үй Қазақстан жаңалықтары Экономика Алматы дамуы: жайлы қалалық орта

Алматы дамуы: жайлы қалалық орта

13
0


                Алматы дамуы: жайлы қалалық орта

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы өзінің дамуының бас жоспарында болашақтың нақты алғышарттарын бекіткен. Оның біріншісі – Жайлы қалалық орта. «Нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен дамуы, шаруашылық етудің жаңа нысандарының құрылуы қалалардың, қалалық мәдениеттің, қалалық сананың өзгеру процестерімен, өзгеше қалалық ортаның құрылуымен тығыз байланыста жүреді», — деп жазылған, даму жоспарында.

Қала тұрғыны өз өмірін өткізетін қалалық ортаның сапасы қалалар мен елдерді дамыту үшін негізгі ресурс – сапалы адами капитал үшін ірі қалалардың бәсекелестігіндегі маңызды факторға айналады. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі заманғы жайлы қалалық ортаны қалыптастырудың қала үшін ерекше әлеуметтік-экономикалық маңызы бар.  Сонымен қатар, бұл қоршаған ортаға және қолда бар ресурстарға зиян келтірместен адамның әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын аумақты тұрақты дамыту мен кеңістікті ұйымдастырудың басым қағидаттарының бірі болып табылады.

Қаланың экономикалық өсуін қамтамасыз ету, қордаланған әлеуметтік проблемаларды шешу, өзара үйлестірілген кеңістіктік жоспарлау процестерін енгізу және нақты жобаларды іске асыру жаңа қала құрылысы құралдары мен тәсілдерін енгізу арқылы мүмкін болмақ. Әлемдегі осындай табысты құралдардың бірі қалалық ортаны сапалы толтыруға, тұрғын үй, әлеуметтік, қоғамдық-іскерлік, өнеркәсіптік және басқа да ғимараттар мен құрылыстардың тепе-теңдігін сақтауға, жер және басқа да ресурстарды ұтымды пайдалануға, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту құралдары арқылы озық даму қағидаттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аумақты дамытудың полиорталықты моделі болып табылады. Халықты жаңғыртылатын немесе жаңа тұрғын үйлер салынатын қала аудандарына тарту үшін аса маңызды шарттардың бірі қолжетімді қоғамдық көлік, сапалы коммуналдық қызметтер және жаңа жұмыс орындарын құру болады.

Алматының полиорталықты дамуы

Алматы қаласы аумағының кеңістікте дамуы 2002 жылдан бастап бірқатар субъективті және объективті себептер бойынша көптеген өзгерістерден өтті. Жоспарда жазылғандай, аумақтың әркелкі даму себептерінің қатарына жер ресурстарын ұтымсыз қайта бөлу, қала маңы аймағының жерлерін қосу және жерді басып алу есебінен қала шекарасын бірнеше рет кеңейту, заңнамалық талаптардың өзгеруі жатады. Аумақтардың біркелкі дамымауы сәйкесінше қаланың әртүрлі аудандарының тұрғындары үшін өмір сапасының теңсіздігіне алып келеді. Бұл мәселені шешуге көпорталықтылық пен көпфункционалды даму ықпал етеді – бұл қала тұрғындарының тіршілік әрекетінің түрлі сценарийлерін қарастыратын, адам ауқымындағы орамдық құрылыстан тұратын жайлы жинақы өмір сүру тұжырымдамасы.

«Полиорталықтылықтың негізгі идеясы қалада бірнеше орталықтардың болуынан тұрады. Әрбір тұрғылықты тұру ауданы тұрғындарға вело-жаяу жүргіншілер қозғалысын ынталандыруға мүмкіндік бере отырып, барлық қажеттілігінің қадамдық қолжетімділікте болуын қамтамасыз етуі тиіс.  Қаланың барлық бөліктері қолжетімді қоғамдық көлікпен байланысты болуы, осылайша автомобильдерге тәуелділікті азайтуы және олардан атмосфераға шығатын зиянды заттардың мөлшерін қысқартуы тиіс. Елді мекендердің тепе-тең және тиімді тығыздығы сақталған және аудан қоғамдық, коммерциялық және басқа объектілермен толтырылған кезде бұл тәсіл экономикалық белсенділікті дамытуға және көшелерді әлеуметтендіруге ықпал етеді. Кеңістікте интеграциялану және көшелердің байланысты желісі есебінен тұрғылықты аудандар бір-бірінен және тарихи орталықтан оқшауланбайды», — делінген, бас жоспарда.

Бұл қаланың кез келген басқа нүктесіне оңай жетуге  мүмкіндік береді. Мұндай қозғалыстардың дәліздері тасымалдау, сауда, мәдени демалыс, ойын-сауық және т.б. саласындағы бизнес үшін тартымды болуы ықтимал.

Қазіргі жағдайды талдау

Қазіргі уақытта Алматының тарихи орталығы ықшам жайлы қаланың заманауи моделінің көптеген талаптарына жауап береді. Онда мектептер мен балабақшаларға, қоғамдық кеңістіктерге жаяу жүргіншілерге жақсы қолжетімділік бар, ал қаланың қалған бөлігі жақсартуды қажет етеді: бұл 1970-1980-шы жылдардағы көшелері тығыз емес шағын аудандар салынған учаскелер және бастапқыда ауыл мақсатындағы қосылған аумақтар.

Бүгінде Алматының қалалық кеңістігі «орталық-шеткі аймақтар» классикалық тізбегі болып табылады және жаппай толыққанды біркелкі даму үшін мүмкіндіктерді іске асырмайды. Бұл аудандар арасындағы экономикалық сәйкессіздіктерге алып келеді. Мысалы, Алмалы ауданы негізгі құралдардың құны бойынша қалған аудандардың жиынтық көлемімен сәйкес келеді. Тағы бір – әлеуметтік – қалалық аудандардың дамуындағы тепе-теңсіздік аспектісін қаланың вернакулярлық немесе басқаша айтқанда «менталды аудандарының» картасы көрсетеді. Бұл халықтың санасында бар, жергілікті бірегейлікті айқындайтын, бұл ретте ресми мәртебесі немесе әкімшілік шекарасы жоқ аудандар.

Жоспар бойынша, вернакулярлық аудандардың схемасы қаланы оның тұрғындарының қалайша көретінін білдіреді. Ұсақ аудан – бұл жол қиылысы, дүкен, театр, саябақ немесе басқа объект болуы мүмкін – белгілі бір белсенділікпен байланысты күнделікті пайдалану орны. Ұсақ аудандардың көптеген саны белсенділіктің алуан түрлілігін, ал ірі аудандар – олардың шектеулілігін білдіреді. Сәйкесінше ұсақ вернакулярлық аудандардың шоғырлануы неғұрлым жоғары болса, белсенділік орталығы болу үшін осы аумақтың әлеуеті соғұрлым жоғары болады.

«Вернакулярлық аудандарды дамыту олардың тұрғындарының бірлігін арттыру, тұтыну аймағын қалыптастыру, мәдени мекемелерді, коммерциялық емес ұйымдарды басқару, сондай-ақ туризмді ынталандыру тұрғысынан перспективті болып табылады. Тұрғындардың экономикалық және мәдени белсенділігі бар қауымдастықтары нәтижесінде қалыптасқан тарихи өзектегі «менталды аудандардың» барынша тығыз шоғырлануы осы аумақтың көп функционалдылығының дәлелі болып табылады. Ал, вернакулярлық аудандар үлкенірек болатын маңызды қалалық кеңістіктер шектеулі функциялар жиынтығын көрсетеді (мысалы, тек ұйықтау функциясы), бұл тарихи өзектің көпфункционалды аймақтары мен еңбек ету  орындарының бағытына қарай белсенді қатынамалы көші-қонды білдіреді», — деп жазады, жоспар авторлары.

Полиорталықты дамуға бағытталушылық – жаңа тартылыс орталықтарының құрылуы есебінен қала бөліктерінің даму тепе-теңдігі – тұратын аудандарда халыққа жетіспейтін және тарихи орталықта қолжетімді ортаның сапалық сипаттамаларын талдау қажеттілігін талап етеді. Талдау негізгі айырмашылықтар құрылыс ауқымында, қоғамдық кеңістіктердің әртүрлілігінде, қалалық орта функцияларында жатқанын көрсетеді.

Маңызды проблемалық бағыттардың біріне Алматы қаласындағы аудандар арасындағы байланысты дамыту қажеттілігін ескермей жүзеге асырылатын қазіргі нақты тұрғын үй құрылысының сипаты жатады. Көбінесе, әлеуетті әлеуметтік-экономикалық дәліздерді тұрғын үй кешендері жауып қалады. Мысалы, 2018 жылы Шагабутдинов пен Шәріпов көшелерін ұзартып салу арқылы солтүстік-оңтүстік байланыс қолжетімді болды, оларды 2021 жылы тұрғын үй кешені жауып қалды. Сонымен қатар, тығыз құрылысты қала тұрғындары сынға алады, өйткені ол көбінесе «ескек жел» мен тұрғындардың қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен – балабақшалармен, мектептермен, емханалармен қамтамасыз етілу қажеттілігін ескермейді. Өткен ғасырдың құрылыс аудандарында жаңа көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің пайда болуы тозған инженерлік желілер үшін, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы үшін артық жүктемеге алып келеді. Бұдан басқа, жаңа құрылыс объектілері қаланың сәулет стиліне сәйкес келуі керек. Ол қазірдің өзінде қалыптасқан, бірақ қазіргі заманғы үрдістерге байланысты табиғи өзгеріске ұшырайды. Сондай-ақ, қаланың қазіргі қалыптасқан кеңістікте ұйымдастырылуының ерекшеліктерін атап өткен жөн. Соңғы он жылдықтарда қаланың негізінен орталық және тау бөктеріне жақын жоғарғы (оңтүстік) бөлігі дамыды. Халықтың өмір сүру сапасында айырмашылық және қаланың Райымбек даңғылынан жоғары және одан төмен бөліктерге бөлінуі анық байқалады, бұл көшелердің қолжетімділігін кеңістікте талдаумен расталады

«Бұл бөлу сызығы қала аумағы арқылы және экономикалық өлшемде өтеді. «Қала тұрғынының сауалнамасы» урбанистикалық зерттеудің алдын ала нәтижелері көрсеткендей, бірінші қажеттіліктегі тауарларға жұмсалатын шығындар үлесінің Райымбектен жоғары және төмен бөлікте айырмашылығы шамамен 10%-ды құрайды»

Сонымен қатар, зерттеу алматылықтардың маңызды қажеттіліктерін анықтады. Оның алдын ала нәтижелері бойынша қала тұрғындарына негізінен қоғамдық кеңістіктер, балаларды дамыту орталықтары, үйірмелер, секциялар, спорт алаңдары жетіспейді. Жаяу жетуге болатын коммерциялық объектілерден фитнес орталықтар, шығармашылық шеберханалары, отбасылық кафелер мен коворкингтер жеткіліксіз. Сондай-ақ, жерді пайдалану функцияларын талдау нәтижесінде шеткері аудандардың аумағында жаяу жүргіншілердің әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне (мектептер, балабақшалар, ауруханалар, театрлар, стадиондар, пошта және т.б.) жаяу жете алмайтыны анықталды.

Бүгінгі таңда тепе-теңсіздіктер жойылмайынша қала тұрғындары жиі және ұзақ қозғалыстар жасайды, бұл азаматтардың тіршілігі белсенді жерлерге жету уақытын ұзартады және шеткері аудандарда көше-жол желісі мен қоғамдық көліктің жеткілікті дамымауымен бірге автомобильдерді белсенді пайдалануға алып келеді. Бұдан басқа, жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижелері бойынша алматылықтардың 60%-ы қоғамдық көлікті пайдаланады. Бұл ретте алматылықтардың 40%-ы жұмыс күндері жолға 45 минуттан бір сағаттан астам уақыт жұмсайды. Алмалы, Бостандық және Медеу аудандарының ғана жеткілікті дәрежеде әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгенін көрсетеді. Бұл инженерлік инфрақұрылымға да қатысты. Қалаға қосылған аумақтардан құрылған жаңа аудандардың әлеуметтік, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі әлдеқайда төмен. Жаңа аудандардың әрқайсысында бұл инфрақұрылым жеке дамыды. Соның салдарынан орталықтандырылған магистралды желілердің жетіспеушілігімен немесе олардың болмауымен сипатталады.

Халықаралық тәжірибе

Сәтті дамып келе жатқан қосалқы орталықтың мысалы ретінде Лондонның Кингс Кросс ауданын келтіруге болады. Бұл бұрын қолайсыз болған жер соңғы он жылдықтарда лондондық реконструкциялаудың негізгі бағыттарының біріне айналды. Тарихи қонақ үй мен Сент-Панкрас теміржол вокзалының ашылуы маңызды қадам болды, бұл ауданға  инвестиция тартуға жол ашты. Кешенді даму үшін жоспарлауға жауапты органдар құрылды және белгілі бір нормативтік ережелер қабылданды. Қала тұрғындары шеберлік-жоспарын әзірлеуге белсене қатысты, ол жергілікті қауымдастықтардың талап етуімен бірнеше рет түзетілді. Қазір аудан қарқынды дамып келеді: мыңдаған жаңа үйлер салу жоспарланған, түрлі мәдени объектілер – университеттер, музейлер, кітапханалар ашылуда. Сент-Панкрас және Кингс Крос станцияларының арасында үлкен жаңа ғимаратты иеленетін Google компаниясы құны миллиард фунт болатын ғимараттың құрылысын салуда. Нәтижесінде, полиорталықты дамыту жобасы 10 мыңнан  астам жұмыс орнын және қала экономикасы үшін жылына 600 млн фунт стерлингтен астам қосымша құнды қамтамасыз етті. Полиорталықтық дамудың тағы бір айқын мысалы Токио болып табылады. Егер Лондонда орталықтан шеткі аудандарға қарай сызықтардың сәулелік  құрылымы болса, Токио бірнеше бірдей байланысты қалалық және жергілікті полиорталықтарды құрайды және бұл тиімді ұтқырлықты қамтамасыз етеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, полиорталықтылық тиісінше іске асырылған жағдайда қала экономикасының өсуіне, жайлылықты, қауіпсіздікті арттыруға және таланттарды тартуға жағдай жасайды.

«Бұл ретте, жаңа орталықтардың формальды түрде ғана емес, сонымен бірге қала тұрғындарының санасында да сондай болуы маңызды. Жасанды құрылған орталықтардың ұзаққа бармауының бір айқын мысалы Берлин болып табылады, ол Берлин қабырғасы құлағаннан кейін моноорталықтылыққа қайтып оралды», деп ескертеді, жоба авторлары.

Алматы қаласында көпорталықтылық тұжырымдамасын іске асырудың сәттілігі жоспарлау мен орындау сапасы, кадрлардың біліктілігі, қала әкімшілігі мен жергілікті қоғамдастықтардың ынтымақтастығы, қала тұрғындарының жаңа орталықтарды мойындауы және оларды табиғи тартылу орындарына айналдыру сияқты көптеген факторларға байланысты болады.

Іс-қимыл жоспары

Алматы агломерацияның өзегі болып табылады, ол да біртіндеп урбандалып келеді. Бұл қала шекарасының экстенсивті кеңеюінен полиорталықтылық тұжырымдамасы аясында қазіргі бар кеңістікті қарқынды дамытуға көшу қажет болатын процесс. Таңдалған тәсілдің негізі ретінде «Алматыбасжоспары» ҒЗИ ЖШС жүргізген математикалық модельдеу негізінде Алматы үшін бірегей болып келетін талдау нәтижелері алынған. Қазіргі көшелердің түрлері және олардың әлеуеті туралы соңғы деректер жиналды. Тұрғындардың экономикалық және әлеуметтік белсенділігі олар тұратын аумақтардың кеңістіктегі сипаттамаларымен салыстырылды, сондай-ақ қаланың әртүрлі даму сценарийлеріне салыстырмалы талдау жүргізілді.Қазіргі тарихи орталықтың оны қоршап тұрған аудандармен және шеткері аймақтармен байланысы үшін Алматы қаласының қолданыстағы Бас жоспарында ұзын магистралды артерияларды төсеуді көздейді. Бұл қатынамалы көші-қон және тығыз трафик түріндегі салдары бар қала өзегінің басқа аудандардан басым болу жағдайының сақталуын білдіреді. Сонымен қатар, талдау нәтижелеріне сәйкес, 140-250 метр көше желісі бар тарихи өзек қана басқа аудандарға қарағанда жалпы қалалық орталықтың барлық сипаттамаларына ие. Алматының барлық тұрғындары үшін қала өзегінің тартымдылығын ескере отырып, көшелердің тығыздығы жоғары орамдық құрылымның дәл осы моделін полиорталықтарды дамытудың негізі ретінде алу туралы шешім қабылданды.

«Барлығы мұндай көпорталықтардың бесеуі қарастырылады: «Солтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-батыс», «Шығыс қақпасы» және «Тарихи орталық». Оларға мегаполис тұрғындары өсімінің басым бөлігі орналастырылады. 2022 жылдың желтоқсанында бекіту жоспарланған Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарына бес полиорталықты қосу «Жайлы қалалық орта» бағытын іске асырудағы алғашқы қадам болып табылады»

Одан әрі бес жаңа полиорталықтың шеберлік жоспарлары әзірленетін болады. Бұл құжаттарда бес жаңа орталықтың өзара байланысты аумақтар желісі ретінде перспективті пайымының нақты толықтырылуы берілмек. Олардың әрқайсысы барлық қажетті тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы бар толыққанды, жинақы аудан болып табылады.

Осыған байланысты қала аумағын дамытуды екі негізгі қарама-қарсы және бірін-бірі толықтыратын бағыт бойынша жүзеге асыру жоспарланған: Алматы қаласының қазіргі бар құрылысын қалпына келтіру, жаңарту және жаңғырту; Реконструкциялау іс-шаралары арқылы бос аумақтарды да, қолданыстағы құрылыс аумақтарын да игере отырып, полиорталықтарды дамыту.

#алматы #жоспар

Источник: nege.kz