үй Астанада Елордада «БІЗ БІРГЕМІЗ FEST» қайырымдылық фестивалі өтті (ФОТО, ВИДЕО)

Елордада «БІЗ БІРГЕМІЗ FEST» қайырымдылық фестивалі өтті (ФОТО, ВИДЕО)

28
0

Концерт Балалар жылы аясында ұйымдастырылды


                        Елордада «БІЗ БІРГЕМІЗ FEST» қайырымдылық фестивалі өтті (ФОТО, ВИДЕО)

Фото: Сұлтан Сейітов, Гүлжан Уалиева

Астанада «Біз біргеміз Fest» атты музыкалық қайырымдылық фестивалі өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Онда әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген және басқа да қазақстандық эстрада жұлдыздары мен мүмкіндігі шектеулі әртістер өз өнерлерін көрсетті.

«Біз біргеміз Fest» іс-шарасында еліміздің барлық өңірлерінен келген дарынды балалар мен мүмкіндігі шектеулі жастар бас қосты. Концерт Балалар жылы аясында ұйымдастырылды және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған.

Іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол өз сөзінде балалардың әл-ауқаты, олардың интеллектуалдық, шығармашылық және рухани дамуы ұлтымыз үшін маңызды басымдықтар екенін айтты.

Қазіргі таңда елімізде мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдықтары туралы түсінік өзгеріп жатыр. Әділетті Қазақстан дегеніміз — ең алдымен, инклюзивті Қазақстан. Біз көмекке мұқтаж әр азамат, әр бала мемлекеттің қамқорлығын сезінуге тиіс қоғам құрып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осындай міндет жүктеп отыр. Сондықтан мемлекет ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдап, кедергісіз орта және инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін тиісті жұмысты жалғастыра береді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін барлық шара қабылданатынын атап өтті. Мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсетуге, дарынды жастар мен балаларды қолдауға, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға бағытталған заңдар қабылданады.

Сенат спикері фестивальді ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларға алғыс айтып, барша өнер иесіне шығармашылық жолда жаңа жеңістерге жетуге тілектестігін білдірді.

Белгілі отандық өнерпаздармен бір сахнада өнер көрсету ерекше әрі жас талант иелерін ынталандыра түсетіні анық. Әншілерге шығармашылық табыс тілеймін. Бүгінгі концерттен жиналған қаражат мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығына жабдық сатып алуға жұмсалады. Мұның бәрі өнер кез келген кедергі мен таптаурындарды бұзып, игі істер жолында барлығын біріктіре түсетінін көрсетеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Biz Birgemiz Qazaqstan қоғамдық қорының басшысы Перизат Қайраттың айтуынша, бұл қайырымдылық фестивалі ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау және дамыту, сондай-ақ оларды қоғамдық өмірге тарту үшін тиісті жағдай жасау мақсатында өткізіліп отыр.

2022 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде Балалар жылы болып жарияланған болатын. Әлемде ерекше жандар бойынша статистика өскендіктен, БҰҰ төрінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен дені сау адамдардың құқықтары бірдей болуы керек делінген еді. Осы бір қағиданы Президентіміз қолдап, дауыс берген болатын. Соңғы үш жылда біз де қорымыздың атынан туғанынан мүмкіндігі шектеулі, бірақ өте талантты ерекше жандарды қолдап келеміз. Соның бірі – 2021 жылы АҚШ-та өткен Әлем чемпионатында «SENSITIVE» би ансамблі бас жүлде алған болатын. Атап өту керек, осы чемпионатта 20 жыл бұрын Ұлытау тобы бірінші орын алған болатын. Бұдан бөлек дарынды жастарымыз өте көп. Соның бірі – Кенжебек. Туғанын көзі көрмейді, бірақ өте талантты. Сол жандарға қолдау көрсету керек. Балалар жылы аясында ерекше талантты жандарымызбен бірге әлемге танымал Димаш Құдайберген мен өзге де танымал өнер жұлдыздарының басын біріктіріп, кеш ұйымдастырудамыз. Бұл концерттің ерекшелігі – сатылған билеттердің қаражатына жаңадан ашылып жатқан ерекше балаларға арналған оңалту орталығына медициналық аппараттар алынады, — деп атап өтті Перизат Қайрат.

Іс-шара барысында ерекше жандар күтпеген тосынсыйға ие болды. Демеушілер тарапынан екі адамға пәтер кілті табыс етілді. Оның бірі құндақтағы сәбиін қолға алып, көлік жүргізіп, такси жүргізушісі болып нәпақасын тауып жүрген Әсел Омарова болса, екіншісі – туғанынан көзі көрмейтін дарынды әнші Кенжебек Нұрдолдай.  

Такси жүргізушісі болып күн көріп жүрген емізулі баласы бар анаға Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер сыйға тартылды.

Бақыттан басым айналып тұр. Қайырымды жандарға деген алғысым шексіз. Өте қуаныштымын. Алла разы болсын! Бұл сәтті ұзақ күттім. Әбден қиналып, күткен бақыттың дәмі сондай тәтті болады. Шынымды айтсам, мұндай тосынсыйды күтпеп едім, — деп көзіне жас алды Әсел Омарова.  

Сондай-ақ, екінші пәтер көзі көрмейтін әнші бала Кенжебек Нұрдолдайға табыс етілді. Бір қызығы, оның өзі бұл туралы білмеген екен. Қор басшылығы қайырымдылық фестиваліне анасы мен ағасын да шақыртыпты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Кенжебек өнер ордасы Алматыда тұратын болғандықтан, оған сол қаладан екі бөлмелі пәтер беріліпті.

Пәтерге ие болған Кенжебек қуанышын жасыра алмады.

Өнерімді бағалап, осындай тосынсый жасап жатқандарына өте қуаныштымыз. Қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бүгін маған үй берілетінін білген жоқпын. Мұнда келіп, өнер көрсетемін деп келген едім. Күтпеген жерден мұндай үлкен сый аламын деп ойламаппын. Мен сияқты жандар қысылмай шығып, өнерін көрсетіп, әлемге танылса екен деймін. Қайырымды жандар қазір өте көп. Мәселен, өнер жағынан алатын болсақ, бұрын әншілер продюсер арқылы танылатын болса, қазір халықтың өзі бағалайды. Арқадан қағатын адамдардың көп болғаны қуантады. Ең бастысы талмай, еңбектену керек. Халық мені денсаулығымдағы кемшілігім үшін емес, өнерім үшін жақсы көріп, сыйласа екен деймін, — деп өз эмоциясымен бөлісті Кенжебек Нұрдолдай.  

Баласы қатты ауырып жатқандықтан үшінші пәтердің иесі фестивальге келе алмаған екен. Сол себепті оған пәтер Жаңа жылдан кейін берілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылдан жылға жомарт жандардың қатары көбейіп келеді.

Фестиваль аясында Кенжебек Нұрдолдай, SENSITIVE би тобы, Алтыншаш Мұқатаева сынды ерекше қажеттілігі бар музыканттар мен бишілер өнер көрсетті. Сондай-ақ әйгілі әнші Димаш Құдайберген, эстрада жұлдыздары: Тамара Асар, Назима, «Бастау» тобы, Aidyn және тағы басқалары өз өнерлерін көрермендердің назарына ұсынды.

Айта кетейік, іс-шараны Biz Birgemiz Qazaqstan қоғамдық қоры Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.Билеттерді сатудан түскен барлық қаражат церебральды сал ауруы диагнозы қойылған балаларды оңалту орталығына қажетті медициналық жабдық сатып алуға жұмсалады.

Аяулым Серікқызы

Источник: kaz.elorda.info