үй Әлем жаңалықтары Ұлттық Банк елдің төлем балансын есептеудің жаңа әдістемесіне көшуде

Ұлттық Банк елдің төлем балансын есептеудің жаңа әдістемесіне көшуде

8
0

654 Арман

Ұлттық Банк елдің төлем балансын есептеудің жаңа әдістемесіне көшуде

Фотосурет: © Sputnik / Владислав Воднев

2022 жылдың қорытындысы бойынша төлем балансының ағымдағы есебі туралы

2022 жылы мұнай экспорты статистикасындағы уақыт кешігуімен түзетілген төлем балансының ағымдағы шоты профицитпен қалыптасты және 8,5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл – соңғы тоғыз жылдағы алғашқы профицит. Дегенмен, ағымдағы шоттың оң сальдосына түрткі болған себептер өзгерген жоқ. Яғни, шикізат бағасы жоғары қалпында қалып отыр. Атап айтқанда, мұнай бағасының барреліне 100 АҚШ долларына жуық болуы, тоғыз жыл бұрынғы және өткен жылғы төлем балансының оң динамикасының қарқынын белгіледі.

Мұнай экспортының ресми статистикада көрсетілу ерекшеліктері туралы

Ұлттық Банк тауар экспорты мен импорты бойынша статистиканы уәкілетті органдардан алады. Олар тауарлардың, соның ішінде мұнайдың халықаралық саудасы туралы деректерге иелік етеді.

Ұлттық Банк елдің төлем балансын есептеудің жаңа әдістемесіне көшуде

Уақыт кешеуілдеуі барын Ұлттық Банк 2020 жылы мұнай бағасы құбылып тұрған кезде анықтады. Бүкіл әлемде жаппай локдаундардың шарықтау шегі екінші тоқсанға сәйкес келген еді. Сол жылғы сәуірде мұнай бағасы әр сұрыпқа қарай барреліне 10-18 АҚШ долларына дейін төмендеді. Алайда, қазақстандық статистикада сәуір айында келісімшарттық орташа баға барреліне 57 АҚШ долларын көрсетті. Көріп отырғаныңыздай, айырмашылық жер мен көктей.

Нақты ресми деректердің траекториясы біздің болжамдарымызға және жаһандық тауар нарығындағы үрдістерге сәйкес келмеді. 2020 жылдың тамыз айындағы Ұлттық Банктің кезекті болжамды раунды аясында мұндай ауытқудың себебі ресми статистикадағы экспортты көрсету ерекшелігінде болуы мүмкін екені белгілі болды.

Біздің мамандар мұнай экспортын кедендік декларациялау мәселелерін мұқият зерттеп, түрлі дереккөздерден алынған деректерді салыстырып, жан-жақты есептеп көрді. Осылайша, мұнай статистикасында уақыттың кешеуілдеуі бар екені жайлы біздің теориямыз рас болып шықты.

Қазақстанда және басқа да елдерде мұнай экспортының статистикасын есепке алудың ерекшеліктері туралы

Қазақстандық статистикада жеткізу аяқталған күннен бастап 90 күн ішінде тапсыруға болатын кедендік қорытынды декларация көрсетіледі. Басқа ірі мұнай экспорттаушы елдерде декларацияны тапсыру мерзімі есепті кезеңнің соңынан бастап санағанда 4 күннен 20 күнге дейінгі аралықты қамтиды. Мысалы, АҚШ-та – 4 күн, Канадада – 5 күн, Норвегияда – 10 күн, Ресейде – 20 күн. Бұл елдердің статистикасында мұнай экспорты жеткізілгеннен кейін бірден немесе бір айлық кешігумен көрсетіледі.

Мұндай жағдай экспорттау кезінде саны мен құнын дәл анықтау мүмкін емес кез келген өнімде туындауы мүмкін. Кейбір тауарлар туралы нақты ақпарат экспортқа шығару кезінде ғана пайда болады. 

Ұлттық Банк жүргізген деректерді талдау мен салыстырудағы нәтижелер туралы

Уақыттағы кідірісті анықтаған сәттен бастап Ұлттық Банк қазақстандық мұнайдың барлық сұрыбының бағасы мен оның экспорты туралы түрлі дереккөздерден алынған мәліметтерді зерттеп көрді. Осы уақыт ішінде негізділік, шынайылық, уақыт және еңбек шығындары тұрғысынан ең оңтайлысын анықтау үшін бағалаудың түрлі тәсілдері сынақтан өтті.

Екі жарым жыл ішінде Ұлттық Банк мұнай экспортының статистикасындағы уақыттың кешігуін ескере отырып, екі төлем балансын – «кешігумен» және «кешігусіз» есептеп көрді. Жоғарыда аталған себептерге байланысты біз төлем балансын уақыт кешігуімен түзетпей жарияладық. Түзетілген төлем балансы бүгінгі күнге дейін ішкі пайдалану нысаны болды. Алайда, ақша-кредит саясаты бойынша біздің барлық шешіміміз нақты түзетілген төлем балансын есепке алып отырды.

Мұнай экспорты статистикасындағы уақыт кідірісін есепке алғандағы макроэкономикалық көрсеткіштер туралы

Тарихи тұрғыдан алғанда, экспорттағы мұнайдың орташа үлесі өте жоғары және шамамен 60%-ды құрайды. Сондықтан, оның халықаралық сауда статистикасында нақты көрсетілмеуі, дәлірек айтсақ, уақтылы көрсетілмеуі кедендік деректердегі мұнай экспортын есепке алатын барлық макроэкономикалық көрсеткіштердің бұрмалануына әкеледі.

2020 жылы мұнай экспорты – 3,2 млрд АҚШ долларына – әдеттегіден жоғары болды. Осы логикаға сүйенсек, кейін 2021 жылы жарияланған мұнай экспорты нақты деректен 5,5 млрд АҚШ долларынан төмен болды. Айырмашылықтың өте үлкен екенін көріп отырсыздар. Мұндай ауытқу Ұлттық Банк жариялайтын төлем балансының көрсеткіштеріне әсер етеді.

Төлем балансын қалыптастырудағы және түзетудегі ерекшеліктер туралы

Ұлттық Банк Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) мен Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) статистикасына түзету енгізе алмаса да, өзінікін өзгерте алады. Төлем балансы Халықаралық валюта қоры әзірлеген бүкіл әлемде қабылданған әдіснаманың негізінде қалыптастырылады. Бұл бізге МКК мен ҰСБ ресми сауда статистикасын негізге алуға және төлем балансы аясында оған әртүрлі түзетулер, қайта қараулар мен бағалаулар енгізуге мүмкіндік береді.

Мұндай өзгерістер, мысалы, негізге алынған бастапқы статистикалық мәліметтер толық қамтымайтын жағдайда енгізіледі. Бұған Ұлттық Банктің былтыр ЕАЭО елдерінен жеткізілген автомобильдердің «сұр» импортын бағалауы айқын мысал бола алады. Біз автомобильдердің 2015-2022 жылдардағы бейресми импортын 4,4 млрд АҚШ долларына бағаладық. 

Мұнай экспорты бойынша статистикада уақыт кідірісін есепке алғандағы түзетілген деректерді ҚҰБ-тың жариялауы туралы

Ұлттық Банк алғаш рет мұнай экспортының статистикасындағы уақыт кешігуін есепке алғандағы түзетілген деректерді жариялады. Статистикалық деректерді қайта қарау ретроспективті болды – 2005 жылдан бергі кезеңдегі деректерді қамтыды.

Енді, төлем балансының әдіснамасы бойынша, есепті тоқсандағы Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) мен Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) жариялайтын мұнай экспортына қатысты ресми деректер өтіп кеткен тоқсанның экспорты ретінде есептелетін болады. Мұндай тәсіл деректердің дәлдігін қамтамасыз етеді. Бұл макроэкономикалық саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға, сарапшыларға, рейтингтік агенттіктерге, халықаралық ұйымдарға инвестициялық шешімдер қабылдауға және неғұрлым дұрыс көрсеткіштер негізінде макроэкономикалық талдау жүргізуге көмектеседі.

Ұлттық Банк наурыздағы «Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында» төлем балансының түзетілген ағымдағы шотының алғашқы бағалауын жариялады. Құжат 2022 жылға дейінгі алдын ала нақты деректерді, сол сияқты 2023-2025 жылдарға арналған болжамды деректерді де қамтыды.

Ортамерзімді кезеңге ағымдағы шоттың түзетілген болжамдары туралы

Орта мерзімді перспективада ағымдағы шот 2025 жылдың соңына қарай өткен жылдың профицит аймағынан дефицит аймағына біртіндеп ауысуы мүмкін. Ағымдағы шот профицитінің күтілетін қысқаруы шикізат тауарларына бағаның болжамды төмендеуіне және импортқа деген сұраныстың тұрақты жоғары өсуіне байланысты болады.

Мұнай бағасының болжамды төмендеуіне қарамастан, экспорттың деңгейін ұстап тұру ірі кен орындарындағы мұнай өндіру көлемінің ұлғаюымен көрсетілетін болады. Бірақ тауар импорты халық пен бизнестің тұрақты жоғары сұранысы және де фискалдық ынталандырулар есебінен тұрақты түрде өсе береді.

Осылайша, біз базалық сценарий бойынша мұнай экспортының статистикасындағы уақыттың кешігуін түзетуді ескерсек, ағымдағы шот профициті 2022 жылғы 8,5 млрд АҚШ долларынан 2023 жылы 2,2 млрд АҚШ долларына дейін қысқарады деп болжаймыз.

Ақылжан Баймағамбетов, Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары

Источник: dknews.kz