үй Қазақстан жаңалықтары Экономика «Тоқаев пен Назарбаевты Гаага сотына!» Сайлау күні Астанада белсенділер ұсталды

«Тоқаев пен Назарбаевты Гаага сотына!» Сайлау күні Астанада белсенділер ұсталды

4
0


"Тоқаев пен Назарбаевты Гаага сотына!" Сайлау күні Астанада белсенділер ұсталды

ЖАҢАЛЫҚТАР "Тоқаев пен Назарбаевты Гаага сотына!" Сайлау күні Астанада белсенділер ұсталды Арнайы жасақ Астанада белсенді Ғалия Тамабаеваны ұстап жатыр. 19 наурыз 2023 жыл. Бөлісу

  "Тоқаев пен Назарбаевты Гаага сотына!" Сайлау күні Астанада белсенділер ұсталды Бөлісіңіз

19 наурызда мәжілісті және мәслихатты кезектен тыс сайлау өтіп жатқан тұста Астанада бірнеше белсенді ұсталғаны хабарланды. Бұған қоса, бірнеше қалада белсенділер үйінің маңын полиция мен белгісіз адамдар аңдып жүргенін айтты.

Елдегі оппозиция жұртты 19 наурызда сайлауға қарсы наразылыққа шығуға шақырған. Билік мәжіліс сайлауынан кандидатурасын алып тастаған белсенді Амангелді Жахинді Астанада маска таққан белгісіз адамдар ұстап әкетті.

Белсенді наразылық білдіру үшін Астанадағы Кенесары хан ескерткішіне кетіп бара жатып, Facebook-парақшасында тікелей эфирге шықты. Эфирде ол бейбіт митинг өткізу туралы әкімдікке ескерткенімен, жергілікті билік наразылық шарасына рұқсат бермегенін айтты.

Кейін Жахинді белгісіз екі адам ұстап әкетіп, оның Facebook желісіндегі эфирі үзіліп қалды.

Бұған қоса, Кенесары хан ескеркіші жанында арнайы жасақ азаматтық белсенді Ғалия Тамабаева да күштеп ұстап әкетті. Ол бейбіт наразылық шарасында 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасын халықаралық тергеуді талап етпек болған.

Тамабаева арнайы жасақ ұстап әкетіп бара жатқанда, "Тоқаев пен Назарбаевты Гаага сотына!", "Путин сияқты Тоқаевты да Гаага сотына!" деген сөзін айтып үлгерді.

Тамабаеваның ұсталғанына Қазақстандағы адам құқығы бюросының заңгері Артур Алхастов куә болған. Қорғаушының сөзінше, полиция Кенесары хан ескерткіші жанында он шақты адамды күштеп ұстаған.

– Он шақты адамды ұстағанын көрдім. Олардың арасында бір-ақ әйел болды. Ғалия Тамабаева плакатын көтеріп, ұран айтып үлгерді. Бұдан бөлек, полицияның сол маңда жай өтіп бара жатқан адамдарды да ұстағанын байқадым. Олар өздерін не үшін ұстағанын білген жоқ. Телефондарын тартып алған. Полиция дөрекі түрде ұстады. Аяқ-қолын бұрап, микроавтобустарға тығып, себептен-себепсіз әкетіп жатты. Мұның бәрі – күштеп ұстау. Оның заңбұзушылыққа ешқандай қатысы жоқ, – деді Алхасов.

Астанада белсенді Марат Мұсабаев ұсталғаны да хабарланды. Желіде жарияланған видеода бір топ полицейдің Мұсабаевқа қарай жүгіріп бара жатқан сәті көрінеді. Оның видеосы "мені де ұстап әкететіні анық" деген сөзінен кейін үзіліп қалды.

19 наурызда тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының бастамашыл тобының мүшесі Марат Жыланбаев үйінің маңында белгісіз адамдар аңдып жүргенін хабарлаған.

Азаттық Астанада адамдардың ұсталуына байланысты ІІМ өкілінен ақпарат сұрағанымен, қазірге жауап келген жоқ.

Сайлау күні Павлодар, Екібастұз, Ақсай (БҚО), Көкшетау қалаларында, Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Бобровка ауылында да белсенділерді аңду болғаны айтылды.

Астанада, Алматыда, Ақсайда (БҚО) және Қостанайда жергілікті билік 19 наурызда сайлауды заңсыз деп тануды талап ететін митингілерге рұқсат бермеген.

Источник: www.azattyq.org