үй Әлем жаңалықтары Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен парламенттік сайлаудың қорытындылары Польшада жоғары бағаланды

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен парламенттік сайлаудың қорытындылары Польшада жоғары бағаланды

19
0

392 Арман

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен парламенттік сайлаудың қорытындылары Польшада жоғары бағаланды

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды және ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарына сайлау қорытындыларын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Дөңгелек үстел жұмысына Польша Сеймі мен Сенатының депутаттары, екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының, академиялық топтар мен талдау орталықтарының өкілдері, сондай-ақ ҚР құрметті консулдары, болу еліндегі қазақ орталықтарының басшылары және Польшада оқитын қазақстандық студенттер қатысты.

«Менің Қазақстаным» қауымдастығының төрағасы, Польшаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі (2004-2007 жж.), Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық елшісі Владыслав Соколовский және Польшаның жетекші талдау орталықтарының бірі болып табылатын М. Бойма атындағы Азиялық және жаһандық зерттеулер институтының сарапшысы Ежи Олендский іс-шараның модераторлары болды.

Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаев Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары және ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындылары туралы баяндама жасады. Өз сөзінде ол еліміз дамудың жаңа дәуіріне аяқ басқанын және өзінің ауқымы мен тереңдігі жағынан бірегей жан-жақты саяси жаңғыруды бастан кешіріп жатқанын атап өтті.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен парламенттік сайлаудың қорытындылары Польшада жоғары бағаланды

Польша СІМ Шығыс департаменті директорының орынбасары Радослав Дарский Варшаваның елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістерге қолдауын атап өтті: «Польшада Орталық Азиядағы ең маңызды серіктес болып табылатын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға үлкен назар аударылуда. Қазақстанның ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның сайлау заңнамасына бірқатар ұсынымдарының іске асырылуын атап өтіп, поляк тарапы осы мәселеде, сондай-ақ мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамыту салаларында одан әрі қолдау көрсетуге дайын екендігін білдіреді».

Польша Сеймінің депутаты, «Польша – Қазақстан» парламенттік тобы төрағасының орынбасары Пётр Зентарский келесіні атап өтті: «Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі мен қоғамы елдің мемлекеттік-саяси жүйесін қайта құру қажеттілігі туралы дұрыс шешім қабылдады. Тиісті өзгерістер пакеті, оның ішінде Қазақстан Конституциясы мен заңнамасына түзетулер енгізілді. Қоғамдық консенсусқа қол жеткізілді, Президенттің өкілеттігі есебінен Парламенттің ықпалын арттыруға бағытталған реформалар жүзеге асырылды. Конституциялық сот құрылды, оған Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және Қазақстан азаматтарының өздері жүгіне алады. Қазақстандық конституционализмнің аса маңызды буыны реформаланған сайлау құқығы және оның нәтижесінде Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау болды. Бұл Қазақстанның түбегейлі саяси жаңғыру дәуіріне қадам басқандығын айғақтайды. Мемлекеттік құрылымның жоспарланған өзгерістерінің ауқымы мен тереңдігі орталық және жергілікті деңгейлерде Қазақстан қоғамы мен билігінің шешіміне байланысты болады».

Қазақстан тарапынан ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев елімізде жүргізіліп жатқан институционалдық реформаларға егжей-тегжейлі шолу жасады. Оның пікірі бойынша, жалпы, ішкі саяси реформаларды іске асыру шетелдік әріптестердің Қазақстанға деген сенімін нығайтып, олармен ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етуде.

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Польшадан халықаралық байқаушылар ретінде Қазақстанда болған ПР Сенатының депутаты Казимеж Клейна және М. Бойма атындағы Азиялық және жаһандық зерттеулер институтының сарапшысы Ежи Олендский сайлаудың жоғары ұйымдастырушылық деңгейін, сайлау комиссияларының ашықтығын, саяси бәсекелестіктің артқанын атап өтті.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен парламенттік сайлаудың қорытындылары Польшада жоғары бағаланды

К. Клейна Мәжіліске, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау барысында пайдаланылған жаңа аралас пропорционалды-мажоритарлық модельге ерекше назар аударды. Поляк сенаторы Польша Сеймінің депутаттарын сайлауда енгізу мүмкіндігі үшін Қазақстанның осы тәжірибесін зерделеуді ұсынды (қазіргі уақытта поляк Парламентінің төменгі палатасының мүшелері тек партиялық тізімдер бойынша сайланады).

Зелёна-Гура университетінің Құқықтық ғылымдары институтының директоры профессор Анджей Биштыга Қазақстанның конституциялық түзетулеріне өзінің сараптамалық пікірі мен жоғары бағасын білдірді: «Бұл елдің саяси өмірінің бәсекелестігі мен ашықтығын арттыруды қамтамасыз етті. Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлауға тәуелсіз кандидаттардың қатысуы сайлау науқанына «ерекшелік» қосты. Қабылданған қадамдар Қазақстанның мемлекеттік құрылымының суперпрезиденттік басқарудан президенттік-парламенттік республикаға эволюциясына ықпал етеді».

Іс-шара алаңында Қазақстан-Польша ынтымақтастығының даму келешегі және Еуроодақ форматындағы қарым-қатынастарды нығайту жөніндегі басқа да мәселелер талқыланды.

ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің Ішкі және сыртқы инвестицияларды талдау басқармасының басшысы Шоқан Омаров ел экономикасының инвестициялық әлеуетін, атап айтқанда, инвестицияларға арналған мемлекеттік қолдауды іске асыру және «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы туралы ақпаратты жеткізіп, қазақстандық тараптың поляк бизнесімен қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделілігі мен дайындығын атап өтті.

«Польша-Азия» сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы, ПР бұрынғы премьер-министрдің орынбасары – экономика министрі Януш Пехочиньский келесі ұсынысқа назар аударды: «Қазақстанда ауқымды реформалар күрделі халықаралық жағдай аясында жүргізілуде. Осыған байланысты, поляк бизнесі Астананың сыртқы саясат мәселелеріне теңдестірілген көзқарасын құптайды. Қазақстанның маңызы геосаяси шиеленіс пен санкциялық текетірес жағдайында өсуде. Бұған Азия мен Еуропа арасындағы жаңа сауда көпірі бола алатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы ықпал етеді. Мұнда тиімді геоэкономикалық жағдайы бар Қазақстан мен Польша маңызды рөл атқара алады».

Варшавадағы Экономика-гуманитарлық университетінің заң ғылымдарының профессоры Яцек Собчак елімізге «Қазақстан – Батыс елдері арасындағы ең азиялық ел, сонымен бірге Азия мемлекеттері арасындағы ең батыс ел» деген анықтама берді.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, поляк тарапы Қазақстанның реформаларына одан әрі қолдауын, екі мемлекет халықтарының игілігі үшін саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілігін білдірді.

Источник: dknews.kz