үй Қазақстан жаңалықтары Экономика Премьер-Министр базалық мөлшерлеменің көтерілуі жөнінде пікір білдірді

Премьер-Министр базалық мөлшерлеменің көтерілуі жөнінде пікір білдірді

44
0


                Премьер-Министр базалық мөлшерлеменің көтерілуі жөнінде пікір білдірді

Фото: 24.kz

Базалық мөлшерлеменің өсуі көптеген қаржы өнімдерінің бағасына әсер етеді, ал теңгедегі активтер құнының өсуі халықтың жинақ белсенділігін ынталандырады. Бұл пікірді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана, NEGE. «Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандыруға бағытталған ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыруда. Ұлттық банк мәліметінше, базалық мөлшерлеменің өсуі көптеген қаржы өнімдерінің бағасына әсер етеді, ал теңгедегі активтер құнының өсуі халықтың жинақ белсенділігін ынталандырады, тұтынудан сақтауға қарай назар аударады. Бұл шаралар экономикадағы инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған. Алдын ала нәтижелер экономикадағы жинақ, инвестициялық және тұтыну белсенділігінің динамикасы бойынша бақыланады», — деп жазды Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, ақша-несие саясаты шараларының нәтижесін көру үшін біраз уақыт қажет.

«Сондай-ақ базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдау кезінде Ұлттық Банк енгізетін құралдардың экономикаға, қаржылық тұрақтылыққа, жеке және мемлекеттік сектор үшін қарыз алу құнына әсері қаралады. Бұдан бөлек, Үкімет инфляциялық қысымды бейтараптандыру үшін 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шараларды жүргізіп келеді», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Бұл шаралар шеңберінде ішкі нарықтағы отандық тауарлар үлесін ұлғайту жұмыстары жүруде, тауарларды сақтау және тасымалдау, бөлшек сауданы қолдау, сондай-ақ монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу ерекше бақылауға алынған.

«Сауда инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% үстемеақыны сақтау шаралары қабылданды. Бұл жұмыстар теңдестірілген және бағаны тұрақтандыруға бағытталған», — деп толықтырды Ә. Смайылов.

Айта кетейік, желтоқсан айының басында ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлеменің 16,75%-ға дейін көтерілгенін хабарлады. Бұл шешім болжамдар мен нақты деректер талдауына негізделген. Оған геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен салдары, әлемде азық-түліктің қымбаттауы секілді сыртқы орта факторлары ықпал еткен.

Источник: nege.kz