Фото: Nege.kz
«Elge qaitaru» қоғамдық қоры енді ғана ұйқысынан оянып, ел басшылығынан ERG-ге қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр. ERG корпорациясының Қазақстандағы активтерін аяусыз сорып, қарызға кіргізіп жатқанын NEGE бір жылдан бері жазып келеді.
«Elge qaitaru» белсенділері баспасөз мәслихатында «ERG шетелдік банктерге 2 миллиард доллардан астам қарыз» деп мәлімдегені туралы, әріптестеріміз Orda.kz жазады. Олардың айтуынша, қарыздың негізгі бөлігі «Қазхром» компаниясына тиесілі.
«Қазхром» АҚ. Фото: inbusiness.kz
«Elge qaitaru» белсендісі, бұрынғы қаржы вице-министрі Оразалы Ержанов ERG корпорациясының Қазақстанның өнеркәсіп саласының флагмандарын былайша айтқанда, су тегінге алғанын хабарлады.
«Elge qaitaru» қоғамдық қорының мүшелері Оразалы Ержанов пен Ескендір Бейсембетов баспасөз мәслихатында. Фото: Orda.kz
Олардың ішінде «Қазхром», Қазақстан алюминийі, Жәйрем кен-байыту комбинаты, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, Ақтөбе, Ақсу және Павлодар электр станциялары, сондай-ақ Екібастұз бассейнінің Шығыс көмір кеніші бар. Енді қоғамдық қор Машкевич бастаған олигархтардың (Еуразиялық үштік) мемлекеттік акциялардың бастапқы 80%-ы үшін бюджетіне қанша төлегенін анықтау үшін, уәкілетті органдарға хат жоддамақ.
«2007 жылдың желтоқсанында компания өз акцияларын Лондон қор биржасында орналастырды. IPO кезінде ENRC-тің нарықтық құны $13,6 млрд болған, ал мемлекеттің үлесі 20%-ға дейін төмендеді. Қарапайым арифметика бұл кәсіпорындардың акцияларын сатудан республика бюджетіне 10 миллиард доллар түсуі керек екенін көрсетеді, алайда бұл соманың түскеніне күмән бар», – деді Оразалы Ержанов.
ERG тарапынан Қазақстанның мемлекеттік мүддесіне тікелей қайшы келетін қитұрқы әрекеттердің жасала бастағанына NEGE талайдан бері жазып келеді. Павлодардағы «Қазақстан электролиз зауытынан» (ҚЭЗ) Швейцариядағы ERG SALES AG компаниясына ақша шығару оқиғалары туралы төмендегі зерттеу мақалада кеңінен тоқталғанбыз.
- Мемлекет ақшасына зауыт салып, оны мемлекетке кепілге қойып, ал дивидендтерді өзіне алып алу. НЕГЕ Машкевичтің қолынан бәрі келеді?
Кезінде олигарх А.Машкевич бастаған Еуразиялық үштік билейтін ERG корпорациясы «Қазақстан электролиз зауыты» (ҚЭЗ) құрылысына мемлекеттен, дәлірек айтсақ, «Қазақстанның даму банкінен» 15 жыл мерзімге 400 миллион доллар арзан несие алған. Оның кепілзаты ретінде ERG мемлекетке ҚЭЗ-дің 51% акциясын (3 349 961 жай акция) кепілге қойды. Бұл үшін ҚЭЗ жыл сайын Машкевичтерге несиенің жалпы сомасының 0,75% сыйақысын төлеп келген.
«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ. Фото: inbusiness.kz
Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бұл төлемдерді өткен жылы 2019 жылғы 1 шілдеден 2020 жылғы 30 қарашаға дейінгі кезеңге салықтық тексеру барысында анықтаған. Салық органдары мұндай схеманың көмегімен акцияларының 51 пайызы мемлекетте кепілдікте жатса да, ҚЭЗ өзінің Швейцариядағы иелеріне дивиденд төлеп, онымен бірге корпоративті салықтан үнемдеп, жалтарып отыр деп есептейді.
- Машкевич бізге әдемі «мат» қойды. ERG Қазақстандағы кәсіпорындарын НЕГЕ кредитке тығып тастады?
Одан бөлек, ERG өзінің Қазақстандағы кәсіпорындары – «Қазхром» мен «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігіне» ВТБ банкінен кредит рәсімдеген. Артынша бірден сол қаржыны кредит түрінде Люксембургтағы бас кеңселеріне аудартып алған. ВТБ акцияларының 92 пайызын Ресей үкіметі қадағалайтынын ескерсек, қазіргі таңда біздің стратегиялық қазба байлықтарымыз кепіл ретінде Кремльдің қолында тұр. Осылайша, олигарх Қазақстан үкіметін «косякқа» тығып кетті.
«Соколов-Сарыбай» кен-байыту комбинаты. Фото: erg.kz
2021 жылы алдын-ала жасалған кредиттік келісім бойынша «Қазхром» акционерлік қоғамы ВТБ Банкінен 250 миллион доллар алған. Оған дейін, тағы 100 миллион доллар қарызға кірген. Бір қызығы, сол ақшаны алғаннан кейін, «Қазхром» өзінің акционеріне, яғни Люксембургтағы «ERG» корпорациясына 98 миллион доллар кредит берген. Ал оның алдында 2025 жылға дейінгі мерзімге 227 миллион доллар аударған.
Бұдан басқа, «Қаңтар оқиғасынан» кейін «Қазхром» АҚ өзінің барлық кредиттеріне ВТБ-дан 2 жылға шегерім сұратып алған.
Демек, қазір «Қазхром» кредит те, ештеңе де төлемей, ақшаның барлығын Люксембургтегі Машкевичтерге аударып жатыр. Былтырғы таза пайдасы – 439 миллиард теңге де сол акционерлерге кетті. Ал екі жылдан кейін ақшаның барлығын сорып алған олигархтар Қазақстандағы қарызға белшеден батырып тастаған кәсіпорындарын мемлекетке өткізе салып, «гудбай!» деуі әбден мүмкін екенін жеріне жеткізіп жазғанбыз. Әзірге құзырлы органдар үнсіз. Қазақстан үкіметінің мүддесін қорғайды деген вице-премьерлер Е.Жамаубаев пен С.Жұманғарин де жұмған ауыздарын ашпай отыр.
- Қазақстанды желдетіп кетті. Машкевич НЕГЕ уақыт созу үшін түрлі жобалар ойлап таба бастады?
Бір қызығы, Қазақстан билігі ERG корпорациясының ең ірі акционері бола тұра, қалған акционерлер – Еуразия үштігіне кіретін олигархтар шешіміне ештеңе айта алмай отыр. Айтатын нәрсе көп еді – мысалы, Қазақстандағы кәсіпорындарға құрылғылар бойынша негізгі инвестициялар салынып жатқан жоқ, тек қолда бар нәрсемен барлық сөлін сығып алу, барынша қарызға тығып кету саясаты жүруде. Қазақстаннан тапқан каржыны Люксембургке шығарып отырған ERG оны Африка елдеріндегі өндірістеріне инвестициялап жатыр. Бұл олардың Қазақстаннан варварлық жолмен кетіп қалудың жасырын жоспары бар екенін аңғартады. Кейін тіпті, Стати сияқты соттасып, Ұлттық қордан ақшаны өндіріп алуы да ғажап емес.
Стати демекші, оның ісіне қатысты біздің ERG-ден алатын дивидендтеріміз түгел бұғатталған. Сондықтан, ERG-ден бюджет дивидендтік пайда көріп отырған жоқ…
#erg #машкевич #казхром
Источник: nege.kz