үй Әлем жаңалықтары Орталық Азия елдерінің сарапшылары су ресурстары бойынша мониторинг, бағалау және ақпарат алмасу...

Орталық Азия елдерінің сарапшылары су ресурстары бойынша мониторинг, бағалау және ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

21
0

317 Awrora

Орталық Азия елдерінің сарапшылары су ресурстары бойынша мониторинг, бағалау және ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Бүгін Астана қаласында Халықаралық суды бағалау орталығы БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясымен және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының (GIZ) «Жасыл Орталық Азия» бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырған Орталық Азияның трансшекаралық бассейндерінде мониторинг, бағалау және ақпарат алмасу жөніндегі өңірлік семинар өз жұмысын бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Семинар жұмысына Орталық Азияның бес елінің (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) сарапшылары, су ресурстарына, қоршаған ортаға және гидрометеорологияға жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық қызметтердің өкілдері, сондай-ақ ғылыми институттардың, бассейндік су шаруашылығы ұйымдарының және өңірде жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың мамандары қатысады. Оған Германия, Нидерланды, Финляндия, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым, Сава өзенінің бассейні жөніндегі халықаралық комиссия, халықаралық бассейн ұйымдары желісі және Халықаралық жер асты суларын бағалау орталығының сарапшылары қатысады.

Халық санының өсуі, экономиканың су тұтынатын секторларының дамуы және Орталық Азиядағы климаттың өзгеруінің әсері жағдайында жыл сайын су тапшылығы проблемасы шиеленісе түсуде. Бұрынғы экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне жеткіліксіз назар аудару, суды ұтымсыз пайдалану тәжірибесі, институционалдық әлеуеттің болмауы және басқа да бірқатар факторлар экожүйелердің деградациясына, су объектілерінің ластануына және су сапасының нашарлауына әкелді. Мұндай қауіптер барабар шаралар қабылдауды және су ресурстарын басқару мен қорғаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуді, оның ішінде негізделген және тұрақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін су ресурстарын мониторингілеу мен бағалау жүйесін дамытуды талап етеді.

Орталық Азия елдерінің сарапшылары су ресурстары бойынша мониторинг, бағалау және ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Семинар елдерге трансшекаралық бассейндерде мониторинг жүргізу, бағалау және ақпарат алмасу жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеуге жәрдемдесу және трансшекаралық бассейндерде су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығын нығайту мүмкіндіктерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Семинарға қатысушылар трансшекаралық бассейндерде мониторингті, бағалауды және ақпарат алмасуды жүзеге асырудың, оның ішінде бағалаудың келісілген және салыстырмалы әдістерін қолданудың және деректерді басқару жүйесін дамытудың әртүрлі тәжірибелері мен тәсілдерін қарастырады.

Олар сондай-ақ трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенцияның аясында әзірленіп жатқан «Трансшекаралық деректер алмасу саласындағы озық тәжірибелер мен алынған сабақтар» атты жаңа басылымға енгізу үшін ұсыныстар жасайды.

Орталық Азия елдерінің сарапшылары су ресурстары бойынша мониторинг, бағалау және ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Семинарда Орталық Азиядағы су ресурстарына бірлескен мониторинг пен бағалауды жүзеге асырудағы қазіргі проблемалар мен кедергілерді талқылау, сондай-ақ елдердің су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі ынтымақтастығын дамытудың жалпы тәсілдерін айқындау күтілуде.

Сонымен қатар, семинар 2023 жылдың 22-24 наурызында Нью-Йоркте Тәжікстан мен Нидерланды төрағалығымен өтетін БҰҰ су конференциясына дайындық мәселелерін талқылауды көздейді.

Трансшекаралық суларды бірлескен мониторингілеу және бағалау трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенцияның негізгі міндеттемелерінің қатарына жатады. Оны жүзеге асыру шеңберінде трансшекаралық суларды мониторингілеу және бағалау жүйелерін құру әдістеріне арналған бірқатар басшылық құжаттар әзірленді.

Германияның федералды сыртқы істер министрлігінің «Жасыл Орталық Азия» бастамасы өзінің Орталық Азиядағы ұзақ уақыт серіктес елдеріне климат, қоршаған орта және қауіпсіздік мәселелері бойынша саяси диалогқа қатысуды ұсынды. «Жасыл Орталық Азия» халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Гермаия қоғамы (GIZ), Гельмгольц атындағы Потсдам орталығы (GFZ) Мартин Лютер атындағы Галле-Виттенберг университетімен, Потсдам климаттық өзгерістерді зерттеу институтымен (PIK) және Қазақстан-Германия университетімен (DKU) бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл бастама Германияның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы «климат және қауіпсіздік» сыртқы саясатына ықпал етеді және ТДМ 6 (Таза су және санитария), ТДМ 13 (климаттың өзгеруіне қарсы күрес) және ТДМ 15 (құрлық экожүйелерін сақтау) іске асырылуын қолдайды. Бастама сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылы үшін жаңа саяси негізді қамтамасыз ететін және орнықтылыққа, өркендеуге және өңірлік ынтымақтастыққа жәрдемдесуге бағытталған 2019 жылғы маусымда ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясында бекітілген шараларға ықпал етеді.

Источник: dknews.kz