Құжат Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға жіберілді
Фото: ашық дереккөзден
Жетінші шақырылған Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында қалада құрылған жаңа ауданға Нұра атауы берілді, деп хабарлады Elorda.info.
Еске сала кетейік, 1 желтоқсанда Астана қаласы ономастикасының кезекті отырысы өтіп, онда елорданың жаңа ауданының атын қою мәселесі талқыланған болатын.
Қаламызда бесінші аудан құру мәселесі біраздан бері көтерілген болатын. Бұл жөнінде қаладағы зиялы қауыммен, аға буынмен ақылдастық, еліміздің тарихына, жер-су географиясына қатысты мәліметті қарастырдық. Соңында екі негізгі ұсынысты ономастика комиссиясының күн тәрбітіне алып шықтық. Соңында Нұра атауы таңдалды, — деді қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мәслихат отырысында.
Жаңа ауданға қатысты екінші ұсыныс – Қараөткел атауы болған. Алайда лингвистер қазақ тілі ғылымында екі дауысты дыбыстың қатар келуі дұрыс емес деген сын айтқан еді.
Нұра – Ақмола облысы аумағындағы өзен, ұзындығы мың шақырымға жуықтайды, екі жүздей саласы бар, Қарқаралы тауынан басталып, Қорғалжындағы Теңіз көліне келіп құяды. Нұра – тарихымыз бен географиямыздағы маңызды өзендердің бірі, Есіл мен Нұра «қос өзен» деп те аталған. Осы бір символдық мәнді қарастырып, сол жағалауда Қабанбай батыр даңғылы мен Есілдің бір жағында Нұра ауданы болса, егіз ұғым болады деген тоқтамға келдік. Жалпы қос өзен мәдениеті елімізде ғана емес, әлемде бар – Ефрат пен Тигр, Еділ мен Жайық, Сырдария мен Әмудария, Шу мен Таластың ортасында Қазақ хандығы құрылғанын білесіздер. Осы себепті Нұра мен Есілді қатар қойдық, — деді Сәкен Есіркеп.
Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты мақұлдады және құжат Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға жіберілді.
Источник: kaz.elorda.info