үй Әлем жаңалықтары $7,5 млрд-тан $1,9 млрд-қа дейін: Ұлттық Банк төлем балансының профицитінің болжамын төмендетті

$7,5 млрд-тан $1,9 млрд-қа дейін: Ұлттық Банк төлем балансының профицитінің болжамын төмендетті

24
0

221 Арман

$7,5 млрд-тан $1,9 млрд-қа дейін: Ұлттық Банк төлем балансының профицитінің болжамын төмендетті

Фотосурет: © Sputnik / Абзал Калиев

Орта мерзімді перспективада төлем балансының ағымдағы шоты бойынша күтулер туралы

Ұлттық банктің болжамы бойынша, 2022 жылы базалық сценарий барреліне 90 доллар болғанда, ағымдағы шоттың профициті 6,4 миллиард долларды құрайды деп күтілуде. 2022 жылы тауар экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 39,9%-ға өсіп, 84,4 млрд долларды құрайды. Бұл ретте мұнай мен газ конденсатының экспорты 15,6 млрд долларға артып, 46,7 млрд долларды немесе жалпы экспорттың 55,3%-ын құрайды.

$7,5 млрд-тан $1,9 млрд-қа дейін: Ұлттық Банк төлем балансының профицитінің болжамын төмендетті

Шетелдік инвесторлардың тау-кен өнеркәсібінде көптеп шоғырлануына байланысты шикізат бағасының өсуі тікелей шетелдік инвесторларға төлемдердің ұлғаюына әкеледі, бұл табыс тапшылығын 11,7%-ға, яғни, 27,7 млрд долларға дейін арттырады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, тұрақты сұраныс 2022 жылы импорттың 17,6%-ға, яғни, 48,9 миллиард долларға дейін артуын ынталандырады. Орта мерзімді перспективада ағымдағы шоттың профициті 2023 жылы 1,9 миллиард долларға, 2024 жылы 1,2 миллиард долларға және 2025 жылы 0,6 миллиард долларға дейін қысқарады деп күтілуде. 

Төлем балансының профициті бойынша болжамдарды қайта қарауға әсер еткен факторлар туралы

Қыркүйек айында Ұлттық Банк ағымдағы шоттың профицитін 2022 жылы 7,0 млрд доллар көлемінде және кейін, 2023 жылы ол 7,5 млрд долларға дейін ұлғаяды деп болжады. Божамдар 2022 жылы профицитті 6,4 миллиард долларға, 2023 жылы 1,9 миллиард долларға дейін төмендетуге қарай қайта қаралды.

Ағымдағы шот бойынша болжамдарды төмендеу жағына қарай қайта қарау, негізінен, төлем балансының әдістемесіне сәйкес тауар импортына түзетулер енгізумен байланысты. Бұған сондай-ақ, 2022 жылдың 3-тоқсанындағы импорттың өсу динамикасы да әсер етті.

2022 жылдың 9 айында төлем балансындағы тауар импортының жиынтық есептеуі 1,1 млрд АҚШ долларын құрады, оның 0,7 млрд доллары автокөліктердің «сұр» импортына және 0,4 млрд доллары электронды саудаға тиесілі. Естеріңізге сала кетейін, бұл импорт төлем балансында түзету ретінде есепке алынады және ресми статистикаға кірмейді. Ресми статистикаға сәйкес, 2022 жылдың 9 айында тауар импорты да 16 пайызға өсіп, 34,6 миллиард долларды құрады. Бұл біз күткеннен 1,2 миллиард долларға жоғары болды.

Осыған байланысты, төлем балансы бойынша тауарлардың күтілетін импорты 2022 жылы 48,9 миллиард АҚШ долларына дейін және 2023 жылы 51,3 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруға қарай қайта қаралды. Соңғысы келесі жылы профициттің күрт төмендеуіне әсер етті.

2023 жылы импорттың болжамды өсуі туралы

2023 жылы біз күткен импорт айтарлықтай көлемде болады және өзінің рекордтық мәніне жетіп, 2016 жылғы деңгейден екі есе асып түседі. Сонымен бірге, 2024 және 2025 жылдары импорттық тауарлардың одан әрі өсуі тиісінше 54,1 млрд және 54,6 млрд АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Бұл өсім негізінен келесі факторларға байланысты.

Біріншіден, шетелдік тауарлар бағасының өсуі байқалғанымен, халық пен бизнестің сұранысы тұрақты деңгейде. Мәселен, 2022 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, импорттық тауарлардың физикалық жеткізілімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға өсті. Бұл өсім негізінен тұтыну және аралық тауарлар есебінен болды. Азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларына қатысты импортқа қосымша қысым реэкспортта байқалған өсімнен туындап отыр.

Екіншіден, 2021 жылдың 9 айымен салыстырғанда, 2022 жылдың 9 айында Ресейден 11%-ға қысқарған нақты жеткізілімдердің жоғарыда аталған ұлғаюы басқа нарықтардан, мысалы, Қытайдан жеткізілімдердің біртіндеп қайта бағдарлануын және жеткіліктілігін көрсетеді. Үшіншіден, орта мерзімді перспективада жоспарланған фискалдық шығыстар – аралық тауар импортының одан әрі өсуін ынталандырады. 

2023 жылы төлем балансының тапшылығына әсер етуі мүмкін факторлар туралы

2023 жылы тауар экспорты 84,9 млрд долларды құрап, 2022 жылғы деңгейде сақталады. Базалық сценарий жағдайында Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы биыл барреліне 101,8 доллардан 2023 жылы 89,9 долларға дейін төмендейді. Бұл ретте мұнай экспорты өндіру көлемінің күтілетін ұлғаюына байланысты 2023 жылы 0,4 млрд долларға өсіп, 47,1 млрд долларға жетеді. Осылайша, жалпы экспорттағы мұнай көлемі 50%-дан асатын басым үлеске ие болып отыр. Мұнай емес экспорт та 2022 жылғы болжам деңгейінде қалады, 2023 жылы 0,3 млрд долларға артып, 37,9 млрд доллар болады. 2021 жылдың 9 айында 17%-дан биылғы 9 айда 22%-ға дейін өскенімен, шикізаттық емес экспорт құрылымындағы дайын өнімнің үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр.

Осыны ескере отырып, экспорттың номиналды көлемдері және соның нәтижесінде мемлекетке түсетін валюталық түсімдер табиғи түрде құбылмалы болып келетін шикізаттық тауарларға жоғары деңгейде әлемдік баға белгілеулерімен байланысты. Мұнайдың орташа бағасы 2023 жылы барреліне 53,6 долларға дейін, ал тауар экспорты 20,6%-ға, яғни 66,6 млрд долларға дейін төмендейтін пессимистік болжам сценарийі осы тәуелділіктің айқын мысалы бола алады. Мұндай сценарийде ағымдағы шот 2022 жылы болжанған профициттен 2023 жылы 3,9 миллиард доллар тапшылығына дейін күрт төмендейді.

Дайын тауарлар экспортының серпіні туралы

2022 жылғы 9 айдың өсімі бойынша, дайын өнім экспорты 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69,9%-ға өсіп, 6,0 млрд долларды құрады. Алайда, экспорттың құрылымын қарастырған маңызды. 2022 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, экспорт көлемінде негізгі тауарлар – ұялы телефондар, есептеу машиналары, компьютерлер, тұрмыстық және цифрлық техникалар болды. Көбіне бұлар Қазақстаннан сырт жерлерде өндірілген тауарлар, яғни, бұл жағдайда көрші елдерге реэкспорттау деп түсінеміз.

Тек Қазақстанда өндірілетін тауарларды алып қарасақ, ұн экспорты алдыңғы қатарда екенін байқаймыз. 2022 жылдың 9 айында ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 89 пайызға дерлік екі есеге, яғни 0,5 миллиард долларға дейін өсті. Бұл өсім негізінен баға факторына байланысты болды: 2022 жылдың 9 айында 2021 жылдың 9 айымен салыстырғанда қазақстандық ұнның экспорттағы орташа келісімшарттық бағасы тоннасына 395 долларға дейін 43%-ға өсті, ал шетелге сатудың физикалық көлемі 1,3 млн тоннаға дейін 32%-ға өсті.

Тікелей шетелдік инвесторлардың кірістер балансы бойынша болжамдар туралы

Жалпы кірістер балансы әуел бастан тапшылық аймағында болып келеді. Басқаша айтсақ, біз бейрезиденттерге төлейтін табыс көлемі сырттан табатын кірістен асып түседі. Мұның барлығы шетелдік инвестицияның шикізат секторында, әсіресе, мұнай-газ саласында көптеп шоғырлануымен байланысты. Орташа алғанда, соңғы 5 жылда төленуге жататын кірістер көлеміндегі тікелей шетелдік инвесторлардың үлесі 67%-ға жуық болып келді және оның қалыптасуы экспорт көлеміне байланысты болады. Орта мерзімді перспективада экспорттық түсім кірістер балансының дәл осы бөлігінің динамикасын белгілеп отырады. Дегенмен, табыс балансындағы дефицит 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 8,9 пайызға артып, 30,2 миллиард долларға жетеді деп болжануда. Бұл өсімнің негізгі себебі – резервтік валюталарды шығаратын орталық банктердің ақша-кредит саясатын күшейтуі салдарынан шетелдік инвесторларға пайыздық төлемдердің артуы болып табылады. Ары қарай 2024 жылы табыс балансы тапшылығы 30,2 миллиард доллар көлемінде болады және ол 2025 жылы 29,5 миллиард долларға дейін сәл қысқарады деп күтілуде.

Ресейден көші-қон процестерінің артуы және оның тұтынушылық импорттың өсуіне әсері туралы

2022 жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұтыну импортының 21,4%-ға, яғни, 10,9 млрд АҚШ долларына дейін өсуіне себеп болған факторлардың бірі – Ресей азаматтарының ағынынан қосымша сұраныстың пайда болуы екенін жоққа шығармаймын. Оның үстіне қызмет көрсету балансы бойынша жол жүру экспорты 2021 жылдың 9 айымен салыстырғанда 2022 жылдың 9 айында 1,3 млрд долларға дейін 3,3 есе өскені байқалады. Бейрезиденттердің Қазақстанға көптеп келуі – коронавирустық шектеулердің алынуынан кейінгі қалыпты жағдай, бірақ, әрине, биыл күзде Ресей азаматтарының көптеп келуі бұған қосымша ықпал етті. 

Ағымдағы шоттың профицитін қысқарту бойынша күтулер туралы

Базалық сценарий 1 баррельге 90 доллар болған жағдайда ағымдағы шоттың профициті 2022 жылы 6,4 миллиард доллардан 2025 жылы 0,6 миллиард долларға дейін қысқарады деп күтіледі. Осы сценарий бойынша тауарлардың экспорты айтарлықтай тұрақты екенін ескерсек, профициттің төмендеуі импорттың одан әрі өсуіне байланысты болады. Мұнай бағасы жоғары болғанның өзінде ағымдағы шот профициті ұзақ мерзімді перспективада нөлдік мәнге тырысатын болады. Импорттағы өсімнің басты себебі – отандық өндірістің жоқтығы. Сондықтан өнеркәсіптің әртүрлі салаларында жоғары қосылған құны бар тауарлар өндірісін жолға қою ғана ұзақ мерзімді перспективада сыртқы шоктарға қарсы төлем балансының тұрақтылығына қол жеткізуге көмектеседі.

Ақылжан Баймағамбетов,Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары

Источник: dknews.kz