үй Қазақстан жаңалықтары Тараздағы тегеуірінді қызмет қырандары

Тараздағы тегеуірінді қызмет қырандары

23
0

267 rob

Тараздағы тегеуірінді қызмет қырандары

Қауіпсіздіктің қалқаны, егемен еліміздің қорғаны Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихи жылнамасы сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1992 жылы 10 қаңтарында басталған болатын. Дәл осы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері туралы» заңға қол қойылып, бұрынғы Ішкі әскерлер, бүгінгі Ұлттық ұланның негізі қаланды.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында елдің ертеңі мен қауіпсіздік қамы үшін құрылған құқықтық тәртіп әскерлерінің рөлі содан бері айқындала түсті. Осыған орай, еліміздің әр өңірінде әскери бөлімдер құрыла бастады. Небәрі бір айдан аса уақытта Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылдың 25 ақпанындағы №158 Қаулысымен Тараз қаласында Ішкі әскерлерінің жеке моторланған милиция батальоны, яғни 5513 әскери бөлімі құрылды. Осы күннен бастап 25 ақпан бөлімнің құрылған күні болып табылады. 

Оның негізін алғашқыда 3670, 5512, 6506 әскери бөлімдерінен келген әскери қызметшілер құрап, барлық жеке құрам саны екі жүз адам ғана болатын. Жаңа құрылған  әскери бөлімді подполковник Валерий Шаповалов 1994 жылға дейін басқарады, ал штаб  бастығына  майор Иван Лахов тағайындалады.  

Бүгінгі таңда әскери бөлім жеке құрамы Тараз қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және түзеу мекемелерін күзету және сотталғандардың тәртібін қадағалау және айдауылдау бойынша міндеттерді атқарады. Бөлім құрылған күннен бастап республикалық, облыстық және қалалық  ауқымдағы міндеттерді абыроймен орындап келеді. 

Былтырғы жылдың 25 ақпанында әскери бөлім ұжымы өзінің құрылғанына 30 жыл толғанын атап өтті. Айтулы датаға орай бөлімнің тарихы және жауынгерлік Даңқ бөлмесі салтанатты түрде ашылды.

Тараздағы тегеуірінді қызмет қырандары

Осы жылдары әскери ұжымның тарихи жылнамасында ойып тұрып орындалған айшықты міндеттер алтын әріптермен жазылды. Мысалы, 1992 жылы «Қазмежрайбаза» қоймасындағы өрт  кезінде, сол кездері айналымда болған ақшамен есептегенде 15 миллион рубльді құрайтын  мемлекеттік мүлік аман алып қалынды. 
1993 жылы республикалық қоймадан ұлттық валютаны әуежайға жеткізу бойынша тапсырма абыроймен орындалып, Мойынқұм ауданындағы  апат кезінде шаруашылықтардың мал-мүлкін сақтап қалу үшін жауынгерлер зор үлес қосты. 

Жеке құрам 1995 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдығын, 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығын атап өту барысында қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етті.  

2004 жылы 27 қыркүйекте «Жетісу-2004» республикалық стратегиялық командалық-штабтық жаттығуларда жоғары біліктілік көрсеткені үшін бөлім жеке құрамына Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрі атынан алғыс білдірілді. 

2006 жылғы 11 қарашада атқыштар батальонының 2 атқыштар ротасымен күзетілетін қатаң режимдегі 26 түзеу мекемесінде №8 және №9 күзет орнының сақшылары қатардағы З. Закиров пен қатардағы А. Тулентаев қару қолдану арқылы сотталған азаматтың қашуына жол бермеді.

2013 жылы бөлімнің жеке құрамы Қаратау қаласындағы табиғи апат салдарының зардаптарын жоюға тартылды. 

Тараздағы тегеуірінді қызмет қырандары

2014 жылы жеке құрам Мерке ауылындағы тауда болған өртті сөндіруге жұмылдырылды. Ал, 2015 жылы Тараз қаласында Қазақ  хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шараның өткізілуіне белсенді атсалысып, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Осы жылы бөлімнің жеке құрамы Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл елді мекенінде, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Сейфуллин ауылында және Алматы қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылды. Сонымен қатар, 2016 жылғы 25 мен 29 қазан аралығында бөлімнің жеке құрамы қардың қалың түсуі салдарынан сегіз мыңға жуық сынған ағаштардан Тараз қаласының көлік және жаяу жүргіншілерге арналған жолдарын тазартуға тартылды.

Сондай-ақ 2020 жылдың ақпан айында бөлім жауынгерлері Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған төтенше жағдайда Қордай ауданының Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батыр, Масаншы елді мекендерінде жаппай тәртіп бұзушылықтың алдын алып, аязды күндерге қарамастан 3 ай бойы өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқарып шықты. Осылай, ел басына күн туғанда, әрдайым дайын тұратын тараздық жауынгерлер халықтың тыныштығын күзету ісінде қызметтеріне адал екендіктерін дәлелдеді. Ел сенімін ақтады. Оған дәлел ретінде жергілікті тұрғындардың ұландықтарға деген алғыстары мен қазыналы қарттардың берген бата-тілектерін айтуға болады. 

2021 жылғы тамызда Байзақ ауданында орын алған жарылыс кезінде бөлімнің жеке құрамы қарақшылыққа жол бермеу мақсатында Жібек жолы, Байзақ, Сарыкемер, Бурыл, елді мекендерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқарды. Бөлімнің әскери жедел резерв жеке құрамы Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің инженерлік мүлік қоймасындағы жарылыстың салдарын жоюға тартылды және жарылыс салдарынан әскери қойманың іргелес аумағына жақын жерде қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілерді іздестіруге жұмылдырды.

Тараздағы тегеуірінді қызмет қырандары

2022 жылдың 5-6 қаңтар күні ел тарихында «Қаралы қаңтар» атауымен қалған төтенше жағдайда бөлімнің жеке құрамы Тараз қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесуге қатысып, міндеттерін абыроймен атқарып шықты.      

Бұл 5513 әскери бөлімі жеке құрамының халқына берген сертке адал, және жүктелген міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, күнделікті ерен еңбегімен, еліміздің ішкі қауіпсіздігін, құқықтық тәртіп күзетін абыроймен атқарып келе жатқанының нәтижесі деп айтуға болады. 

Былтырғы жылы, яғни әскери бөлімнің мерейлі 30 жылдығында жауынгерлер қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін күзету бойынша 1095 жауынгерлік тапсырма орындады. Сонымен қатар, сотталғандарды қадағалау бойынша 2190 міндет атқарылып, қалалық емдеу мекемелерінде сотталғандарды күзету және қадағалау бойынша 996 тапсырма орындалды.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша 215 жауынгерлік тапсырма орындалды. Оның ішінде 15 тапсырма жеке құрамның тұрақты орнынан тысқары жерлерде атқарылды. Ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық және спорттық іс — шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 27 тапсырма қамтамасыз етілді. 

Өткен кезеңде түзеу мекемелерін күзету қарауылдарымен мекеме аумағына рұқсат етілмеген заттарды лақтырудың 18 әрекетіне тосқауыл қойылды.

Түзеу мекемелерін бақылау бойынша әскери жасақтар қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде бақылау және қадағалау қызметін атқару барысында сотталғандар тарапынан болған режимді бұзудың 1448 фактісін анықтап, олар жауапқа тартылды. Соның ішінде 193 бірлік ұялы телефон, 128 бірлік ұялы телефондардың SIM-карталары, 119 бірлік ұялы телефонға арналған керек-жарақтар, 500 гр жуық есірткі заттары, 163 бірлік тесетін-кесетін заттар, 1751 дана «Трамадол» таблеткалары тәркіленді.

Тараз қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әскери жасақтар түрлі құқық бұзушылықтары үшін 571 адамды ұстап, ішкі істер органдарына жеткізді. Оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша 537 адам, қылмыс жасаған деген күдікпен 34 адам ұсталды. Жауынгерлік қызмет барысында 8 бірлік атыс, тегіс ұңғылы және травматикалық қару, 23 бірлік жарылғыш құрылғылар (гранаталар), 688 дана түрлі калибрлі оқ-дәрілер, 1 бірлік суық қару, 1 килограмм есірткі заттары тәркіленген. Сөйтіп 5513 әскери бөлімінің жауынгерлерінің белсенді қызметінің нәтижесінде қала көшелеріндегі қылмыс 14,8 пайызға азайған. 

Осы көрсеткіштердің нәтижесінде ағымдағы жылдың қаңтар айында өткен Әскери кеңесте өткен жылғы Жауынгерлік жарыстың қорытындысы бойынша, ҚР Ұлттық ұланының әскери бөлімдері арасында 5513 әскери бөлімі әскери тәртіп, заңдылық және құқықтық тәртіп бөлігі бойынша (6 топ арнайы моторлы бөлімдер жеке орналасқан бөліністермен) құрметті 2 орынды жеңіп алды. 

Бұл подполковник Ғазиз Қадірбек пәрменгерлік ететін ұжым еңбегінің айшықты жемісі болып табылады. Оған жауынгерлік қызметте көзге түскен бірқатар сарбаздардың қырағылық үлгілері мен адал қызметінің тигізген септігі мол.

Мысалы, ағымдағы жылдың 26 қаңтарында сағат 11.30 шамасында 1 жедел мақсаттағы батальонның жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының әскери жасағы, құрамында жасақ бастығы қатардағы Шадияр Бегалиев, патрульші қатардағы Әліби Иманәлі және кинология қызметінің аға маманы кіші сержант Ардақ Миртаев жауынгерлік қызмет атқару барысында № 25 түзеу мекемесіне сырттан тиым салынған затты лақтырған адамды байқап, оның ізін суытпай ұстайды. Осылай жасақ құрамының қырағылығының арқасында қылмысқа жол берілмеді.

Осы жылдың 2-ші ақпанында сағат 13.50 шамасында атқыштар батальонының 3 атқыштар ротасының бақылаушылары қатардағы Талант Нұрланқұлов пен ефрейтор Дәурен Сыдықов № 59 түзеу мекемесінің тінту бөлмесінде сотталған «Н»-ге арналған пакетті тексеру барысында ішінде құрғақ сүт пен кофеге араласқан ақ түсті жалпы салмағы 1 кг болатын белгісіз затты анықтаған. Онымен шектелмей олар тағы бір сотталғанға арналған жолдамада аяқ киімнің ішінде қулықпен жасырылған екі бума масаңдатарлық иісті, қара-жасыл түсті тиым салынған затты тәркілеген. Осылай олар жауапты қызметінде қырағылық танытып, қылмыстың алдын алды.

21 қаңтар күні 26 түзеу мекемесіне жауынгерлік қызметке сақшы болып түскен қатардағы  Алмат Бектөре асқан қырағылық танытады. Кешкі сағат 19.00 шамасында күзет орнына қызметке түскен ол шамамен 22.07 кезінде түн қараңғылығын жамылып, тиым салынған аймаққа қарай жасырын өтуге жүгіріп келе жатқан үш сотталушыны байқайды. Сақшының «Тоқта! Атамын!» деген пәрменіне құлақ аспаған олар ішкі тыйым салынған аймаққа қарай өте бастайды. Осы сәтте ол дереу бұл жағдайды қарауыл бастығының көмекшісіне баяндайды. Ал, өзі ескерту ретінде қарудан аспанға оқ атқанда ғана сотталушылар кілт тоқтап, кейін қашады. 

– Менің сол сәттегі бар ойым қылмыскерлерді тоқтату болды, ең бастысы – командирлерім үйреткен Жарғы талаптары бойынша әрекет қылдым, – дейді сол күнді есіне алған сарбаз. 

Осы қырағылығы үшін қатардағы Алмат Бектөреге бөлім командирінің атынан он күндік қысқа мерзімді демалыс жарияланған.

– Қазіргі кезде қоғамда әскерге деген теріс көзқарастарды естіп жүрміз. Мен өзім әскер қатарына шақырылатын кейінгі буынға Отан алдындағы міндеттеріңді атқаруға келіңдер, бәрін үйренесіңдер, қорықпаңдар! дегім келеді, – дейді Алмат. 
Бұл келтірілген қырағылық үлгілері бөлім жауынгерлерінің күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана болып табылады. Ал, мұндай өнегелі қызмет пен жауапкершілік, міндетіне деген адалдық кез-келген әскери ұжымның қызмет нәтижесіне арқау болары анық.

Запастағы полковник Қуаныш Қожахметов, Тараз қаласы

Источник: dknews.kz