979

Арман Қоржымбаев Бас редактор

Уолл-стритте жаз мезгілін көбіне өлі маусым деп атайды: трейдерлер демалысқа кетеді, сауда көлемі азаяды, ал маңызды жаңалықтар сирейді. Алайда биржа күнтізбесінің өз заңдылықтары бар. Тарихи деректерге сүйенсек, шілде америкалық акциялар үшін ең табысты айлардың бірі саналады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Freedom Finance Global сарапшысы Тұрал Әлиевтің айтуынша, 1928 жылдан бергі кезеңде шілденің алғашқы он сауда күні S&P 500 индексі үшін жылдың ең сәтті онкүндігі болған. Осы аралықтағы орташа кірістілік шамамен 1,5 пайызды құраған, ал нарық он жағдайдың жетеуіне жуығында өскен. Мұны Bank of America жүргізген есептеулер де көрсетеді.

Дегенмен жазғы оптимизм ұзаққа созыла бермейді. Тамызда сауданың сипаты өзгере бастайды, ал қыркүйек жылдың ең күрделі айы саналады.
Неліктен шілдеде нарық жиі өседі?
Соңғы жиырма жылда S&P 500 және технологиялық Nasdaq 100 индекстері шілде айын шамамен бес жағдайдың төртеуінде өсіммен аяқтаған. Орташа өсім 2,5 пайыздан асқан.
Нарыққа корпоративтік есептілік маусымы да қолдау көрсетеді. Ірі банктер мен технологиялық компаниялар екінші тоқсанның нәтижелерін жариялай бастайды. Олардың көрсеткіштері бүкіл индекстің қозғалысына ықпал етуі мүмкін.
Nasdaq 100 индексі есептілікке ерекше сезімтал. Индексте бірнеше технологиялық алпауыттың үлесі жоғары болғандықтан, бір немесе екі ірі компанияның жақсы нәтижесі бүкіл нарықты жоғары қарай жетелей алады.
Шағын компаниялардың акциялары да шілдеде жиі өседі. Бірақ олардың нәтижесі тұрақсыздау. Russell 2000 индексі пайыздық мөлшерлемелерге, несие қолжетімділігіне және нарықтағы өтімділікке көбірек тәуелді. Қаржыландыру құны қымбаттаған кезде шағын бизнеске қысым күшейеді.

Тамызда не өзгереді?
Тамыз міндетті түрде құлдырау әкеледі деген сөз емес. Мәселе басқа: сауда көлемі азайғандықтан, салыстырмалы түрде шағын өтінімдердің өзі бағаны қатты қозғалтуы мүмкін.
Мұндай жағдайда инфляция туралы күтпеген мәлімет, ірі компанияның әлсіз есебі немесе АҚШ Федералдық резерв жүйесінің қатаң мәлімдемесі нарықтың шамадан тыс реакциясын туғызуы ықтимал.
«1950 жылдан бері S&P 500 индексі бір айда 10 пайыздан артық төмендеген тоғыз жағдайдың алтауы тамыз бен қараша аралығына түсті. Бұл дағдарыстарды күнтізбе тудырады дегенді білдірмейді. Өтімділіктің төмендеуі нарық реакциясын күшейтуі мүмкін», — дейді Тұрал Әлиев.
Әрбір ірі құлдыраудың өзіндік себебі болды. 1998 жылы нарықтар Ресейдегі дефолтпен, 2011 жылы АҚШ-тың кредиттік рейтингінің төмендеуімен, 2015 жылы юань девальвациясымен бетпе-бет келді. Ал 2024 жылы инвесторлар жапон иенасындағы кэрри-трейд операцияларын жаппай қысқартты.
Бұл оқиғаларды күнтізбе тудырған жоқ. Алайда жазғы өтімділіктің төмен болуы нарықтағы ауытқуды күшейтті.

Қыркүйек неге қауіпті ай саналады?
Ұзақ мерзімді статистика бойынша қыркүйектің беделі нашар. 2000 жылдан бері S&P 500 осы айда орта есеппен шамамен 1,4 пайыз жоғалтқан. 2020–2023 жылдары индекс төрт қыркүйек қатарынан төмендеп, шығын көлемі 3,9 пайыздан 9,3 пайызға дейін жеткен.
Дегенмен бұл статистика өзгермейтін заң емес. Мысалы, 2025 жылғы қыркүйекте S&P 500 баға индексі, керісінше, 3,53 пайыз өсті. Компаниялар табысының артуы, облигациялар кірістілігінің төмендеуі немесе мөлшерлемелерге қатысты болжамдардың жақсаруы әдеттегі маусымдық сценарийді оңай бұза алады.
Сондықтан «шілдеде сатып алып, қыркүйекте сату» нақты нарық үшін тым қарапайым стратегия болып көрінеді.

Жазғы маусымдылық қайдан пайда болады?
Мәселе айдың атауында емес, ақша ағынында.
Екінші жартыжылдықтың басында ірі қорлар маусымдағы қайта теңгерімдеуден кейін портфель құрылымын қайта қарайды. Бұл қаражаттың қай бағытқа бет алатынын алдын ала анықтау мүмкін емес. Дегенмен жартыжылдықтар ауысатын кезеңде капитал қозғалысы дәстүрлі түрде күшейеді.
Екінші фактор — акцияларды кері сатып алу. Есептілік жарияланар алдында көптеген компания өз акцияларымен операцияларды уақытша шектейді. Нәтижелер жарияланғаннан кейін олар buyback бағдарламаларын қайта жалғастырып, нарыққа корпоративтік сұраныстың бір бөлігін қайтарады.
Үшінші фактор — корпоративтік есептіліктің өзі. Инвесторларға өткен тоқсанның көрсеткіштері ғана емес, компания басшылығының жыл соңына дейінгі болжамдары да маңызды.
2026 жылдың екінші тоқсаны бойынша есептілік маусымы басталар алдында сарапшылар әдеттегі жағдайға қарамастан S&P 500 компанияларының пайдасына қатысты болжамдарын көтерді. 31 наурыз бен 30 маусым аралығында бір акцияға шаққандағы пайда болжамы 3,4 пайызға өсті. 10 шілдедегі жағдай бойынша индекс компаниялары пайдасының жылдық өсімі 23,6 пайыз болады деп күтілген.
Нарық қозғалысын автоматтандырылған стратегиялар да күшейте алады. Құбылмалылық төмендеген кезде кейбір алгоритмдік қорлар акцияларға салымын арттырады. Ал баға ауытқуы күрт өскенде, сол стратегиялар тәуекелді азайта бастайды.
Осылайша, шілдедегі тыныштық өсімді қолдауы мүмкін, ал тамыздағы күтпеген күйзеліс сатылымды жеделдете алады.

2026 жылы маусымдық сценарийді не бұзуы мүмкін?
Нарық үшін тарихи кестелерден гөрі ФРЖ саясаты, инфляция және компаниялардың табысы әлдеқайда маңызды.
2022 жыл — соның айқын мысалы. Сол кезде шілдедегі күшті ралли ФРЖ төрағасының Джексон-Хоулдағы қатаң мәлімдемесінен кейін тамыз бен қыркүйекте толығымен жойылды.
2026 жылдың жазындағы жағдай біркелкі емес. Нарық есептілік маусымына жоғары үмітпен кіріп отыр. Сонымен қатар инфляция мен пайыздық мөлшерлемелерге қатысты белгісіздік сақталуда. Сондықтан S&P 500 индексінің шілдедегі орташа нәтижені қайталауы емес, компаниялардың инвесторлар күткен оптимистік болжамдарды растай алуы маңызды.
Тағы бір тәуекел көзі — АҚШ-тағы аралық сайлау. Мұндай жылдары америкалық нарық тарихи тұрғыдан жыл ішіндегі тереңірек құлдырауларды бастан кешірген. Саяси белгісіздік денсаулық сақтау, энергетика, қаржы, қорғаныс өнеркәсібі, инфрақұрылым және технология секторларына ерекше әсер етеді.
Сайлаудан кейін құбылмалылық көбіне төмендеген. Бірақ тарихи мысалдардың саны аз болғандықтан, бұл сценарийге кепілдік ретінде қарауға болмайды.

Инвестор нені бақылауы керек?
Шілдеде компаниялар басшылығының болжамдарына және нарықтағы өсімнің қаншалықты кең таралғанына назар аудару маңызды. Егер индекспен бірге оның құрамындағы акциялардың басым бөлігі өссе, мұндай қозғалыс бірнеше технологиялық алпауытқа ғана сүйенген раллиге қарағанда тұрақтырақ саналады.
Тамызда инвесторлардың назары инфляцияға, еңбек нарығына, ФРЖ өкілдерінің мәлімдемелеріне және VIX құбылмалылық индексіне ауысады. Егер VIX бойынша жақын мерзімді фьючерстер алыс мерзімді келісімшарттардан қымбаттаса, бұл нарықтағы қысқамерзімді күйзелісті білдіреді.
Қыркүйекте ФРЖ отырысына тоқсандық қайта теңгерімдеу және кезекті есептілік маусымы алдындағы акцияларды кері сатып алу шектеулері қосылады.
Қазақстандық инвесторлар үшін валюта бағамын да ескеру қажет. Америкалық акциялардың доллармен есептелген кірістілігі мен теңгемен алынатын түпкі нәтиже айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін. Сондықтан индекстің маусымдық өсуі ұлттық валютадағы дәл сондай табысқа кепілдік бермейді.
«Маусымдылық — шілдеде сатып алып, қыркүйекте сату керек деген белгі емес. Ол компаниялар табысын, мөлшерлемелерді, өтімділікті және инвесторлардың позициясын талдауға қосылатын түзету ғана. Оның құндылығы келесі қозғалысты болжауда емес, нарықтың қай кезде күтпеген жағдайларға ерекше сезімтал болатынын түсінуде», — деп қорытындылады Тұрал Әлиев.
Тарихи статистика шілденің пайдасына сөйлейді. Бірақ күнтізбе нарықтың ертең қай бағытқа қозғалатынын емес, оның қай кезеңде осал бола түсетінін ғана көрсете алады.
АҚШ акциялар нарығы S&P 500 индексі қор нарығының маусымдылығы нарық болжамы 2026 жазғы инвестициялар АҚШ-тағы аралық сайлау америкалық компаниялар есебі Freedom Finance Global Freedom Holding Corp.
Источник: dknews.kz






