үй Қазақстан жаңалықтары Үздік офицер

Үздік офицер

12
0

237 rob

Үздік офицер

Бәйгеден оза шауып, үздіктердің қатарынан көріне білу – үлкен еңбекті, шыдамдылық пен қайсарлықты талап етеді. Осы ретте, ағымдағы жылдың желтоқсан айының 13-і мен 15-і аралығында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында батальон құрамындағы үздік офицерлер мен сержанттарды анықтау бойынша шешуші 3-кезеңнен алға шығып, топжарған офицер туралы айтатын боламыз. Ол Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінің 4-атқыштар батальонының штаб бастығы майор Азамат Таңанов.

Кейіпкеріміз бұл байқау-сынаққа екінші мәрте қатысып отыр. Алғаш рет 2021 жылы бағын сынап, сол кезде 3-орынды иеленген екен. Ал осы жолы «Үздік батальон штаб бастығы» атағына ие болды.

Үздік офицер

– Бұл байқау-сынақ негізі үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде – әскери бөлімде бағымызды сынадық, одан кейін өңірлік қолбасшылықтар арасынан алға шығып, міне, үшінші кезеңде Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында «Үздік батальон штаб бастығы» атағына ие болдым. Біз бұл сынақта мемлекеттік-құқықтық дайындығы, тактика пәндерінен, атыс пен дене шынықтыру, жалпы әскери жарғыларының талаптарын білу, радиациялық-химиялық биологиялық қорғанысы мен әскери құжаттама мен мемлекеттік тілдің игеруі бойынша сынақтар тапсырдық. Үш күн өткен байқауда осы аталған пәндерден тестілеуден өтіп, нормативтер тапсырдық. Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінен келген қарсыластарымның барлығы осал болған жоқ, бәрі де өте сауатты, кез-келген қиындыққа төтеп бере алатын өз істерінің хас-мамандары екенін дәлелдеген әскери қызметшілер, – деп байқау туралы өзойымен бөлісті.

Майор Азамат Таңанов қазіргі таңда Қарағанды облысы, Абай ауданы, Сангородок кентінде әскери қызметін атқарып жатыр. Ол қызмет ететін 4-атқыштар батальонына жүктелген міндет – түзету мекемесін күзету және қорғау, сонымен қатар сотталғандарды бақылау мен қадағалау болып табылады. Азамат Ержанұлымен сұхбат барысында оны өз ісіне адал, жауапкершілікпен қарайтын офицер ретінде таныдық.

Азамат Ержанұлы 2008 жылы орта мектепті аяқтағаннан кейін Петропавл Әскери институтына, қазіргі таңда Ұлттық ұлан Академиясының 4 оқу батальоны 7-оқу ротасының 1-взводына команда-тактикалық мамандығы бойынша оқуға түседі. Сонымен ол 2008-2012 жылдар аралығында әскери білім алып, қызметке төселіп, шыңдалады.

– Әскерге деген қызығушылығымды оятқан марқұм полковник Қанат Төлеңгітов болды. Себебі көктем кезінде мен оқыған мектепке келіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.Ұлттық ұланның қатарына қосылып, оқуға түсудің шарттары туралы түсіндірме жұмысын жүргізіп, менің әскерге қызығушылығымды оятты. Сөйтіп, әскери киім киіп, әскери адам болғым келді. Полковник Қанат Төлеңгітовтың әкесі Файзрахман ағай маған алгебра пәнінен сабақ беріп, менің сынып жетекшім болды. Ол кісінің жары, Қанат Файзрахманұлының анасы Сәкен Септенова мен оқыған мектепте ұстаздық қызмет етті. Ал Ұлттық ұлан қатарына қосылғаннан кейін жас курсанттардың әскери өмірге бейімделуіне сол кездегі рота командирі капитан М. Шпановтың еңбегі зор болды десем болады. Ол кісі
бүгінгі таңда әскер қатарында емес. Сонымен қатар қазіргі 6697 әскери бөлімінің командирі полковник Т. Әбдіровтың ақыл-кеңесі мен тәжірибесінің арқасында қазіргі күнге жеттік деп айтсам артық айтқандық емес. Тағы да басқа жетекшілеріміздің көмегінің нәтижесінде осындай нәтижеге жетіп, «үздік» атанып отырмыз, – дейді ол.

Азамат Ержанұлының айтуынша, кезкелген мамандықтың өзінің қиындықтары мен қызықтары бар. Өз ісін сүйіп, білгір маман болып, қызметіңді жақсы атқара білсең, нәтижеге жете аласың. Сондықтан ұнатқан мамандық иесі болуың керек екенін айтып өтті. Ол сонымен қатар,
Қазақстанның әр түрлі қалаларында
қызмет бабымен тағылымдамадан өтіп, әскери қызметтерде болған. Іссапармен Қостанай, Көкшетау, Ақмола облысының Державинск қалаларында болған.

Кейіпкеріміз еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысы (қазіргі Абай облысы) Аягөз қаласында дүниеге келген, бірақ балалық шағы Жарма ауданы, Үшбиік ауылында өткен. 1997 жылы Ақтайлақ би атындағы орта мектептің табалдырығын, сол мектепті 2008 жылы аяқтаған. Әкесі Ержан Таңанов 1966 жылы туылған, теміржол саласының қызметкері, ал анасы Күлтай Шаяхметқызы әлеуметтік қызметкер. Екі баланың әкесі, аяулы жары Айдана Қаныбековамен бақытты отбасы атанып отырған үлгілі жанұя. Тұңғышы – Алмат Ержан Абай қаласындағы орта мектептің 2-сыныбында білім алуда, ал қызы Айзада Ержанова 4 жаста, балабақшаға барып, ата-анасын тәтті қылығымен қуантып жүрген бүлдіршін. Отбасындағы үш баланың ең тұңғышы, өзінен кейін Нұрзат және Мақсат атты екі бауыры бар.

Өзі туып-өскен жанұясының тұңғышы болғандықтан болар кейіпкеріміздің
бойынан жауапкершілік пен тиянақтылықты байқадық. Сондай жақсы қасиетті меңгерген Ұлттық ұлан офицерін жетістікке жеткізіп отырған да жауапкершілігі болуы керек. Отбасына амандық пен қызметіне сәттілік тілей отырып, Азамат Ержанұлының әлі де талай асуларды бағындыратынына сеніміміз мол. Жеңісті, жемісті күндеріңіз көп болсын, Азамат Ержанұлы!

Құралай ЖҰМАҚЫЗЫ

Источник: dknews.kz