247 rob
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
Жақында Алматы облысы Іле ауданы Заречный кентінде орналасқан 3660 әскери бөліміне арнайы барып, сарбаздардың жай-күйін бағамдап қайтқан едік.
Сол сапарымызда әскери бөлімдегі 2 атқыштар ротасының взвод командирлерімен және сарбаздарымен қызмет барысы жайлы тілдестік.
2 атқыштар ротасында 3 взвод командирі лауазымын атқарып жүрген аға сержант Мирас Қалиасқаров Ұлттық ұлан қатарында 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол 2012 жылы Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген. Сонда жүріп құқықтық тәртіп әскерінде қызметін жалғастыруды ұйғарады. Содан кейін тұрғылықты мекен-жайына сай 3660 әскери бөліміне келісімшарт бойынша әскери қызметші болып тағайындалудың қамына кіріседі. Оның бұл ойы кедергісіз жүзеге асты да. 2013-2018 жылдары бөлімше командирі, 2019 жылы взвод сержанты болды. Ал 2021-2022 жылдары батальон сержанты болса, былтырдан бері взвод командирі қызметін абыроймен атқарып жүр.
Бүгінгі кейіпкерлеріміздің бірі – Мирас Қалиасқаров Талдықорған қаласы Ақсу ауданы Көкөзек ауылында өмірге келген. Алматы қаласындағы №115 мектепте 9 сыныпқа дейін білім алған. 2011 жылы Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы «Болашақ» колледжінде ақпараттық жүйелер мамандығын игеріп шыққан. 2011-2013 жылдар аралығында Алматы гуманитарлық-техникалық университетінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алды. Тек содан кейін әскерге аттанды.
– Менің әкем мен анам да әскери қызметші болған кісілер. Сондай-ақ ағаларым, туыстарым мен нағашыларым да әскери адамдар. Бірақ қазір бәрі де зейнетте. Менің ойымша, әскердегі әр ер азаматтың болашаққа деген көзқарасы айқын. Әрі олар батыл болып келеді. Осындай қасиеттер менің әскер қатарында қалуыма әсер етті, – деді Мирас Нұрбекұлы.
Мирас Қалиасқаров мерзімді әскери қызметке келген сарбаздарды әскери тәртіпке баулып, күн тәртібіне дағдылануы үшін жағдай жасаумен шұғылданады. Сондай-ақ олардың дене шынықтыру қабілеттерін арттыруға күш салады. Өйткені, әскери қызмет олардың денсаулықтарының мықты және күшті болуын талап етеді.
Жеке құрамның жүріп-тұруына, уақытылы тамақ ішуіне, ата-аналарымен демалыс күндері байланыстыру да Мирас
Қалиасқаровтың жауапкершілігіне жатады. Оның ең басты міндеті – сарбаздарды Отан сүйгіштікке тәрбиелеу. Өйткені, взвод командирлері әскери өмірге енді ғана келген жастардың жігерін қайрауда үлкен рөл ойнайды. Осы бағытта олар сарбаздарға аға буынның, өздерінің тәжірибелерін айтып, ақыл-кеңестерімен бөлісіп жүреді.
– Қазіргі сарбаздарды бұрынғы буынмен салыстыру қиын. Мысалы, олар телефонға әуес, әрі шолжаң болып келеді. Сарбаздар күнделікті телефонға үйреніп қалғандықтан бастапқыда қиналады. Сондықтан оларға телефонға үңіле бергеннен пайда жоғын айтып, әскердегі уақытты ұтымды қолдануға үндейміз. Қару түрлерімен танысып, жаттығуларды меңгеріп алса, мұның пайдасы болашақта орасан екенін айтып отырамыз, – деді аға сержант.
Мирас Нұрбекұлы басшылық ететін жеке құрам кезекті жауынгерлік қызметке дайындықтарын пысықтап жүр. Кейін күн тәртібіне сәйкес сабақтарға қатысады. Олардың жауынгерлік қызметтеріне қарауыл жатады. Оның айтуынша, оған 14-15 сарбаздан түседі. Одан бөлек тәуліктік жасаққа шығады. Мұнда олар рота үй-жайының мүліктері мен сарбаздардың заттарына жауап береді.
Рота құрамындағы өзге де взвод командирлері Мирас Қалиасқаров секілді өздеріне жүктелген сенімнің жүгі ауыр, ауыр да болса абыройлы екенін жақсы түсінеді. Мәселен, 2 атқыштар взводының командирі лейтенант Арсен Ақанұлы сондай мысалымыздың айқын айғағы.
Ол Көкшетау қаласының тумасы. 2019-2023 жылдар аралығында Ұлттық ұлан Академиясында білім алып шыққан. Биылғы 26 шілдеде 3660 әскери бөлімінің 2 атқыштар ротасы 2 атқыштар взводының командирі болып тағайындалған. Оның Академияда білім алуды таңдауы бекерден-бекер емес. Өйткені, бала күннен әскери сала адамы болуды армандаған. Әкесі де сол Академияны бітірген офицер. Сондықтан ол әскери династия жолын жалғап, әкесінің ізін басқан. Өзінің айтуынша, әкесі подполковник шенінде Курчатов қаласында командирдің қару-жарақ және техника жөніндегі орынбасары лауазымын атқара жүріп зейнетке шыққан.
– Біз үйде төрт ағайындымыз. Мен үлкенімін. Соңымнан ерген үш інім бар. Бір інім аталған Академияның үшінші курсында білім алып жатыр. Академияда білім беру деңгейі жоғары. Қазір жаңа жүйе бойынша білім беру бағдарламасы енгізілуде. Бастапқыда біздер өзге жоғарғы оқу орындарының студенттері секілді жалпыға ортақ пәндер бойынша сабақ өттік. Екінші курстан бастап арнайы мамандыққа сай пәндер оқытыла бастайды. Осылайша, салалақ біліміміз тереңдетіле береді. Білім іздеп мен өткен осы жолдан енді інім де жүріп келеді, – деді лейтенант.
Еліміздің солтүстік аймағында туып, сол өңірде білім алған бозбала алғашқы қызметін оңтүстіктен бастады. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп санайтын жас жігіт әуелден-ақ қай жаққа, қандай қызметке болса да баруға пейілді болған. Теріскейде жүргенде оңтүстікке қарай аңсары ауса керек. Әлі де қай жерден дәм-тұз бұйырса, сол жаққа ойланбай аттанып кетуге әзір. Өйткені, кең байтақ қазақ даласының қай түкпірінде жүріп қызмет етсе де елге қосар үлесі бір. Сондықтан аса бір жер таңдайтын жігітіңіз бұл емес.
– Мұнда менталитет басқаша. Халықтың бәрі қазақша сөйлейді. Ал біз үйде, көшеде, достармен жүргенде орысша сөйлеуші едік. Осында келіп қазақша жиі сөйлеп, сөздік қорымды күшейтіп жатырмын. Жауынгерлеріммен қазіргі уақытта сабақ жүргізудеміз. Оларды жауынгерлік дайындық бойынша әдіс-тәсілдерге үйретіп, баулып жатырмыз. Жауынгерлік қызметтік қолданыс тактикасын меңгертеміз. Сондай-ақ олар түрме күзетін, яғни қарауылға шығуды да үйрену үстінде. Оның ережелерін зерделеуде. Бұдан бөлек ең маңызды шаруаның бірі – қауіпсіздік шараларының ережелеріне үйретіп жатырмыз. Әскери тәртіп те басты назарда. Күн сайын сарбаздардың дене шынықтырумен айналысуына аса мән береміз, — деді ол.
Оның өзі де Академияға түскенге дейін спортпен шұғылданғанған. Жарыстарға қатысып, бокстан спорт шеберлігіне үміткер атанды. Академияда жүріп жекпе-жек өнерін үйренді. Жарыстарға да осы сайыс түрінен қатысып жүлделі орындарға қол жеткізді. Бастапқыда 75, 80 келі салмақта өнер көрсетіп, бірнеше турнирде осы салмақ дәрежесінде жүлдегер атанған. Ол дене тәрбиесінен бөлек, сана тәрбиесіне де ден қойған. Қызметіне асқан жауапкершілікпен қарап, тапсырманың мүлтіксіз орындалғанын мұқият бақылауда ұстайды.
– Кез келген адам өз ісін жақсы көрсе, ешқандай қиындыққа ұшырамайды. Менің де жұмысымда иығыма ауыртпашылық түсіретіндей қиындықтар жоқ. Өйткені, істеп жүрген жұмысымның бәрі өзімнің қолымнан келетін іс, – деді Арсен Ақанұлы.
Оның қызметі сарбаздармен тікелей байланысты болғандықтан жұмыс тәсілі маңызға ие. Сондықтан взвод командирі әр сарбаздың әртүрлі болатынын ескеріп, олармен әртүрлі сөйлесесіп, әрбірінің жағдайына үңілуге тырысады.
– «Әскерде ештеңе үйренбей, бос уақыт өткізесің» деген әңгімелерді де естіп жатамыз. Көпшілік мұның бәрі адамның өзіне байланысты екенін ұғынса екен. Бұл әскерден ат тонын ала қашқан жастардың жиі қолданатын, сол арқылы өздерін ақтап алатын «себеп-салдарлар» ғана. Мен қоғамдық ортада Ұлттық ұланға қатысты оң пікірдің болғанын қалаймын. Өйткені, мұндай әскери қызметшілердің қызметі бұған әбден лайық. Отан қорғау – үлкен мақтаныш! Мұны мен мақтан тұтамын, — деді лейтенант.
Қызметке кіріскеніне көп бола қоймаса да жас офицер және оның сарбаздары қызметте жақсы қырынан көрініп жүр. Бұған мысал да жоқ емес. Биылғы қыркүйек айында лейтенант Арсен Ақанұлы 2 атқыштар взводының құрамында қарауыл бастығы болып алғаш рет жауынгерлік қызметке түскен. Түнгі сағат төрт кезінде қатардағы жауынгер Арман Мырзақұлов күзетілетін аймақты қоршап тұрған дуал сыртына машина келіп тоқтағанын байқаған. Сарбаз сол сәтте-ақ қарауыл бастығына хабар берген. Сәйкесінше, оған қару-жарақты қолына алуға рұқсат етілді. Осы аралықта жас офицер резервтік топпен бірге төртінші бекетке қарай жүгіре жөнеледі. Бұл кезде А. Мырзақұлов тұған мұнараның маңынан түрме территориясына қарай сырттан белгісіз зат лақтырылады. Онысы ішкі тексеру жолағына түседі. Сол мезетте бекеттегі күзетте тұрған сарбаз ішкі тексеру жолағына жүгіріп келе жатқан сотталушыны да байқап, ескерту жасайды. Ескертуге құлақ аспаған соң әуеге ескерту оғын атқан. Тек осыдан кейін ғана қару дыбысынан қаймыққан сотталушы кері шегініп өздеріне арналған үй-жайға кіріп кеткен. Бұл – қатардағы А. Мырзақұловтың жауынгерлік қызмет барысындағы бірінші оқ атуы.
– Мұның бәрі небәрі 15 секунд ішінде ғана болды. Асып-сасып тұруға уақыт бар ма?! Күнделікті бізге үйретілген нұсқау бойынша іс-әрекет жасадым. Сөйтіп, бөгде заттың ішке өтіп кетуіне тосқауыл қойдық, – деді Шымкенттен келген қатардағы жауынгер Арман Мырзақұл. Бұл оның 87 мәрте қарауыл қызметіне түскен сәті еді.
Мұндай батыл жігіттер ротаның өзге де взводтарында қызмет етіп жүр. Мақаламыздың басында сөз еткен 2 атқыштар ротасы құрамындағы 3 взводтың 2 бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы Асылжан Әтиев осы уақытқа дейін 96 рет қарауылға шыққан.
— Рекорд бұзғым келеді. Бұған дейінгі рекорд біздің алдымыздағы шақырылымдардың бірінде қызмет еткен сарбазға тиесілі. Ол 109 мәрте қарауыл қызметіне түсіпті, — деді Түркістан облысынан әскерге шақырылған сарбаз.
Ротада осындай белсенді қызмет атқарып жүрген тағы бір сарбаз бар. 2 ротаның 2 взводындағы 1 бөлімшенің қатардағы жауынгері Айтқали Тоқболатов Ақтау қаласынан келген. Ол өзінің жауынгерлік қызметі кезінде түрменің төбесінен ұшып келе жатқан дронды байқап қалған.
– Түскі уақытта сырттан ұшып келе жатқан дронды көрдім. Оның астында тыйым салынған әлдебір зат салбырап келеді. Ішке бірден белгі бердім. Ал затты дрон ұшқан аймақтан тауып алдық, – деді қырағы жауынгер.
Біз бүгін бір ротада бірге белді қызмет етіп жүрген жас, жас та болса бас бола білген әскерилер мен жауынгерлер жайлы әңгіме қозғадық. Сол арқылы Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарып жүрген жалынды жастарды үлгі етуді көздедік. Қарауыл қызметінің қырағы жауынгерлері атқарып жүрген жауапты міндеттің жай жапсарын аңғартуға тырыстық. Қысқаша айтқанда, аталған әскери бөлімнің бір ротасын мысалға ала отырып, олардың жалпы қызметін оқырман назарына ұсына алдық деп ойлаймын.
Қатардағы Жанболат Кенжеғұл, Астана – Алматы облысы – Астана
Источник: dknews.kz