үй Әлем жаңалықтары Ғалымжан Пірматов Ұлттық Банктің алдағы жылға арналған басым міндеттері туралы айтты

Ғалымжан Пірматов Ұлттық Банктің алдағы жылға арналған басым міндеттері туралы айтты

15
0

337 Арман

Ғалымжан Пірматов Ұлттық Банктің алдағы жылға арналған басым міндеттері туралы айтты

2022 жылдың негізгі макроэкономикалық сын-тегеуріндері мен Ұлттық Банктің Қазақстанның қаржы жүйесін тұрақтандыру мақсатында қабылдаған шаралары туралы

2022 жылы Қазақстан экономикасы мен қаржы секторы бұрын-соңды болмаған қиындықтар мен белгісіздіктерді бастан кешті. Жыл басында геосаяси ахуал қалай өзгеретіні де белгісіз болды. Бірақ, қазір қарап отырсақ, біздің алған бағытымыз бен қабылдаған шараларымыз дұрыс болғанын көруге болады. Еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған барлық шара дер кезінде жүзеге асырылды.

Қарыштап ұшқан бағаларды ауыздықтау үшін Ұлттық Банк ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүр болды. Базалық мөлшерлеме биылғы қаңтардағы 10,25%-дан желтоқсан айында 16,75%-ға дейін артты. Бұл шешімдер елдегі инфляциялық үрдістерді тежеуге бағытталған. Орта мерзімде ақша-несие саясатының қатаңдауы бағалардың өсу қарқынын төмендетуге және келе жатқан 2023-ші жылы инфляциялық күтулерді бәсеңдетуге септігін тигізеді.

Базалық мөлшерлеме көтерілген сайын халықтың теңгемен сақталған жинақтар бойынша шекті мөлшерлемелер де артты. Сонымен қатар, Үкіметпен бірлесе отырып, теңгедегі депозиттерді қорғау бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Қабылданған шаралар халықтың теңгемен сақталған депозиттерінің қысқаруына жол бермей, ұлттық валютамызға деген сенімді күшейте түсіп, банктердің қаржыландыру базасын тұрақтандыруға және валюта бағамына қысымды төмендетуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, ақпан айында доллармен сақталған депозиттердің үлесі 38,4%-ды құраса, қараша айында бұл көрсеткіш 34,2%-ға дейін төмендеді, ал депозиттер биылғы қазан айында тарихи максимумға – 30,0 трлн теңгеге жетті. Яғни, азаматтарымыз жинаған қаражатын долларға ауыстырмай, теңгемен депозитке сала бастады. Бұл үрдіс халқымыздың ақшаны тұтынушылықтан жинақтауға көбірек көңіл бөле бастағанының белгісі деп білеміз. Бұның инфляциялық қысымды төмендетуге ықпал ететіні анық.

Сондай-ақ, осы мақсатта Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету бойынша 2022-2024 жылдарға арналған шаралар Кешенін әзірледі. Онда өндіріс көлемін ұлғайту, тауарлар мен көлік логистикасын дамыту, монополияға қарсы реттеу және т.б. жүйелі шаралар қарастырылған.

Валюта нарығында жағдайды тұрақтандыру мақсатында қабылданған шаралар туралы

Геосаяси ахуалдың ушығуы және сыртқы жағдайлардың шиеленісе түсуі айырбастау бағамының динамикасына теріс әсерін тигізбей қоймады. Естеріңізде болса, наурыз айында теңге бағамы кейде 1 АҚШ доллары үшін 500 теңгеден жоғары деңгейге жетті. Осындай қиын жағдайларда біз қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар қабылдадық. Валюталық интервенциялар жүргізілді, тек ақпан, наурыз айларында олардың көлемі шамамен 1,3 млрд. АҚШ долларын құрады, Квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімін міндетті сату үлесі 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайтылды, Мемлекет басшысының Жарлығымен қолма-қол шетел валютасын әкетуге дер кезінде тыйым салынды.

Ұлттық Банк сәуір айынан бері интервенция жасаған жоқ.

Қабылданған шаралар валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға және дағдарыс кезеңінде оның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта валюта нарығында біршама тепе-теңдік орнады деуге негіз бар. Теңге бағамы нарық қатысушыларының сұранысы мен ұсынысының теңгеріміне байланысты нарықтық жағдайлардың әсерінен қалыптасады.

Нақты секторды тұрақты және қолжетімді несиемен қамтамасыз ету шаралары туралы

Ұлттық Банк Үкіметпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігімен және Қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, шаралар кешенін ұсынған болатынбыз. Бұл бастама Мемлекет басшысы тарапынан да қолдау тапқанын атап өткен жөн. Соның бірі – жер қойнауы мен жер пайдалану құқығының – жер қойнауы мен жер Бұл стратегиялық нысандарды қоспағанда, тендерлерге қатысуға рұқсат беру тәртібін жою арқылы банктер мен қарыз алушыларға жүктемені азайтуды көздейді деген сөз. Яғни, банктік несиелерді алуды жеңілдетеді. Сөйтіп, нарықтық механизмдерді дамытуға үлес қосады. Сонымен қатар, мемлекеттік кепілдікпен астық қолхаттары институтын енгізу және процесті цифрландыру ұсынылды. Банктерге ұзақ мерзімді несиелер беруге мүмкіндік беретін тағы бір тиімді шара – жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуын кеңейту. 

Шағын және орта бизнес қолдау көрсету тетіктері туралы

Ұлттық Банк шағын және орта бизнеске несие беру үрдісін цифрландыруды көздеп отыр. Қазір банктер мен Мемлекеттік кредиттік бюроның мемлекеттік деректер базасын интеграциялау жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне кредит беру кезінде айналым капиталына жүктеме талаптарын азайту, банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптарды жеңілдету, кредит алу рәсімдерін оңайлату сияқты біршама жеңілдік беретін уақытша, бірақ тиімді шаралар енгізілуде. Олардың барлығы 2024 жылға дейін қолданыста болады. Сондай-ақ, экономиканың басым салаларында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бүгінгі күні барлық мүдделі мемлекеттік органдар ұсынылған тетіктерді іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бұл ретте, жалпы алғанда, қазіргі қиындықтарға қарамастан, банктер экономикаға беріп жатқан несиелер де артып келе жатқанын атап өткім келеді. Биылғы жылдың қараша айының соңында екінші деңгейдегі банктердің несие портфелі 22,2 трлн теңгені құрады. Яғни, банктер осыншама кредит берді деген сөз. Жыл басынан бергі өсім 20,1%. Заңды тұлғаларға берілген несиелер де 7,3%-ға яғни 8,3 трлн теңгеге дейін, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелер 20,7%-ға, яғни 4,5 трлн теңгеге дейін өсті. Демек, экономикадағы ақша айналымының қарқыны бәсеңдеген емес. Жағдай қалыпты деуге болады.

Қазақстандықтардың 50 пайызға дейінгі зейнетақы жинағын жеке басқаруға беру бастамасы туралы

Бұл шара БЖЗҚ салымшыларына өздерінің тәуекелі мен табыстылығы критерийлеріне сәйкес келетін инвестициялық стратегияларды таңдау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы бастаманы іске асыру арқылы зейнетақы активтерін басқару нарығында институционалдық бәсекелестік ортаны қалыптастыруға жағдай жасалынып, салымшылардың болашақ зейнетақыларын қалыптастыруда олардың сеніміне ие болуға, оларды көптеп тартуға жол ашады. Өз кезегінде, зейнетақы активтерін басқарудағы бәсекелестік позицияларды нығайту ішкі құнды қағаздар нарығына оң әсер етеді және оның өтімділігі мен тиімділігін арттырады. Яғни, шынайы нарықтық орта қалыптасады. Шынайы нарықтық ортада табыс та ұлғаяды.

Сонымен қатар, салымшылардың жинақтары жеке басқарушы компанияларға аударылған кезде бұл жинақтар зейнетақы жүйесінде сақталатынын және зейнет жасына жеткенде төлемдерді жүзеге асыруға жұмсалатынын ескерген жөн.

«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру тетіктері туралы

Мемлекет Басшысының Жолдауына сәйкес, Ұлттық Қордың инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына олар 18 жасқа толғанға дейін алдын-ала алу құқығынсыз аударып отыру ұсынылды.

Кәмелет жасына толғаннан кейін жинақталған сома баспана алуға немесе білім алуға жұмсалатын болады.

Бұл ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігі ескеріліп, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосу тапсырылды. Осыған байланысты бұл жұмыстың барлық тетіктері мен ережелерін Үкімет пен Ұлттық банктің мамандары сарапшылармен бірлесіп әзірлеп жатыр. Нақты механизмдер бекітіліп, барлық қажетті рәсімдерден өткеннен кейін қалың жұртқа міндетті түрде жарияланатын болады.

«Цифрлық теңге» пилоттық жобасын іске асыру туралы

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк 2022 жылы ұлттық цифрлық валютаны енгізу қажеттігі жөнінде кешенді зерттеу жүргізді. Осы жылдың қазан айында цифрлық теңгенің технологиялық платформасы нақты тұтынушылар мен бизнес өкілдерімен сынақтан өткізілді. Сынақ сәтті деуге негіз бар.

Цифрлық теңгені енгізу кезең-кезеңімен – 2025 жылдың соңына дейін 3 кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең аясында 2023 жылдың соңына қарай әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік сатып алулар үшін цифрлық теңгені пайдалану мүмкіндігі жүзеге асырылмақшы, трансшекаралық есеп айырысу сценарийлері мен цифрлық активтер мен орталықтандырылмаған қаржы саласындағы есеп айырысулар сынақтан өтеді және тиісті нормативтік-құқықтық база дайындалады.

2024 жылы Интернетке қол жеткізусіз цифрлық теңгемен есеп айырысу бойынша функционалдық механизмдер енгізілетін болады. Ал, 2025 жылға қарай Цифрлық теңгені толық өндірістік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр. Бұл отандастарымызға мол мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, қаржы нарығында инновациялық бастамаларға жағдай жасалып, отандастарымызға қаржы сервистерінің жетімділігін арттыруға септігін тизеді деп ойлаймыз. 

Ұлттық Банктің алдағы жылға және орта мерзімді кезеңге өз алдына қойған негізгі міндеттері туралы

Алдағы жылы әлемнің көптеген орталық банктері сияқты Ұлттық Банктің де басты міндеті – инфляцияны тұрақтандыру. Оған қол жеткізу үшін 2030 жылға дейінгі ақша-несие стратегиясын жүзеге асыру аясындағы жұмысты жалғастырылатын болады. Ол ақша-несие саясатының негіздерін нығайтуды, қаржы нарығын дамытуды және жалпы макроэкономикалық саясатты күшейтуді айқындайды. Монетарлық негіздерді нығайту, қаржы нарығын дамыту және жалпы макроэкономикалық саясатты күшейту шаралары қамтылған.

Сонымен қатар, икемді бағам саясаты жалғасады. Яғни, Ұлттық Банк валюта нарығының тиімділігін арттыруға, экономикадағы теңгерімсіздіктердің жинақталуына жол бермеуге және халықаралық резервтерді сақтауға ықпал ететін шараларды жалғастыратын болады. Сондай-ақ Ұлттық Банк мемлекеттік құнды қағаздардың ішкі нарығын дамыту және теңге мен теңгедегі активтерді жаһандандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты жалғастыратын болады, өйткені тиімді және өтімді мемлекеттік борыш нарығын құру ақша-несие саясатының тиімділігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Мемлекеттік қарыз нарығын дамытудың қазіргі басым бағыттарының бірі – қайталама нарықтың өтімділігін арттыру. Ұлттық Банктің бастамалары мемлекеттік облигациялардың өтімділігін арттыруға және мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге қосуға, нарықтық баға белгілеуді жетілдіруге және жалпы нарықтағы бәсекелестікті арттыруға бағытталатын болады.

Ғалымжан Пірматов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы

Источник: dknews.kz