209 Awrora
Фотосурет: DKNews
Банктегі салымды мерзімінен бұрын қалай алуға болады?
ҚР азаматтық заңнамасы банктерді салымды немесе оның бір бөлігін салымшыларға олардың бірінші талабы бойынша беруге міндеттейді.
Банк салымы шарты бойынша белгілі бір мерзімді көздейтін салымдар бойынша (ҚДКБҚ жіктелімінде – мерзімсіз, мерзімді және жинақ салымдар) банк ақша қаражатын осы мерзім туындаған шақта беруге міндетті.
Салымшының қалауы бойынша банк салымды мерзімінен бұрын қайтара алады. Алайда салымның түріне қарай қайтару мерзімі әртүрлі болуы мүмкін: мерзімді және мерзімсіз салым бойынша – күнтізбелік 7 күннен кеш емес, жинақ салымдар бойынша – салымшының талабы келіп түскен сәттен бастап, күнтізбелік 30 күннен ерте емес уақытта беріледі.
Салымдағы ақшаны мерзімінен бұрын мына екі әдіспен алуға болады:
- ішінара, шартты мерзімінен бұрын, азайтуға болмайтын қалдыққа дейін;
- шартты мерзімінен бұрын бұзып, салымды толығымен алу.
Жинақ салым бойынша ақшаны мерзімінен бұрын ішінара алу көзделмеген. Салымшы бұл ретте шартты бұзып, оны мерзімінен бұрын толығымен алуға ғана құқылы. Бұл ретте салымшы жинақталған сыйақысынан толығынан дерлік айырылады – ол талап етілмелі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.
Мерзімді салымдар бойынша ақшаны азайтуға болмайтын қалдыққа дейін ішінара алуға болады. Егер салымшы жинақ ақшаларын толығымен алғысы келсе, онда ол банк салымы шартын мерзімінен бұрын бұзуы қажет. Екі жағдайда да салымшы жинақталған сыйақысының елеулі бөлігінен айырылады.
Мерзімсіз депозиттер бойынша ақшаны азайтуға болмайтын қалдыққа дейін алуға рұқсат етілген. Бұл ретте салымшыға ешқандай шығын келмейді. Алайда егер салымшы банк салымы шартын мерзімінен бұрын бұзып, ақшасын толығымен алғысы келсе, бұл жағдайда ол жинақталған сыйақысының айтарлықтай бөлігінен айырылуы мүмкін. Осылайша мына заңдылықты есте сақтаған жөн, мерзімсіз салымнан ақшаны мерзімінен бұрын ішінара алу мен мерзімсіз салымды мерзімінен бұрын бұзу — бұл мүлдем екі түрлі жағдай. Қанеки, осы мәселені толығырақ талқылап көрелік.
Ең алдымен, банк салымы шартының барлық талаптарын мұқият зерделеу қажет. Мерзімсіз салымды ішінара алу барысында банктердің анағұрлым кең таралған талаптарын қарастыралық:
біріншіден, салымшы банк салымы шартын бұзбастан, мерзімсіз салымнан сыйақыны жоғалтпай, азайтуға болмайтын қалдыққа дейін ақша алуына болады. Банк азайтылмайтын қалдықтың мөлшерін өз бетімен белгілейді және ол банк салымы шартында көрсетіледі;
екіншіден, салымшы депозит ашқан соң, бірнеше күн ішінде – әдетте 15 күннен 1 айға дейінгі уақыт аралығында одан ақша алғаны үшін банк комиссия ұстап қалуы мүмкін. Егер салымшы осы уақыт ішінде салымынан ақша алатын болса, онда банк комиссия ұстап қалуы немесе шарттың талаптарына қарай сыйақы есептемеуі әбден мүмкін.
Банк салымы шартын мерзімінен бұрын бұзу барысында мерзімсіз салым бойынша мынадай талаптар көзделуі ықтимал:
- есепке жазылған сыйақылар жойылуы мүмкін;
- сыйақы талап етілмелі салым бойынша қайта есептелуі мүмкін (0,1%);
- есепке жазылған сыйақы ішінара ұстап қалынуы мүмкін;
- сыйақы салымның шотта жатқан нақты күндерінің санына қарай толық көлемде төленуі мүмкін.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе айтар болсақ, кез келген
салымды мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік бар. Алайда ең бастысы, салымды мерзімінен бұрын алу және банк салымын мерзімінен бұрын бұзу талаптарына баса көңіл бөлген жөн. Сондықтан салымды ашудан бұрын, шарттың барлық талаптарымен, әсіресе ақшаны мерзімінен бұрын алу және шартты мерзімінен бұрын бұзу талаптарымен мұқият танысып шыққаныңыз жөн. Бұл білімдер депозиттен ақшаны ең аз шығынмен алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әртүрлі салымдардың әртүрлі міндеттерді шешуге арналғандығын есте сақтаған жөн. Сондықтан ақшаны қандай мақсатта жинайтыныңызды айқындап алыңыз. Тек содан кейін барып, салымды таңдау бойынша байыпты шешім қабылдаған абзал.
Қосымша ретінде айтарымыз, халықты хабардар ету жүйесін кеңейту және ыңғайлы ету аясында банктер 2024 жылдың тамыз айынан бастап, банк салымы шартына қол қою барысында салымшыларды салымның негізгі талаптарымен таныстыруға міндетті[1]. Жаңа талаптар салымшылардың қандай да бір салымның ерекшеліктерін дұрыс түсінулерін және толық хабардар етпеу тәуекелін айтарлықтай азайтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Енді банктер салымдар бойынша негізгі талаптарды түсінікті етіп жеткізе білулері тиіс. Олардың ішінде міндетті түрде салымның түрі және ол бойынша максималды кепілдік сомасы, салымның валютасы, сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері, салымды мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі, салымды келесі мерзімге ұзарту және тағы басқа да ақпараттар болуы керек. Салымның негізгі талаптары бойынша мағлұматтар клиент банк салымы шартын жасасу барысында қол қоятын өтініштің немесе басқа да құжаттың алғашқы бетінен бастап-ақ орналастырылуы тиіс. Бұл жерде бір айта кететін жайт, банк салымы шарты сол банктің мобильді қосымшасы арқылы электронды нысанда жасалса да жоғарыда аталған талаптың күші сақталады.
Еске саламыз, сіз қазірдің өзінде банктік өнімнің жекелеген негізгі талаптары туралы біле аласыз (түрі, валютасы, қаражатты мерзімінен бұрын алу талаптары және максималды кепілдік сомасы). Мұндай ақпарат банк шоты/салымы шартын жасасу барысында клиент қол қоятын жекелеген құжатта көрсетіледі (онлайн – банктің мобильді қосымшасы/сайты арқылы, жазбаша – оның бөлімшелерінде).
Толығырақ мына жерде танысып шығуға болады.
[1] «Банктік қызметтерді көрсету және банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 136 қаулысы
Источник: dknews.kz