үй Қазақстан жаңалықтары Көне қаладағы қарауыл

Көне қаладағы қарауыл

435
0

277 rob

Көне қаладағы қарауыл

Тарихы терең Тараз қаласы. Түс ауа аталған қалаға келіп жеттік. Алдында ғана мамыражай көктемнің жылы лебі көрінгендей болғанымен, қыс қайтадан қаһарына мінді.

Көне қала ақ кілеммен жамылды. Біз із түспеген жолмен қала шетіне қарай жол жүріп барамыз. Арамызда атқыштар батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Нұрсұлтан Рахымбай отыр. Біз күре жолдың бойынан солға қарай бұрылдық. Қоңыр пальто киген, ала орамал жамылған егде жастағы әйел азамат қол былғап, көлігімізді тоқтатуға тырысты. Көлігіміз тоқтады да, жүргізуші: «Апай ренжімеңізші, көлігіміз толы еді» деп әрі қарай жүріп кетті. 

– «Бұл сотталғандардың анасы болуы мүмкін. Әдетте осы жаққа адамдар бекерден бекер бара бермейді. Алып кету керек пе еді? Жәә, біз болмасақ, басқа көлік те алып кетер. Әлі де көліктер жүреді ғой»,-  деді капитан Нұрсұлтан Рахымбай.

Көне қаладағы қарауыл

Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне барған сапарымызда біз  атқыштар батальонынан қарауыл қызметімен танысуымыз осылай басталды. Алыстан сұр ғимараттардың сұлбасы көрінді. Мұнда ҚАЖ қарасты үш мекеме орналасқан екен. Бірі қатаң түрдегі, екіншісі орташа деңгейлі, үшіншісі өндірістік аймақ. Бізді батальон командирінің орынбасары майор Азамат Жақыпов қарсы алды. 

– Бүгін  қылмыстық-атқарушы жүйе мекемесінің әкімшілігімен бірлесе, оқу-жаттығу шараларын өткізіп жатырмыз. Мұның мақсаты қарауыл қызметінің жауынгерлік дайындығын тексеру. Сіздерді осы бір шараны көруге шақырамыз, – деп бізді өзімен бірге күзету аймағына алып кетті. 

Көне қаладағы қарауыл

Бірден тоғызыншы күзету бекетіне келдік. Баршамыз  күзету мұнарасына шықтық. Оқу-жаттығудың желісі бойынша белгісіз біреулер темір тордың сыртқы жағынан тыйым салынған затты ішке қарай асыра лақтырады. Іштен екі сотталушы әлгі затты іздеп тыйым салынған учаскеге өтіп кетеді. Сол кезде мұнарадағы сақшы дереу әрекет етіп, сотталушыларға тосқауыл қояды. Қарауыл бастығына дереу баяндап, автоматын кезейді. «Тоқта, тыйым салынған аймақ!» деген сарбаз жоғары жаққа бір оқ атады. Сол сәтте қарауыл бастығы дабыл тобымен бекетке қарай жүгіріп келеді. Іштен ұландық бақылаушылармен әкімшілік қызметі кері қарай қаша бастаған сотталушыларды қолға түсіреді. 

– Байқап тұрсаңыз, біздің қарауыл құрамы барлығын нұсқаулықтарға сай жасады. Сарбаздар да барлығын заң, Әскери жарғы талаптарына сай жасады. Мұндай оқу-жаттығулардың жеке құрамға берері мол. Біріншіден, олар кез келген жағдайға дайын болса, екіншіден жауынгерлік даярлық шыңдалады. Бұл – қарауыл қызметін жақсартуға өз үлесін қосады, – дейді  майор Азамат Жақыпов. 

«Сырттан лақтырғандарға қатысты қандай шаралар қолданылады?» деген сауалымызға былай деп жауап берді: – «Біздің басты міндет сотталушылардың сыртқа қашып кетпеуі, сондай-ақ, тыйым салынған заттарды ішке енуіне жол бермеу. Сырттан лақтырушыларды әкімшілік қызметкерлерімен қатар, полиция жасағы қолға түсірумен айналысады. Барлығымыз бірігіп осындай заңсыздыққа тосқауыл қоямыз», – дейді офицер. 

Көне қаладағы қарауыл

Тараз түрмелерінде сырттан заттарды лақтыру жиі кездесетін құбылыс. Мұндай іспен жұмыссыз жастар айналысады. Яғни, жұмыссыз жастарға бір рет осы әрекетке барғаны үшін 10-нан 15 мың теңгеге дейін ақша төлейді. Сонда да, оның қарымтасы жаман екенін бірі білсе, бірі білмейді. 

Мұндайда, техникалық құрылғылармен жұмыс істейтін мамандардың алар орны ерекше. Біз қарауылдың төбесіндегі бақылау бекетіне шығып, 1 күзет орны бекетінің сақшысы аға сержант Абылхан Жаманқұловпен әңгімелестік. 

– Ұлттық ұлан қорғауындағы нысандарда «Түн-12мк» техникалық күзет құралдары (ТКҚ) дейтін жаңғыртылған жүйе қойылған. Бұл құрылғы күндізгі және түнгі уақытта қосулы тұрады. 2400 метрге дейін күш-қуаты жетеді. Үш бөлімге бөлінген.  Біріншісі, «ФМ3Т» радиотолқынды құрылғы негізгі қоршауда орналасқан. Екіншісі – «Крот» құрылғысы, екінші шепте, жер бетінен 50-80 метр төмен жерге орнатылады. Үшінші – «Мемоза» құрылғысы, үшінші тыйым салынған аймақ қоршауына қойылған.  Егер қандай да шептен сотталушы немесе басқа да тұлғалар өткен жақдайда құрылғылар бізге   белгі береді. Қалғаны нұсқау бойынша өтеді. Былайша айтқанда, Түн-12мк» техникалық күзет құралдарының көмегіне жүгіне отырып, біз сотталушылардың биіктікпен, жер астымен және қоршауды бұзу арқылы да қашып кетуіне жол бермейді, – дейді аға сержант Абылхан Жаманқұлов. 

Инженерлік құрылғыларға жауап беретін тағы бір маман сержант Асхат Мұқанов. Ол инженерлік-техникалық қамтамасыз ету қызметінде инженерлік қамтамасыз ету шеберханасының бастығы. Қарауылдағы барлық құрылғылар осы әскери қызметшінің қолынан өтеді. 

– Бүгінгі таңда инженерлік құрылғыларсыз ҚАЖ мекемелерін күзету мүмкін емес.Түрменің қоршауынан бастап, дабыл құрылғылары, бейнекамералардың барлығы инженерлік құрылғыларға жатады. Қарауылға тиесілі барлық аумақ құрылғылардың жіті бақылауында тұр. Әр аумаққа жеке камералар бекітілген. Олар қарауыл қызметінің көздері іспетті. Егер инженерлік құрылғылар болмаса, онда күзет те өзгереді. Барлығы күрделі болуы мүмкн. Инженерлік құрылғылардың өміріміздегі орны ерекше.  Біздің міндет – құрылғылардың істен шығып кетпеуін қадағалау. Бұзылған жағдайда дереу іске келтіру. Біз күні-түні осы құрылғыларды тексерумен жүреміз. Әзірше, барлығы ойдағыдай, – деп айтты сержант Асхат Мұқанов. 

Көне қаладағы қарауыл

Бүгінгі біз көрген түзеу мекемесі орта деңгейлі мекеме болып саналады. Мұнда жеңіл қылмыс жасағандар өз мерзімін өтейді. Көбісі аяғын шалыс басқан, сол арқылы алғаш рет қылмыс жасағандар екен. Солай десек те, оларды күзету еш уақытта  жеңілдетілмейді. Қылмыскерлердің ойында не барын ешкім білмейді. Ал, жауынгердің бойында қандай қасиеттер болу керек екені белгілі. Батальонда тәрбие жұмысымен жоғарыда айтып өткен капитан Нұрсұлтан Рахымбай айналысады. Оның айтуынша, қарауыл қызметіне іріктеуде қатаң талаптар бар. Ең біріншісі, сарбаздың моральды-психологиялық тұрғысынан мығым болуы. 

– Атқыштар ротасында ең шыдамды, психологиялық тұрғыдан тегеурінді сарбаздар қызмет атқарады. Бұрыннан бері қалыптасқан дәстүр. Қарауыл қызметі ерекше күрделі қызмет түрі болып саналады. Біздің  сарбаздар күрделі аумақтарда қызмет атқарады. Сарбаздар киімдерін реттеп, қаруларына күтім көрсетіп, әр түрлі нұсқаулықтардан өтіп қарауыл қызметіне түседі. Бұл жерде ең бірінші кезекте тәрбие жұмысына мән береміз. Сарбаздар алдымен медициналық тексерістен өтеді, түстен кейін нұсқаулықтан өткізіледі. Содан кейін, жауынгерлік қызметке аттанады. Бізге жауынгердің ішкі рухы мығым болғаны керек, ауырып тұрғандар, қандай да бір себептермен қызмет атқара алмайтын сарбаздар қарауыл қызметінен шеттетіледі. Әзірге ондай жағдайлар орын алған жоқ. Сондай-ақ, оқу орталығынан бастап біз сарбаздарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелейміз. Және арасынан сайдың тасындай іріктелген жауынгерлерді осы қызметке тартамыз. Бастысы– сарбаздарымыздың ішкі рухы мығым, – деді, капитан Нұрсұлтан Рахымбай.

Көне қаладағы қарауыл

Біз көрген қарауыл қызметі сыннан сүрінбеді. Оқу-жаттығу болсын, күнделікті қызметте болсын өздерінің жоғары дайындығын көрсете алды.

Қызметтік көлікке отырып, қалаға кері қайтудың қамын ойластырдық. Бірден мекеменің алдына жолдың бойында көрген қарт әжей келді. Ол сотталған жақынымен кездесу үшін мекемеге арнайы атбасын бұрыпты.  

– «Теңізді де кешіп өтіп жетпей ме, жан ботасын сағынғанда Ару ана» деп әйгілі әнде айтылғандай, қарлы боран мен қара балшықты кешіп келген қарияның табандылығына таңқалдық.  Заңның аты заң. Аяғыңды шалыс бастың, темір тордың арғы жағына тоғытыласың. Ал, жақындары әлгі әже секілді тау-тасты асып өте кездесуге келмеске кім кепіл?! Ендеше, сарбаз болайық, сардар болайық заңнан аттамай, Отанымызға адал қызмет атқарайық! 

Майор Дарын СЕЙІТОВ Астана -Тараз — Астана

Источник: dknews.kz