үй Қазақстан жаңалықтары Жауынгер жолы

Жауынгер жолы

20
0

333 Awrora

Жауынгер жолы

Биыл 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толады. Мәліметтерге сүйенетін болсақ, Қазақстаннан 22 мың сарбаз аттанған соғыста олардың 10 мыңға жуығы қаза тауып, 21 жауынгер із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл әскери қақтығыс XX ғасырдың қаралы беттерінің бірі болып қалады. Өмір мен өлімнің ортасында азаматтық борышын өтеген сан мыңдаған жас өркеннің тағдырына көп өзгеріс әкелген де – осы Ауған қасіреті еді. Осы орайда, Ауған соғысының ардагері, Ұлттық ұланның запастағы полковнигі Бауыржан Досжановпен болған әңгімемізді ұсынғалы отырмыз.

Бауыржан Алайнаұлы 1963 жылдың 3 наурызында Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1980 жылы туған жеріндегі №43 орта мектепті аяқтағаннан кейін аталмыш қаладағы Жөндеу-механикалық зауытына фрезерлеуші болып жұмысқа орналасады. Сол зауытта бір жылдай еңбек етеді және 1981 жылдың сәуір айында әскерден шақыру қағазы келіп, азаматтық борышын өтеуге аттанады. Қырғыз КСР-нің сол кездегі астанасы Фрунзе қаласы арқылы Түркімен КСР-нің астанасы Ашхабад қаласына әскери борыштарын өтеу үшін бірнеше жастарды әскерге алып кетеді. Қызылорда қаласынан шақырылған барлығы 36 баланың осы тұста ересек өмірге деген қадамдары басталды. Оларды алғашқы күннен бастап әскери өмірге машықтап, әскери форма кигізіп, тәртіп пен әскери өмірдің қатаң ереже-қағидаларымен таныстырады. Бір жарым ай көлемінде жауынгерлік өмірдің қыр-сырын меңгерген жас сарбаздар Әскери ант қабылдап, нағыз сарбаз атанады. Міне, осыдан кейін оларды қан мен шайқастың ортасы Ауған соғысына аттандырады.

Жауынгер жолы

–        Әскерге келіп, жауынгер үшін жауапты сәт – Әскери ант қабылдағаннан кейін біздерге «Сендер нағыз жауынгер атандыңдар, енді сендерді ауған жеріндегі соғысқа аттандырамыз!» деген бұйрықты естіген кезде, әрине, қорқыныш сезімі болды. Себебі, ауылдан енді ғана келген жап-жас балалармыз, танымайтын елге келіп, әскери өмірге енді ғана үйреніп жатқан тұста, мынадай хабарды естігене бойымызды үрей билегені шындық. Бірақ, ер-жігітке тән асыл қасиеттер мен намысымызды оятып, тез арада ойымызды жинақтауға тырыстық. Бізді бірнеше ай көлемінде арнайы дайындықтан өткізді. Әр түрлі ұрыс тәсілдеріне, оқу-ату жаттығуларына, жауынгерлік әзірлікке бейімдеді. Сонымен, 1981 жылдың маусым айында бізді ұшаққа отырғызып, Ауғанстан Демократиялық Республикасының астанасы Кабул қаласына алып келді. Сарбаздарды жан-жаққа бөліп, мені Чарикар қаласындағы 177 әскери бөлімінің мотоатқыштар бөлімшесіне жіберді. Осы тұста менің есіме бір жағдай түсіп отыр. Біз соғысқа алғаш келген күні үрей тудыратын мынадай бір оқиға болған еді. Біздің барлығымызды алуан түрлі әскери машиналарға отырғызып, әскери бөлімге колоннамен алып келе жатқан болатын. Жол бойы алдымен Баграм қаласына келдік, ол жақта десантты-штурмды батальон бар екен, сол жерге бағыт бойынша келе жатқан сарбаздарды қалдырып, бізді әрі қарай алып кетті. Сол тұста біздің әскери техникамызға дұшмандар оқты жаудырып, атқылай бастады. Жанымыздағы сержанттар қолымызда қаруымыз болмағандықтан, бізге «Жатыңдар!» деген пәрмен берді. Оқтар брезенттерді тесіп өтіп жатқан кездегі үрейімізді айтып жеткізе алмаспын. Сол жерде соңғы колоннадағы әскери техниканы гранатамен жарып жіберді, әскери машина ішіндегі адамдарымен қоса жанып кетті, күлі шашылып, ойран болды. Бірақ біз абдырап тұрмадық, әрі қарай қызметімізге кірісу үшін әскери бөлімге жол тарттық. Осы жағдай менің әлі күнге дейін есімде қалды. Менімен бірге әр ұлттың сарбаздары орыстар, хохолдар, белорустар, грузиндер,  қырғыздар, өзбектер, ал қазақ елінен екі бала ғана болдық. Ол жақта үнемі әскери дайындық бойынша сабақтар жүргізіліп отырды. Сөйтіп, соғыс уақытындағы күндеріміз өтіп жатты. Мені барлау батальонының барлаушысы болып бекіткен болатын. Тағы бір мынадай оқиғаны айта кетейін. Бір жолы бізді Пандчар шатқалына қарай дұшмандарға қарсы ұрысқа алып шықты. Біздің барлау батальоны БМП, БТР, МТЛБ-ға  мініп, колоннамен жүріп келеміз. Біз көпірден өткеннен кейін дұшмандар көпірді (мостты) жарып, таулы жерлерден жан-жағымыздан атқылай бастады. Біз де оларға қарсы автоматпен атқылап, қарсылық білдіріп жатырмыз. Алдымыздағы көлікті атқылап жатқанда біздің әскери көлік не кері шегінерін білмей, не алға жүрерін білмей, қақпанға түсіп қалдық. Сол тұста батальон командирі майор С. Цымбалдың бұйрығымен сыртқа шығып, оларға қарсы атқылап, біз де шабуылдап жатырмыз. Бір кезде алдымызда келе жатқан аға барлаушы Алексей Лосевтің аяғына оқ тиді. Ол айқайлап, құлап түсті. Сол кезде взвод командирі аға лейтенант Андрей Бондарев дауыстап айқайлап, «Кім аға барлаушыны оқ астынан алып шығады?» деп көмек сұрады. «Мен барамын!» деп алға шығып, еңкейіп, сосын еңбектеп жүгіріп, көмектестім. Оған қолұшымды созып, оны иығыма салып, артқа қарай алып шықтым. Сол тұста дәрігерлердің көмегіне жүгініп, оған медициналық көмек көрсетілді. Бізге де жан-жақтан әр түрлі әскери техникалар көмекке келіп, дұшмандарға қарсы оқ жаудырып, оларды ығыстырдық.

Қызмет барысында мен құпия нүктелерде де болдым. Дұшмандар барлығын бақылап, колонналардың қай тұстан келе жатқанын бағдарлап отырады. Олар миналар қойып, гранатаатқышпен, минометпен атқылап отырады, біз олардан қорғану үшін соның барлығын барлап отыратынбыз. Үнемі арнайы операцияларға, рейдтерге шығып отырамыз. Тағы бір есімде қалған оқиға – барлау бөлімшесінен бес әскери қызметшінің дұшмандардың орналасқан жерін іздеу және олар туралы мәліметтерді жинақтау үшін жауынгерлік тапсырмаға жіберді. Бес адамның құрамында мен және аға барлаушы, байланысшылар бар болатын. Мен шептің артында келе жатқам, ағаштардың арасынан сыбдырлаған дауыс естідім. Жалт бұрылып қарасам, қолында суық қаруы – пышағы бар дұшман маған тап берді. Мен әскерге дейін самбо күресімен айналысқан болатынмын, осы тұста соның көп көмегі тиді. Екеуміз бір-бірімізбен сол жерде айқасып, сайдан төмен қарай құлап кеттік. Дұшман жерге құлағанда менің астымда қалды. Қатты соққы болған болуы керек, мен есімнен танып қалыппын. Біздің барлаушылардың айтуы бойынша, мен пышақ ұстап тұрған қолын қатты ұстап, жібермей қойғанмын. Қарсыласымның басы жарылып, жараланған. Содан бері денсаулығыма зиян келіп, ми шайқалған деген дәрігерлер қорытынды шығарған болатын. Бірақ, қазіргі уақытта жағдайым жақсы, – деп полковник Бауыржан Досжанов сол сұрапыл соғыстағы ауыр күндерді еске алды.

Полковник Б. Досжанов сан рет ажал аузынан аман қалып, ауғандықтардың қарша бораған оғынан құтылып, елге оралғанына  өзі де таң қалады екен. Соғыстан дінаман келгені ата-ана, бауырлары мен үлкен әжемнің дұғасының күшінен болар дейді. Ауған соғысы ардагерінің кеудесі төс белгіге толы. Ең қымбаты мен қадірлісі – «Ауған соғысының ардагері» естелік-ордені. Себебі бұл марапат қанды шайқастың куәгері ретінде берілген ардақты марапат болатын. 

Жауынгер жолы

Бауыржан Алайнаұлы 1984-1988 жылдар аралығында Ленинград қаласындағы Әскери институтта Дене шынықтыру дайындығы бойынша  оқып, білім алған. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін «лейтенант» әскери шенін алып шығады. Ұлттық ұлан қатарында, сол кездегі Ішкі әскер қатарында 1988 жылдың тамыз айынан бастап қызмет атқарған. Яғни 1988 жылдың тамыз айынан бастап 1992 жылдың ақпан айына дейін Әзірбайжан ССР  Баку қаласындағы 6500 әскери бөлімінде «лейтенант» шенінде дене шынықтыру дайындығының бастығы қызметі лауазымынан бастап, Алматы қаласының Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер қаласындағы 6654 әскери бөлімінде және 1997-1999 жылдары аралығында Астана қаласындағы Ішкі әскер Комитетінің дене шынықтыру дайындығы және спорт бастығы лауазымын атқарған. Сонымен қатар, 5515 және 6800 әскери бөлімінің денешынықтыру дайындығы мен спорт қызметінің бастығы лауазымдарында да өзінің тәжірибесін шыңдаған офицер. ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Жоғары әскери училищесінің Дене шынықтыру дайындығы мен спорт кафедрасы бастығының орынбасары лауазымдарында да жемісті еңбек етті. Осы Жоғары әскери училищеден, яғни қазіргі Ұлттық ұлан Академиясынан 2012 жылдың желтоқсан айында Дене шынықтыру дайындығы және спорт кафедрасының бастығы лауазымында полковник шенінде запасқа шығады. Бірақ, өзінің мол тәжірибесі мен білімін өзінен кейінгі жастарға үйрету мақсатында аталған әскери оқу орнына қызметкер ретінде жұмысын жалғастыра береді. Бірақ, отбасы жағдайына байланысты 2021жылы елордаға көшіп келіп, бүгінгі таңда Астана қаласы М. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық Заң университетінің Әскери кафедрасында аға оқытушы қызметін атқаруда, яғни запастағы лейтенанттар мен сержанттар дайындау бойынша жалпы тактика пәнінен сабақ беруде.

Бүгінгі таңда кейіпкеріміз жан-жары Гүлнар Маркашқызымен Руслан, Александра, Арман және Айсұлу есімді ұлқыздарды тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Сүйкімді қылықтарымен ата-апасын елітіп отырған екі немересі бар. Бауыржан Алайнаұлының жолдасы Гүлнар Маркашқызы  да осы Ұлттық ұлан сапында прапорщик шенінен 2010 жылы зейнеткерлікке шыққан. 

Сөз соңында, Ауған жерінде жауынгерлік міндетін абыроймен атқарған ардагер полковник Бауыржан Досжановтың ерен ерлігі мен адал қызметі бүгінгі ұрпаққа үлгі болатынына сенімдіміз. Отбасыңыз аман болып, атқарған қызметіңіздің жемісін көре беріңіз дегіміз келеді!

Лейтенант

Құралай Қоңыратбаева

Источник: dknews.kz