқу батальоны 3 оқу ротасы 1 взвод сержанты аға сержант Дәурен Шалқарбаев «үздік ойыншы», Ұлттық ұлан Академиясы дене дайындығы және спорт кафедрасының оқытушысы аға сержант Берік Әбілмажинов «үздік байланыстырушы», 5513 әскери бөлімінің 3 оқу ротасы 3 оқу взводы 1 бөлімшесінің сарбазы қатардағы Ғалымжан Абдугапаров «үздік шабуылшы», 5573 әскери бөлімінің ефрейторы Бахтияр Сеиткен «үздік қорғаушы» номинациясымен марапатталды.
Чемпионаттың жеңімпаз командасы мен үздік ойыншыларына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың бұйырығымен кубок, диплом және бағалы сыйлықтар табысталды.
Источник: dknews.kz