үй Әлем жаңалықтары Қазақстан ЕАЭО-да: артықшылықтар, нәтижелер мен табыстар

Қазақстан ЕАЭО-да: артықшылықтар, нәтижелер мен табыстар

9
0

50 Арман

Қазақстан ЕАЭО-да: артықшылықтар, нәтижелер мен табыстар

Биылғы 2-3 ақпанда Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) кезекті отырысы өтеді. Отырыстың күн тәртібінде сауда-экономикалық ынтымақтастық, ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесі және т. б. мәселелер қамтылған. ЕҮАК отырысы қарсаңында primeminister.kz редакциясы Одақ жұмысының негізгі нәтижелері мен жетістіктері, интеграциялық өзара іс-қимыл бойынша қандай жұмыс жүргізілді, қандай уағдаластықтарға қол жеткізілгені туралы шолу материал әзірледі.

Бәрі қалай басталып еді?

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру туралы шарт 2014 жылғы 29 мамырда Астанада жасалды. Оған Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері қатысты. Кейінірек Одаққа Армения мен Қырғызстан қосылды. Бүгінгі таңда Молдова, Өзбекстан және Куба – ЕАЭО-ның бақылаушы мемлекеттері.

ЕАЭО ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперация және бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында құрылды, ал Одақтың жұмысы оған мүше елдер азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған. Айта кету керек, ЕАЭО – саяси бірлестік емес, Одақ туралы шарт жасалған кезде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер оны саясиландырудан бас тартты. ЕАЭО аясында тек қана экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ егемендік, теңдік қағидаттарын қамтамасыз ету және оған мүше елдердің ұлттық мүдделерін есепке алу мәселелері қаралады. ЕАЭО – Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында мемлекеттер қол жеткізген уағдаластықтарға негізделген өңірлік экономикалық интеграцияны қамтамасыз ететін халықаралық ұйым.

ЕАЭО органдары – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес (мүше елдер басшылары), Еуразиялық үкіметаралық кеңес (мүше елдердің үкімет басшылары), Еуразиялық экономикалық комиссия және ЕАЭО Соты.

Қазақстан ЕАЭО-да: Одаққа мүше-мемлекеттердің қандай артықшылықтары бар?

Қазіргі жағдайда Қазақстан үшін сыртқы әріптестермен тұрақты экономикалық байланыстарды ілгерілету – экономикалық дамудың маңызды векторы. ЕАЭО осы тұрғыда экспорттық әлеуетті арттырып, жаңа мүмкіндіктер мен келешегі бар бағыттарды ашады, бұл қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруына оң әсер етеді. Әр елдің интеграциядан алатын өзіндік артықшылықтары бар. Қазақстанның артықшылықтары – бірыңғай кеден нормалары базасында экспортты жеңілдету, бажсыз сауда-саттық, әлемнің басқа экономикалық макроөңірлеріне шығуға мүмкіндік беретін жаһандық көлік тораптарына қосылу.

Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше болуы мемлекет егемендігін сақтай отырып, серіктес елдермен тығыз және үйлесімді экономикалық ынтымақтастық пен кооперацияны орнатуға толық мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақты институционалдық және құқықтық ресімдеу аяқталды, бұл тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірыңғай сыртқы сауда және кедендік реттеу қолданылады, техникалық және монополияға қарсы реттеу, нақты секторды субсидиялау саласында жалпы құқықтық алаң құрылды, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика және басқа да салаларда ынтымақтастық орнатылуда.

Сонымен қатар 2025 жылға қарай электр энергетикасы, газ, мұнай және мұнай өнімдері салаларында ортақ қаржы нарығы мен ортақ нарықтар қалыптасады. Ортақ нарықтар құру мүше мемлекеттерге қаржылық қызметтердің еркін қозғалысын, сондай-ақ газ, мұнай және мұнай өнімдерін еркін жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы ЕАЭО аумағында энергия жүйесінің тұрақтылығына жағдай жасайды.

Бұдан басқа, қауіпсіз әрі сапалы дәрі-дәрмектерге және медициналық бұйымдардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығын іске қосу бойынша жұмыстар жалғасын табады. Бірыңғай нарық барлық мүше мемлекеттердің аумағында қызмет көрсету еркіндігін көздейді және тиімді бәсекелестікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті кемсітпеушілік шарттарында жүзеге асыру сияқты қағидаттарға негізделеді. 

Сонымен қатар Қазақстан жалпы еңбек нарығына қатысушылардың бірі болып табылады, бұл жұмыс күшінің еркін қозғалуына, дипломдарды өзара тануға, мүше мемлекеттердің жұмысшы азаматтарына және олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде медициналық қызмет көрсету бөлігінде ұлттық режимді қолдануға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, ЕАЭО елдері мен Вьетнам, Сербия, Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қол қойылып, қолданысқа енгізілді. Мысырмен, Израильмен сауда келісімдері келіссөздер сатысында. Қытай Халық Республикасымен преференциялық емес келісімге қол қойылды.

Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының іс-шаралары іске асырылуда, олар орнықты және жан-жақты экономикалық өсуге жағдай жасауға, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында да, үшінші елдермен де сауданы дамытуға, инновациялық және цифрлық орта қалыптастыруға, азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға, сыртқы әріптестермен өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастық құруға ықпал етеді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ЕАЭО құрамында қандай нәтижелерге қол жеткізді?

Сыртқы нарықтағы теріс факторларға қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасын ЖІӨ-нің өсу қарқыны 3,1% ($225,2 млрд) деңгейінде болды. Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 2021 жылмен салыстырғанда 7,1%-ға өсті (2021 жылғы қаңтардан қарашаға дейін – $23,9 млрд, 2022 жылғы қаңтардан қарашаға дейін – $25,6 млрд). 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЕАЭО-ға экспорты 22,3%-ға артты (2021 жылғы қаңтардан қарашаға дейін – $7,1 млрд, 2022 жылғы қаңтардан қарашаға дейін – $8,6 млрд). Қазақстанның ЕАЭО елдерінен импорты 0,7%-ға өсті (2021 жылғы қаңтардан қарашаға дейін – $16,8 млрд, 2022 жылғы қаңтардан қарашаға дейін – $17 млрд).

ЕАЭО жұмыс істеген уақыт ішінде Қазақстанның серіктестермен өзара саудасы 60%-ға ұлғайды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы саудадағы ЕАЭО-мен сауда үлесі 25,7%-ды құрайды. Аталған кезеңде Қазақстанның ЕАЭО-ға экспорты 34,9%-ға өсті. Сонымен қатар 2021 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінен Қазақстанға құйылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 2015 жылғы инвестициялар көлемінен 3,2 есеге (2015 ж. – $0,6 млрд, 2021 ж. – $1,97 млрд) артық болды. Бұл ретте үшінші елдер салған инвестициялар 46,6%-ға өсіп, 2021 жылы $21,7 млрд-ты құрады (2015 ж. – 14,8 млрд), бұл да Қазақстанның ЕАЭО-ның ортақ нарығының бір бөлігі болуының нәтижесі.

Қазақстанда ЕАЭО елдерімен бірлескен кәсіпорындардың саны 2015 жылдан бастап 2022 жылғы қаңтар аралығында 2,4 есеге артып, 14 894 құрады. Бірлескен кәсіпорындар көбіне өнеркәсіп, құрылыс, сауда, қызмет көрсету және басқа салаларда тіркелген.

ЕАЭО-ның күшіне енген шешімдеріне келетін болсақ, 2022 жылғы 27 қазанда ЕАЭО кедендік аумағында ветеринариялық мақсаттағы диагностикалық құралдарды пайдалануды реттеу қағидалары бекітілді. Қағидалар ветеринариялық мақсаттағы диагностикалық құралдардың сапасын бағалау жөніндегі бірыңғай рәсімдерді, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өтінішіне мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру кезінде олардың уәкілетті органдарын тіркеудің және ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимылының бірыңғай тәртібін бекітеді.

Қағидалар ХЭБ, ФАО, ДДҰ және т.б. халықаралық ұйымдардың ұсынымдарымен үйлестіруді қамтамасыз етуге, олар ЕАЭО кедендік аумағында жүгінген кезде диагностикалық құралдарды бұрмалау тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ диагностикалық құралдармен халықаралық және өзара сауданы жүзеге асыру кезінде негізсіз әкімшілік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды болдырмауға бағытталған.

Қағидалар 2024 жылғы 27 қазаннан бастап Қазақстан, Армения, Беларусь және Ресей елдеріне, 2026 жылғы 27 қазаннан бастап Қырғызстанға қатысты қолданылады. Өтпелі кезең аяқталғанға дейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары Қағидалардың ережелерін ұлттық заңнамаға имплементациялау, сондай-ақ зертханалық-құқықтық базаны дайындау бойынша жұмыс жүргізеді.

Қазақстанның ЕАЭО-дағы бастамалары: қандай тақырыптар көтерілді?

2022 жылы Одақ органдарымен 70 отырыс (ЖЕЭК, ЕҮАК, ЕЭК Кеңесі және Алқасы) өткізілді, олардың қорытындысы бойынша 415 шешім, 328 өкім, 73 тапсырма және 51 ұсыныс қабылданды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Еуразиялық үкіметаралық кеңес шеңберінде қазақстандық тарап 131 бастама көтерді, бұл – ЕАЭО-ға мүше арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Мәселен, екінші орындағы Беларусь Республикасы 95 бастама көтерді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының бастамалары неғұрлым өзекті және сұранысқа ие екенін атап өткен жөн. Осы орайда, бүгінгі таңда 122 бастама орындалып, қалған 9 бастама іске асырылуда.

Айта кетейік, Қазақстанның бастамалары практикалық ынтымақтастықтың түрлі салаларына қатысты: өнеркәсіп кооперациясы, экономиканы цифрландыру, мемлекеттік сатып алу және т. б.

ЕЭК алаңы туындаған мәселелер бойынша жедел қарау және шешімдер қабылдауда артықшылық береді. Бүгінгі таңда дәлелденген 70 тосқауылдың 61-і жойылды. 2022 жылдың басынан бастап серіктес елдердің 7 кедергісі жойылды, 9 кедергі қолданыста. Жалпы бұл кедергілер жылына $600 млн-ға дейін бағаланады. Өз кезегінде, қазақстандық тарап Қазақстан Республикасына қатысты 6 істі кедергілер деп тануға жол бермеді. Осылайша, Қазақстан отандық кәсіпорындарды қолдау мүмкіндігін қорғап қалды.

Бұдан басқа, ЕАЭО аясында Одақ шеңберінде мемлекетаралық деректер мен электрондық құжаттар алмасуды қамтамасыз етуге, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер үшін ортақ ақпараттық ресурстар құруға, ортақ процестерді іске асыруға, сондай-ақ ЕАЭО органдарының қызметін қамтамасыз етуге бағытталған интеграцияланған ақпарат жүйесін (ИАЖ) белсенді дамуда.

Ақпаратпен уақытылы және сапалы алмасу ЕАЭО-да ветеринариялық, санитариялық, фитосанитариялық, көлік және кедендік бақылау салаларында тауарларды өткізу кезінде туындайтын мәселелердің басым бөлігін шешуге мүмкіндік беретіні белгілі. Қазіргі жағдайда бұл мәселелер өте маңызды.

Бүгінгі таңда тізімге 78 жалпы процесс енгізілген, оның 24-і өнеркәсіптік пайдалануға берілген. Бұл – тауарларды таңбалау, медициналық бұйымдардың, фармацевтикалық инспекторлардың, дәрілік заттардың, радиоэлектрондық құралдардың, көліктік бақылаудың, кеден қоймалары мен тасымалдаушылардың тізілімін қалыптастыру, сондай-ақ техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін бағалау туралы берілген немесе қабылданбаған құжаттар мәселелері. 28 жалпы процеске мемлекетаралық тестілеуді өткізу үшін техникалық дайындық қамтамасыз етілді. Былтыр Қазақстан 9 жалпы процеске қосылды. 2023 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді жалпы процестердің 95%-на (74 жалпы процесс) қосу жоспарлануда.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы 9 желтоқсанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде 2023 жылға арналған Халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бекітілді. 2023 жылы ШЫҰ, АСЕАН, БРИКС елдерімен сындарлы диалогты, халықаралық ұйымдармен (ЮНКТАД, ДЗМҰ, Дүниежүзілік кеден ұйымы, ДСҰ, ХАКО және т. б.) және үшінші елдермен (Аргентина, Бангладеш, Мажарстан, Грекия, Индонезия, Камбоджа, Корея Республикасы, Моңғолия, БАӘ және т. б.) өзара іс-қимылды дамыту басым бағыттар ретінде айқындалды. Бүгінгі таңда ЕЭК халықаралық ұйымдармен 46 меморандум, өңірлік интеграциялық және мемлекетаралық бірлестіктермен 14, үшінші елдермен 27 меморандум жасасты.

Источник: dknews.kz