Басшының үйіндегі меймандарды күту, тіпті үйіне дейін тазалау мойнымызда дейді тәрбиешілер.
Фото: Видеодан алынған кадр Бөлісу Бөлісу Бөлісу
Түркістан қаласында «Бөбек» деп аталатын мемлекеттік балабақша қызметкерлері негізгі міндетімізді атқаруды қойдық деп наразылық білдірді, деп хабарлайды КТК.
Айтуларынша, меңгеруші жұмыс уақытында тәрбиеші мен бала күтушілерді лауазымды басшылардың үйін жинатуға жібереді. Балабақшы басшысы мұны, әрине, жоққа шығарды. Ұжымды жергілікті билік өзіме қарсы арандатып отыр дейді ол.
«Бөбек» балабақшасында қазір маза жоқ. Екі жыл бұрын тағайындалған меңгеруші ғимарат ішін әрлеу, мекемеге келген қонақтармен қоса, басшының үйіндегі меймандарды күту, тіпті үйіне дейін тазалау мойнымызда дейді тәрбиешілер.
"Біз салықтың бастығы, сосын еңбек инспекциясының бастығының, Қамбар Асылбеков деген кісінің үйін жинадық. Кірін жу дейді, әжетханасын жу дейді, ас үйін тазала дейді. Арасында маған видеоқоңырау шалып, «не істеп жатыр қыздар, қане көрсет» деп, Зухра апай, мына Асылзат әжетханасын жуып жатыр, Айнұр деген қыз бар қасымда, ол ваннасын жуып жатыр деп көрсетеді. Есеп тапсырамыз, иә. «Дұрыстап тазалаңыздар» дейді. Жинап тазалайтын заттарды, шүберекке дейін өзіміз сатып аламыз", дейді тәрбиеші Асылзат Таңатарова.
Соңғы кезде айлықты толық алу да мұңға айналып, асханадағы азық-түлікке дейін меңгерушінің үйіне таситын болдық дейді наразы қызметкерлер.
"Ол кезде ол қызметкерлердің ақшасы 121 мың теңге болатын. Ал бірақ 150 мың теңге деп аванс түсіреді, 9 қызметкерге, сөйтіп оны қайтадан төртеуінен есеп арқылы аударылса, бес адамнан қолмақол жинап алған. Содан кейін осы хабарды біз 24 қаңтар күні білдік. Сөйтіп ол кісіден сұрадық, «бұл не ақша, қандай ақша» десек, жауап беруден қашты", — деп атап өтті әдіскер Ләззат Ерәлиева.
Сонымен қатар, тіпті ас үйдегі тамақтар меңгерушінің үйіне жеткізілетіні айтылды.
"Кешегі келген ет, мысалы, 116 кг ет келетін болса, оның 30 кг еті меңгерушінің үйіне жеткізілді. Оны мен апарып берген жоқпын, жеткізуші өзі әкеп берген. Әр балаға 100 грамм еттен болуға тиіс, бізде 30 кг қысқарту керекпін ғой мен. Сол үшін мен 13 кг, кейде 12 кг ет берем. Яғни 100 грамнан тимейді, балдарға 60-50 грамнан тиеді", — дейді аспаз Ардақ Жұмашева.
Ал қарамағындағылармен бір жылдан бері текетірес жағдайында жүрген меңгеруші мұның бәрін жала деп отыр. Жұмысты талап етіп жақпай қалғанын айтқан ол, ұжымды жергілікті білім бөліміндегілер қарсы ұйымдастырып отырғанына сенімді.
"Мүмкін жоғары жақтан бұл кісілерге беріліп жатқан тапсырма шығар. Білім бөлімі тарапынан. Арамыз суық деп айта алмаймын. Өйткені бұл кісілер митинг ұйымдастырды, жұмыс уақытында. Сол кезде білім бөлімінің бас маманы сол митингке қатысып, сол кісілердің жанында жүрді", — дейді «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Гүлбану Ұзақ,
Ұжымның шағымы бойынша білім бөлімі меңгерушіні екі рет жұмыстан босатқан екен. Бірақ екі ретінде де ақ екенімді дәлелдеп, қызметке қайта келдім дейді Гүлбану Ұзақ. Соған қарағанда ұжым мен басшы арасындағы текетірес әзір бітпейтін сыңайлы.
#балабақша #Түркістан
Источник: sn.kz