428 Арман
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторын қадағалау саясатының 2022 жылға арналған негізгі басымдықтары шеңберінде екінші деңгейдегі банктермен (ЕДБ) негізгі міндеттерді орындау мәселелері бойынша тоқсан сайынғы кездесу өткізді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Кеңестің күн тәртібіне 3 мәселе енгізілді:
- активтер сапасын бағалау (AQR) нәтижелері бойынша банктердің түзету шаралары жоспарларын орындау қорытындылары;
- ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты жария ету жөніндегі ұсынымдар;
- стрестік активтерді сату бойынша цифрлық платформа құру.
Активтер сапасын бағалау (AQR) нәтижелері бойынша банктердің түзету шаралары жоспарларын орындау қорытындылары
Банк секторы активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау (Asset Quality Review, AQR) жүргізу банк секторының ашықтығын қамтамасыз ету үшін маңызды оқиға болды, оның негізгі мақсаттары: банктердің нақты жай-күйі туралы ақпаратқа қолжетімділікті арттыру есебінен банк секторының ашықтығын қамтамасыз ету, банктердің тұрақтылығын арттыру және секторға деген сенімді қалпына келтіру.
Тұтастай алғанда, 2020 жылғы сәуір – 2022 жылғы 1 желтоқсан аралығындағы кезеңде банктер түзету шаралары жоспарларының іс-шаралары жалпы санының (23 449 іс-шара) 90%-ын немесе 21 092 іс-шараны іске асырды.
Екі жылдық кезеңде өткізілген іс-шаралардың нәтижелері банктердің негізгі бизнес-процестерінің едәуір өзгергенін, корпоративтік басқару мен ішкі бақылаудың жетілгенін, тәуекелдерді бағалау жүйесінің жақсарғанын, олардың капитал мен кірістілік көрсеткіштеріне әсер еткенін көрсетті.
AQR қорытындысы бойынша ҚР заңнамасы банк қызметін реттеу мәселелері бойынша жетілдірілді және ХҚЕС-қа сәйкес келтірілді.
Қалған 10% іс-шараны іске асыру, негізінен, жаңартылған бизнес-процестерді автоматтандырумен байланысты.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығында AQR жоспарларының орындалу тиімділігін бақылауды күшейту мақсатында AQR қорытындылары бойынша түзету шараларының жоспарларын орындау бойынша банктермен жеке есепті кездесулер өткізу, оның ішінде AQR іс-шаралар жоспарларының орындалу барысы туралы банктердің есепті ақпаратын тыңдай отырып, Агенттіктің Қадағалау комитетінің отырыстарын өткізу жоспарлануда.
ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты жария ету жөніндегі ұсынымдар
Агенттік Халықаралық қаржы корпорациясымен бірлесіп іске асырылатын қаржы ұйымдарының ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты жария етуі бойынша, сондай-ақ ESG-тәуекелдерді басқару бойынша ұсынымдар әзірлеу жөніндегі жобаға қатысты ақпарат ұсынды.
Бұл ұсынымдар Жаһандық есептілік бастамасы (GRI), Орнықты даму саласындағы есепке алу стандарттары жөніндегі кеңес (SASB), Халықаралық интеграцияланған есептілік жөніндегі кеңес (IIRC), Климатқа байланысты қаржылық ақпаратты жария ету жөніндегі жұмыс тобы (TCFD), Халықаралық орнықты даму стандарттары жөніндегі кеңес (ISSB), сондай-ақ Еуропалық банктерді қадағалау қызметі (EBA) сияқты ұйымдардың орнықты дамуы туралы ақпаратты жария ету саласындағы 6 озық халықаралық стандартына негізделген.
Қаржылық емес ақпаратты жария ету үш блок: маңызды ESG-ақпаратты айқындау, ESG-факторларды басқару, корпоративтік басқару шеңберінде жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Бірінші блок қаржы ұйымдарының «қоршаған орта», «климат», «қызметкерлер», «азық-түлік және тұтынушылар», «қаржылық инклюзия», «этика» сияқты, олардың қызметіне елеулі әсер етуі мүмкін ESG факторларын айқындауын көздейді.
Екінші блок шеңберінде қаржы ұйымдары тиісінше басшылық ету және ESG-факторларын басқаруды қамтамасыз ету үшін пайдаланатын құрылым мен процестерді жария ету ұсынылады. Бұл блок орнықты дамуды басқаруды, стратегияны, тәуекелдерді басқаруды және тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) басқаруды қамтиды.
Үшінші блок корпоративтік басқару мәселелерін қамтиды және ESG практикаларына басымдық беру, директорлар кеңесінің қызметі, бақылау ортасы, акционерлердің құқығы және мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл туралы ақпараттан тұрады.
Ұсынымдар ESG-есепті дайындауға, атап айтқанда, жария етілетін ақпараттың көлеміне, сапасына, форматына және кезеңділігіне қойылатын талаптардан тұрады. Сонымен қатар, ESG жалпы негізгі көрсеткіштерінің тізімі ұсынылады. Қаржы ұйымдары аталған құжатты жыл сайынғы есептілік шеңберінде ESG-факторларының олардың қызметіне әсерін бағалау туралы есепті дайындау және жария ету үшін қолдана алады.
ЕДБ-мен бірлесіп қаржы ұйымдары үшін ESG өлшемшарттары бойынша қаржылық емес ақпаратты жария ету саласындағы негізгі ESG стандарттарын енгізу, сондай-ақ ESG-тәуекелдерді бағалау және басқару жоспарлары мен мерзімдері талқыланды.
ESG стандарттарын енгізу процесі және олардың ерікті түрде сақтаудан міндетті түрде сақтауға көшу кезең-кезеңмен жүргізіледі деп жоспарлануда, бұл қаржы ұйымдарының жаңа реттеушілік талаптарға бейімделуіне мүмкіндік береді.
Стрестік активтерді сату бойынша цифрлық платформаны құру
Агенттіктің стрестік активтер деңгейін азайту жөніндегі жоспарлы жұмыс шеңберіндегі басты міндеттерінің бірі цифрлық платформа негізгі элементі болып табылатын, стрестік активтер нарығы үшін толыққанды инфрақұрылым құру болып табылады.
Цифрлық платформаны құру проблемалық активтер туралы ақпаратты стандарттауға және нарықтың ашықтығын арттыруға, сатушылар мен инвесторлар арасындағы «ақпараттық асимметрияны» еңсеруге, инвесторлар базасын кеңейтуге ықпал етеді және сатылатын стрестік активтер туралы ақпараттың жалпыға қолжетімді көзі болады. Платформа нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы орын алған баға алшақтығын қысқартуға және стрестік активтерді сатып алу мен сатудың толыққанды қайталама нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Агенттік халықаралық консультанттармен бірлесіп халықаралық тәжірибеге жан-жақты талдау жүргізді, сондай-ақ олардың функционалдық және техникалық мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерделей отырып, барлық қолданыстағы мемлекеттік және коммерциялық платформаларға талдау жүргізді.
Стрестік активтер бойынша деректердің үлгілері әзірленді, олар проблемалық кредиттер мен өндіріп алынған мүлік бойынша 134 деректер жолағын қамтиды. Цифрлық платформалар стандартты деректер анықтамаларын және шаблондарды қолдана отырып, нарыққа қатысушыларға қолжетімді деректердің сапасы мен салыстырмалылығын қамтамасыз ете алады.
Нәтижесінде цифрлық платформа құру бойынша жобаның толық техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) дайындалды. ТЭН шеңберінде Қазақстан нарығы үшін цифрлық платформа моделі айқындалды.
Цифрлық платформаны құру моделі бірыңғай талаптарды қанағаттандыратын бірнеше цифрлық платформаны аккредиттеуді және оның одан әрі жұмыс істеуін көздейді. Мұндай тәсіл қолданыстағы және құрылатын платформаларға тең қолжетімділікті сақтайды, сондай-ақ инвесторлар үшін стрестік активтермен сауда-саттық процесінің ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты цифрлық платформаларға қойылатын бірыңғай талаптар заңнамалық деңгейде белгіленетін болады. Осы талаптарға сәйкес келетін платформалар ғана сатылымдар жүргізу құқығына ие болады, яғни платформаларды аккредиттеу процесі енгізіледі.
2023 жылы Агенттік цифрлық платформаның жұмыс істеуінің таңдап алынған моделін іске асыруға арналған алдағы іс-шараларды жалғастырады. Ол үшін 2023 жылы цифрлық платформаларға қойылатын міндетті функционалдық және техникалық талаптар, сондай-ақ банктердің, микроқаржы ұйымдарының және өзге де нарыққа қатысушылардың стрестік активтерді цифрлық платформа арқылы сату жөніндегі міндеті заңнамалық деңгейде белгіленеді.
2021 жылдың басынан бері қаржы қауымдастығымен бірге өткізіліп келе жатқан тоқсан сайынғы кездесулер Агенттік қызметінің ашықтығы мен транспаренттілігін арттыруға және тәуекелге негізделген реттеу мен қадағалауды іске асыруға, сондай-ақ қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Источник: dknews.kz