Тақта граниттен жасалған
Фото: Сұлтан Сейітов
Бүгін Астанада қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, қоғам қайраткері Нұрғожа Оразға арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Сөз зергерінің қаламынан 50-ден астам кітап, поэмалар, әңгімелер жинағы, повестер, тарихи публицистикалық эсселер, романдар, пьесалар туған.
Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне Астана қаласы мәслихатының депутаттары, зиялы қауым өкілдері, университет профессорлары, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты.
Мемориалдық тақта қойылған үйде 1963 жылдан бастап Нұрғожа Нарынбайұлы тұрды. Бүгін қойылған тақта оның қоғамдық еңбегіне баға болуы керек. 1981-1995 жылдар аралығында Нұрғожа Ораз облыстық жеті дүркін айтыс өткізді. Ал 1951-1956 жылдары ол Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, Мұхтар Әуезовтың лекциясын тыңдады. Сондай-ақ 1992 жылдардан бастап «Сарыарқа» деген журнал шығарды. Бұл журналда тарихымыздың ақтаңдақтары, жыраулар, жыршылар, сал-серілер туралы мәліметтер шығарылды. Бұл — үлкен патриоттық еңбек. Нұрғожа Ораз табиғатынан педагог әрі күрескер. Ақмола қаласының мәдениетіне үлкен еңбек сіңірген бір ғажайып тұлға, — деді филология ғылымдарының докторы Серік Негимов.
Источник: kaz.elorda.info