үй Қазақстан жаңалықтары Экономика Мемлекет КОЛЛЕКТОР боламын деп шешті. Құлыбаев НЕГЕ 28 миллиард теңгені мемлекетке санап...

Мемлекет КОЛЛЕКТОР боламын деп шешті. Құлыбаев НЕГЕ 28 миллиард теңгені мемлекетке санап берді?

12
0


                Мемлекет КОЛЛЕКТОР боламын деп шешті. Құлыбаев НЕГЕ 28 миллиард теңгені мемлекетке санап берді?

Фото: NEGE

Банк иеленіп отырған, оған мемлекеттен көмек алған олигархтар қара тізімге ілікті. Енді жаңа заң бойынша, егер олар дивиденд алғысы келсе, мемлекетке қайтарған ақшасы ортақ қарыздың кем дегенде 10 пайызынан кем болмауы тиіс.

Тимур Құлыбаев 2022 жылдың қортындысы бойынша «Халық Банктен» 192 миллиард теңге дивиденд алғысы келген. Оны іске асыру үшін мемлекетке кезінде «Казком» алған 250 миллиард теңге көмектің 28,4 миллиард теңгесін қайтарды.

«Халық банкі» дивидендтік саясатқа сәйкес жыл сайын өз акциялары бойынша дивидендтер төлейді. Биыл Банк акционерлері 2022 жылға бір жай акцияға 25,38 теңге көлемінде дивиденд алады. Заңнаманың өзгеруіне байланысты, егер Банк дивидендтер төлейтін болса, онда мемлекеттік көмектің Банк капиталында алатын үлесі де мерзімінен бұрын қайтарылуы тиіс», – деп жазды «Халық Банкінің» баспасөз-қызметі.

Негізі, 2022 жылы «Халық Банкі» тобы 553,7 миллиард теңге таза кіріс тапты. Бұл топтың негізгі қожайындары – Тимур мен Динара ҚҰЛЫБАЕВТАР. 2022 жылдың аяғына таман олар қаржылық топтың 69,7 пайызына «Алмэкс» холдингі арқылы иелік етіп отырған болатын.

  • Жаңарған РЕКОРД. Халық банкінің табысы НЕГЕ Құлыбаевтарға жақсы пайда әкелмек?

Егер таза пайданың барлығын акционерлерге дивиденд ретінде беру бойынша шешім қабылданса, Тимур мен Динара «Халық банкінен» 386 миллиард теңге алуы тиіс еді. Бірақ олар кірістің жартысын банктің дамуына жұмсауға шешім қабылдады. Өздері 192 миллиард теңге алмақ. Осы ақша өздеріне тиюі үшін, заңды орындап, мемлекетке 28,4 миллиард теңге қайтарып отыр. Енді «Халық Банкінің» мемлекетке 220 миллиард теңгені қарызы қалды.

Коллаж: NEGE

Проблемалық кредиттер қорының депозит түріндегі 250 миллиард теңгелік мемлекеттік көмегін «Халық Банк» емес, 2015 жылы «Казком» алған. Бірақ артынан «Халық Банк» «Казкомды» 2 теңгеге сатып алды. Сондықтан мемлекет алдындағы қарыз автоматты түрде «Халық Банкке» ауысты.

  • «Құлыбаевтың құбырынан» аққан миллиардтар қайда құйылып жатыр?

Тимур Құлыбаев дивиденд алу үшін мемлекетке қарыздың бір бөлігін қайтаруға мәжбүр болса, ForteBank қожайыны, олигарх Болат ӨТЕМҰРАТОВ өз банкінен 40 миллиард теңге дивидендті ойнап жүріп алады және мемлекетке ештеңе бермейді. Себебі, оның Самұрық-Қазынадан алған ақшасы заң бойынша мемлекеттік көмек деп саналмаған.

Коллаж: NEGE

2014 жылы «Альянс Банктің» жағдайы қиындап, мемлекет 220 миллиард теңге беріп, банкті құтқарып қалған болатын. Артынан мемлекет құтқарған банкті Болат Өтемұратов алып, «Темірбанк» екеуін біріктіріп, Forte деген банк құрды. Ал 2018 жылдың күзінде ForteBank купондық мөлшерлемесі жылдық 4% және өтеу мерзімі 2024 жылға дейін созылған депозитке айырбас ретінде 220 миллиард теңгеге облигациялар шығарды. Бұл бағалы қағаздарды «Самұрық-Қазына» қоры сатып алды.

  • ForteBank оған 82,6 миллиард теңге төлеп бермек. Өтемұратовқа НЕГЕ ешкім кедергі бола алмады?

ForteBank 2022 жылы 98 миллиард пайда тапты. Банктің 84,32% Өтемұратовтың қолында. Егер пайданың бәрін дивиденд қылып алатын болса, Өтемұратовтың 82,6 миллиард теңгеге кенелуіне мүмкіндік бар еді. Бірақ ол пайданың тең жартысын банкте қалдырып, қалған жартысын ғана өзінің шетелдегі есепшотына аударатын болып шешті.

Мемлекет олигархтарға берген қарызын сыпырып қайтарып алуға кәдімгідей оқталып отырған сыңайлы. Сондықтан, кезінде бюджеттен көмек алған Бақтияр БАЙСЕЙІТОВ, Эльдар СӘРСЕНОВ сынды ауқатты адамдар да өз банктерінен дивиденд ала алмай отыр.

#кулибаев #утемуратов #сарсенов #байсеитов

Источник: nege.kz