199 rob

Фотосурет: ҚР СІМ
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Аустрия Ұлттық кітапханасының ғимаратында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің көрмесі ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Қазақстан көшпенділері. Салты мен дәстүрлері» атты көрменің ашылу салтанатында Аустрияның мемлекеттік органдарының, мәдениет, өнер, білім, туризм, БАҚ, бизнес құрылымдарының, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Вена тұрғындары мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған туристер Қазақстанның мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік алды. Қонақтардың назарына Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорларынан көптеген экспонаттар ұсынылды, олардың ішінде музыкалық аспаптар, тұрмыстық заттар, киім-кешек және т.б. Табиғи материалдардан жасалған әшекейлері бар қазақ киіз үйі келушілерге ерекше ұнады.

Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді өзінің құттықтау сөзінде көрме атауының маңыздылығына назар аударды.
«Қазақстан – ұлы көшпелі өркениеттің мұрагері. Біздің еліміз мыңдаған жылдар бойы көптеген қоғамдардың, мәдениеттер мен діндердің тоғысқан жеріне айналды. Қазақстан өзінің ежелгі тарихымен және көп қырлы мәдени мұрасымен мақтан тұтады» Мұхтар Тілеуберді
«Біздің елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың тереңдеп келе жатқаны ерекше қуантады. Қазақ даласының еркін рухы Еуропаны дүр сілкіндірді» Австрия СІМ департаментінің директоры, Бұрын Австрияның Қазақстандағы елшісі Герхард Зейлер

Тарихи жәдігерлермен қатар, Альпі республикасының тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын «Алатау» фольклорлық ансамблі әртістерінің концерті тудырды. Олардың орындауында домбыра, қобыз және сазсырнай сияқты ұлттық аспаптарда қазақстандық композиторлардың шығармалары шырқалды.

Источник: dknews.kz






